Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 25 Ақпан, 2010

Өнер өлкесінде Берікбол ҚОСЕТОВ, суретші: Әжелеріміздің түс таңдаудағы талғамы қайран қалдырады

dscf7049Сөйлеткен жансыз затты өнер иесі,

Есітіп таң қалады көрген кісі.

Білмейді қалай етіп түсінерін,

Айтпаса түсіндіріп білген кісі, – деп Шәңгерей ақын жырлағандай, өнер атаулының тылсым сырын кез келген пенденің түсіне бермесі хақ. Әлдекім бізге құдіретті өнердің күшін жалпақ тілмен жеткізіп берсе, таңдай қағып, қайран қалып жатамыз. Бәлкім, өнердің кез келгеннің уысына түсе бермейтін қасиеттілігі де сонда шығар. Осындай өнерді өміріне азық еткен азамат, «Сымбат» бизнес және сән академиясындағы сурет және сыршырай кафедрасының аға оқытушысы Берікбол Рамазанұлымен әңгіме-дүкен құрған едік.

Берікбол аға, жоқтан бар пайда болмайды. Бір мезгілде сурет салумен де, қолөнермен де шұғылданасыз. Арғы бабаларыңызда қолөнермен айналысқан кісілер болып па еді?

Өнер қанымызда бар болуы керек. Арғы атам Қосет ұста еді. Металмен де, терімен де, ағашпен де жұмыс жасай берген екен. Ер-тоқым, пышақ секілді тұрмысқа қажетті заттарды өз қолымен өндіретін болған. Естуімше, әшекей бұйымдарымен де жұмыс істеген.

dscf70612Кішкентай баламын. Атам етік тіккенде қасынан шықпайды екенмін. Маған ол өте қызып болып көрінгенге ұқсайды. Атамның қолындағы құрал-сайманға жармасып, жағаласып жүреді екенмін. 5-6 жасымда қағаз бетіне батырлардың сутетін салатынмын. Өнер атамнан берілген шығар. Мен қазір металмен де, ағашпен де, терімен де әртүрлі жұмыстар жасаймын. Етік тіккен де кезім болды. Бір-екі жыл қатарынан оқуға түсе алмай әскерге кеттім. Әскерден келген соң көркем өнерге шындап кірістім. Суретшілер шеберханасында біршама уақыт тәжірбие жинадым. Суреттен әжептәуір хабарым бола бастады. Оқуға түскендердің ішінде қаланың балалары ауыл балаларынан теория жағынан деңгейі жоғарырақ болды. Кейін ауылдан келгендер оларды шығармашалық бәсекеде басып озды. Өйткені, ауыл балалары табиғатпен етене жақын өседі. Ауылдағы жастың ойы терең болып келеді. Қалада қанша жыл өмір сүрсек те, ауылды аңсап тұрамыз.

Жазған суреттеріңіздің негізі пейзаждан тұрады. Мұның бәрі ауылды аңсаудан туған туындылар ма?

Әрине. Адам қанша өзгерсе де, табиғат сол қалпында сақталады. Соңғы жылдары экологиялық мәселелер де жиі бой көтеріп жүр. Сол алаңдатады. Анда-санда Алакөлге барып демаламыз. Таза-ауа, табиғатқа тоймайсың. Әр жердің табиғаты әртүрлі. Таулары да сонай.

Қолөнердің қазақ даласындағы көрінісі туралы қысқаша айтып берсеңіз...

Кезінде кез келген ауылда ұсталар мен шеберлер болған. Ол заманда ұсталық өнер қажеттіліктен туындады. Қаншама бұйымдар жасалып жатса да, олар ешқашан бір-біріне ұқсамаған-тұғын. dscf70622Зергерлік бұйымдардың көркемдігі көздің жауын алса, өнделген ағаш заттардың сипаты айрықша болған. Қарапайым келі-келсаптың өзін қара ағашты алып кептіріп, әбден иің қандырып барып жасайды. Ол уақытта ақпарат атадан балаға жазбаша емес, ауызша жетіп отырады. Және де бала әке жұмысын өз көзімен көріп үйренеді. Киіз басудың өзі бір мейрам секілді. Таңертеңнен әжелеріміз жүнді әндетіп отырып сабайтын. Ондай түскиіздерді қазір тек мұражайдан ғана көреміз. Құрақ көрпе тігу барысндағы апа-әжелеріміздің түс таңдаудағы талғамы мені қайран қалдырады. Түстер сондай үйлесімді ретпен орыналасады. Қазір апам «немере қызымның жасауына» деп құрақ көрпе тігіп жүр... Ол кісінің қолынан киім тігу де келеді.

Отбасыңыз туралы бір-екі ауыз сөз...

Құдай қосқан жарымның аты – Шағангүл. Екеуміз үш бала тәрбиелеп өсірдік. Үлкен ұлым Мұрат қазір қызмет істейді. Қызымыз Аяулым медицина саласында оқып жүр. Кенже ұлымыз Асхаттан да үлкен үміт күтеміз.

Әңгімелескен Гүлфайруз МЫҚТЫБЕКОВА

1838 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз