Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 26 Ақпан, 2010

Бала - байлық Шаттыққа толы «Балдәурен»

d0b3d183d0bbd18cd0b6d0b0d0bcd0b0d0bb1Шалғайдағы үлкен ауылдың әрі мен сәнінің кезінде көзден де, көңілден де ғайып болғанына қабырғасы қайыспаған адам жоқ шығар. Кеңестік кезеңнің кесірінен болған жан төзбейтін жағдайға қолдан келер шара да болмады. Халық игілігіне айналған дүниелердің алқа-салқасы шыққанын, кейбір әлеуметтік-тұрмыстық ұйымдар мен мекемелер орындарының жылан жалағандай жоғалып кеткенін қалай ұмытайық. Оның бәрі көрген түс сияқты болып қалды.

Егемендік еркіндігіміз келгелі ауылды көтеру мәселесі күн тәртібіне өткір қойылып, кетеуі толмас кемістіктерді қайтадан қолға алу жұмыстары шетінен қайтадан жандана бастады. Мәдениет орындарының, балабақшаларының, спорт кешендеріның, кітапханалардың, мұражайлардың елдің еншісіне тие бастауы қуанарлық жай. Осы қарқынымен жүре берсе аулдың ажары да айшықтала түседі. Бұған біздің ауылды аралап көрген кезде анық көзіміз жете түсті.

Райымбек ауданына қарасты, Нарынқол ауылындағы, Ораз Жандосов атындағы орта мектепте болған кезімізде мектеп жасына жетпеген кішкентай бүлдіршіндердің құтты мекендерін осы жерден тапқандарына куә болып, кәдімгідей бір жасап қалдық. Балабақша жағынан барар жерлері, басар таулары болмаған балдырғандар күміс күлкілері бұзылмаған қалпы мәз-мәйрам. Балабақша орнына ашылған «Балдәурен» шағын орталығының жұмыс істей бастағанына екі жылдан асып барады екен. Ауқымы кең орын балақайларға өте қолайлы болып жасақталыпты. Қажетті жағдайлардың бәрі жасалыпты. Мұнда балақайлар балалық қылықтарымен баурап алатындай әрекеттерімен алаңсыз айналысуда. Бізді жылы шыраймен қарсы алған осы шағын орталықтың аға тәрбиешісі, балаларға бағбан болғандығынан 15 жылдық тәжірибесі бар Гүлжамал Қарабалина ағынан жарыла өз ойын ортаға салып жатыр.

- Ауылымызда балабақша жоқ еді. Балалар үйлерінде ата-аналарының қолдарын байлап отырған болатын. Мұның да екі жылдан астам уақыттан бері мүмкіндігі табылды. Мектеп ішінен ашылған «Балдәурен» шағын орталығында қазір екі топқа бөлінген 50 бала бала тәрбиеленіп жатыр. Бұл да болса балалар үшін жасалып жатқан қанатты қамқорлық екені сөзсіз. Біз солардың көңілінен шығу үшін аянып жатқан жоқпыз. Жақсы жағдайға олардың ата-аналары да, сырттан келген адамдар да дән риза,- дейді Гүлжамал.

Бұрын аудан орталығы болған мұндай ауылдардың өзінде балабақша атаулы жоқ болып отырғанын баспасөз бен телеарналар арқылы жақсы білеміз. Қайта Нарынқолдағы 50 бүлдіршінді тәрбиелеуді қамтамасыз етіп отырған «Балдәурен» шағын орталығының жоқтан бар жасап жатқан тірліктері қуантпай қоймайды. Мұның өзі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы халыққа жолдаған «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында 2020 жылға қарай қалалық, сол секілді ауылдық жерлердегі барлық балалар мектеп жасына дейінгі тәрбие беру және оқытумен қамтылатынын және жеке меншік отбасылық балабақшалар мен шағын орталықтарды мемлекеттік мекемелерге балама етіп ашу керек міндетін ерекше тапсырма етіп қойған болатын.

Сонымен қатар Үкіметке әкімдермен бірлесіп үстіміздегі жылдың бірінші жартысынан-ақ балаларды мектеп жасына дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтамасыз етуді арттыруға бағытталған «Балапан» арнайы бағдарламасын әзірлеп, іске асыруды кірісуге талап етуі алдағы уақытта балауса балғындар өміріне көптеген өзгерістер әкеледі. Оған күмән жоқ.

Тілімізге тиек етіп отырған шағын орталықтың жұмысы Елбасы Жолдауына сайма-сай келетіні ешқандай түсінікті қажет етпейді. Сонымен қатар ауыл әкімі Жантелі Мұқи бұрынғы екі қабатты «Қарлығаш» балалар бақшасын биылғы жылдан қалдырмай бүлдіршіндерге алып бергенінен хабардар етті. Ал, Райымбек ауданының әкімі Аян Айтжановтың осы балабақшаны жөндеуден өткізуге байланысты көп көлемде ақша қаражатының бөлінгенінен халықты құлағдар етуі де қандай үлкен қуаныш десеңізші.. Бұл жұмыстың жылдың аяғына дейін толық тиянақ табатынына халықтың сенімі мығым.

Аға тәрбиеші Гүлжамал Қарабалинамен әңгімелесіп тұрғанымызда, жанымызға төрт немересін жетегіне алған зейнеткер ұстаз Бүбіш Мұқатаева келіп қалды. Оның өзі ауылдың бір шетінде тұрады екен. Жолдың алыстығына қарамай бір шеттегі осы орталыққа немерелерін орналастырыпты. Олардың осында келгелі тәрбие тағлымына бөленіп, өмірге деген саналы көзқарастарының қалыптаса бастағанын ерекше ризашылық ықыласпен әңгімеледі. Бүбіш апайымыздың айтысына қарағанда, өзінен басқа көптеген ата-аналар балалары мен немерелерін осында жайғастырыпты. Қолдары да босап қалыпты. Жыл аяғына дейін «Қарлығаш» балабақшасы жұмыс істей бастаса, қаншама бала қуанышқа кенеліп, қаншама ата-ана алғыстарын жаудырады.

«Балдәурен» шағын орталық балабақшасының ұжымы мен ата-аналардың осы орталыққа басшылық жасап отырған аға тәрбиеші Гүлжамал Қарабалинаға деген ыстық ықыластары бөлекше екен. Адам баласымен ашық қабақпен, жылы жүзді мейірімімен араласып жүргенді жаны қалайтын ол, былдырлаған кішкентайлардың да тілін оңай тауып алады. 15 жыл бойы қалалық жердегі балабақшада тәрбиешіліктен мол тәжірибе жинақтаған Гүлжамалдың мұнда да білгірлігі мен шеберлігі көрініп-ақ тұр. Сондықтан да болар оған деген көрсетіліп жатқан құрмет те бөлекше. Балалардың бағбаны атанған Гүлжаман оған масаттанып жүрген жоқ. Қайта жастық жігерімен талмас табандылық танытып, ізденіс жолында жүргенін байқатады. Аталған мектептің директоры Нұргүл Исенбаеваның Гүлжамал Қарабалинаның атына айтқан жылы лебіздері де баланың қамы үшін барын салып жүрген жалынды жасқа деген әділ бағасы болса керек.

Шындығында да халық сыйлаған адамның қадірі бөлек қой. Гүлжамал болса өз ұжымындағы тәрбиешілері Жадыра Өмірбекова, Назерке Рысбекова, Галина Әшімова, көмекші тәрбиешілері Қаламқас Мұсаева, Майгүл Нұрдинова, аспаздары Салтанат Шәкірова, Шолпан Әбдіманапова, кір жуушылары Гүлзия Желеуова, Гүлжамал Мүлкібаевалардың есімдерін ерекше құрметпен ауызға алып, олардың атқарып жатқан жұмыстарының ауқымды екенін айтты. Аталған адамдардың қолдарынан келгенше балалардың бабын тауп жатқандары қуантады. Шағын орталықтағы балалардың шаттығы қашан болсын көңіліңізге көрікті шуақ ұялатады.

Қанат ТӘКЕБАЕВ,

Райымбек ауданы, Нарынқол ауылы.

1582 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз