Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 25 Наурыз, 2016

Қасиетті қарашаңырақ М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына 90 жыл

Ұлттық рухани іргетасымыздың берік бекініп, адамгершілік-имандылық ұстанымдардың қалыптасуына М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының қосқан үлесі зор. Небір өтпелі кезеңдерді басынан кешіріп, сонда да өзіндік ұстанымы – ұлттық болмысымызды сақтап қалуды мұрат тұтқан қара шаңырақ биыл 90 жылдығын атап өткелі отыр. Мерейлі мерейтой қарсаңында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, сахнада жанрлық шешімі мен көтерген мәселелесі сан алуан елуден аса спектакль қойған театрдың қоюшы-режиссері Әубәкір РАХИМОВПЕН жүздесіп, өнер ордасының тарихы мен бүгінгі тынысы хақында әңгіме өрбітудің сәті түсті.

– Әңгімемізді қарашаңырақтың тарихынан бастасақ... – Қазақ жеріне театр өнерінің келгеніне 100 жылдан асты. 1917 жылы «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылды. 1915 жылы жұртшылық Семейде «Біржан-Сараны» тамашалады. Театрымыздың құрылуына Үкіметтің 1925 жылы шыққан қаулысы мұрындық болды. 1925 жылы театр басшылығы тағайындалды. Өте білімді, талантты азамат Дінмұхаммед Әділов (Дінше) театрдың алғашқы директоры болды. Жұмат Шанин көркемдік жетекшілігіне бекітілді. Ел ішінде өнерімен танылған Қалибек Қуанышбаев, Серәлі Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Құрманбек Жандарбеков, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, әнші Майра және т.б. өнерпаздар театрға шақырылды. Қазақтың тұңғыш кәсіби театрының – М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының шымылдығы 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда қаласында ашылды. Алғашқы қойылымдары Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы мен М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінді болды. Театрдың алғашқы спектакльдерінің барлығы халқымыздың тұрмыс-салтына негізделді. Өйткені дайын драматургия жоқ еді. Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Жүсіпбек Аймауытовтар бастап, барлығы пьеса жазып, сахнаға қоя бастады. 1928 жылы театр республиканың жаңа астанасы Алматыға қоныс аударып, 1930 жылдар белесінде ұжымға жаңа шығармашылық күш қосылды. Бұл қатарда Қ.Байсейітов, К. Байсейітова, Қ.Бейісов, Ш.Жиенқұлова, М.Ержанов, Ж.Елебеков, Қ.Қармысов, Қ.Әділшінов, Ж.Өгізбаев, Р.Қойшыбаева, Ш.Айманов, С.Майқанова, Г.Сыздықова, т.б. атауға болады. – Ұлттық драматургиямыз қалай қалыптасты? –1961 жылы 10 тамызда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрына ұлы суреткер М.Әуезовтің есімі берілді. 1932-1938 жылдары осы театрда әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеген М.Әуезовтің қарашаңырақтың іргесі бекіп, керегесі кеңеюін­дегі еңбегі теңдессіз. Көркем пьесалары өз алдына, мақалаларында да ұлттық театрдың бағыт-бағдарын айқындауға үлкен үлес қосқан суреткер әлемдік драматургия жауһарларынан ауда­рып, репертуарды байытуда да көп жұмыс жасады. Театрға біртіндеп орыс режиссерлері көптеп шақырылып, артистер кәсіби тұрғыда тәрбие алды. 1930-40 жылдары театрда орыстың М.Насонов, И.Боров, М.Соколовскийлер, ал 1950 жылдары М.Гольдблат, 1960 жылдары А.Мадиевский сынды режиссерлер кәсіби мамандар даярлауда көп еңбек сіңірді. 40-жылдары Асқар Тоқпановтар ГИТИС бітіріп келді. Көп жастар Ленинградта білім алып, театрды көркейтуге өз үлестерін қосты. Сонымен бірге, театрымызда студия ашылды. Уақыт өте келе актерлік мектебіміз де қалыптасты. Театрдың өркендеп-өсуіне әлемдік класси­ка­ның қосқан үлесі зор. Сол кездің өзінде Островский­дің «Найзағайынан» бастап, Шекс­пирдің «Отеллосы», «Асауға тұсау» сынды спек­такльдері актерлердің шеберлігін шыңдай түсті. Жалпы ұлттық драматургияның қалыпта­сып, дамуындағы жетістіктер аз емес. М.Әуезовтің замандастары Қ.Кемеңгеров, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ш.Хұсайынов, Ә.Тәжібаев, Ә.Әбішевтер, олардан кейінгі буын Қ.Мұхамеджанов, Т.Ахтанов, Ә.Тарази, Қ.Ысқақ, С.Жүнісов, О.Бодықов, Е.Домбаев, одан беріректе А.Сүлейменов, О.Бөкей, Б.Мұқайлар, бүгінгі таңда Т.Нұрмағамбетов, Д.Исабеков, Т.Әбдік, С.Балғабаев, Иран-Ғайып, сондай-ақ кейінгі буын драматургтер Е.Аманша, Р.Мұқанова, Е.Жуасбек, Д.Амантай, тағы басқалардың шығармашылық табыстары осы үлкен театр тарихымен тығыз байланысты. – Ұлттық режиссураның қалыптасуы Жұмат Шаниннің кезінен басталды ғой... –Тарихта алғашқы кәсіби режиссер деп Жұмат Шанинді атаймыз. Ал алғашқы кәсіби білімі бар режиссер Асқар Тоқпанов болды. Ұлттық режиссурамыздың қалыптасуына орыс режиссерлерінің әсері мол болды. Олар актерлерді шеберлігін шыңдап қана қоймай, режиссураға да араластырды. Шәкен Аймановтар солардың тұсында тәрбиеленді. Режиссерлік мектеп Асқар Тоқпановтың тікелей араласуы­мен Алматыдағы консерваторияда ашылды. Оны бітірген Есмұхан Обаев, Қадыр Жетпісбаев, Бектұр Пұсырмановтар шықты. Ал Мәскеудегі ГИТИС-ті Әзірбайжан Мәмбетовтер бітіріп, театрдың кәсіби өркендеуіне көп үлес қосты. Жылымық жылдар деп аталатын 60-жылдары әдебиет пен өнер де өркендеп, биікке жетті. 60-жылдардан бастап ұлттық режиссураның өркендеу кезеңі басталды. Бұл ретте де М.Әуезов театрының орны ерекше. Өйткені қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері А.Тоқпанов бастаған режиссерлер шоқжұлдызының бұл театрға түгелдей дерлік қатысы бар. А.Тоқпанов, Б.Омаров, Ә.Мәмбетов, Ж.Омаров, Р.Сейтметов, Қ.Жетпісбаев, А.Пашков, В.Пұсырманов, сондай-ақ Е.Обаев, М.Байсер-кеновтердің шеберлік қыр-сырлары да қарашаңырақ –театр сахнасында бекем қалыптасты. –Театр өзінің даму жолында небір зұлмат жылдарды басынан өткергенін білеміз... –Театр тарихында да қиын жылдар болды. Әрине, ел басына түскен қиындықтар театрға да әсер етті. Өнер адамдарының көбі халық жауы болып, ұсталып, айдалып кетті. 1934 жылы ашаршылық туралы ең алғаш өлең жазған Шаһан Мусин. Осы өлеңі үшін ол сотталып кетті. Театрымызға Қошке сынды еңбегі сіңген қаншама қайраткерлер ұсталып, солақай саясаттың құрбаны болды. Соған қарамастан театрымызыға ерекше дарынды жаңа буын келді. Шәкен Айманов, Сәбира Майқанова, Хабиба Елебекова, Бикен Римова бастаған жаңа таланттар келе бастады. Соғыс кезінде Мәскеу, Ленинград театрлары киностудиялары Алматыға көшірілді. Осылайша, осының өзі өнердің дамуына өз үлесін тигізді. Олар театр артистерімен спектакльдер қоя бастады, ұлттық фильмдеріміз де түсірілді. Осының барлығы ұжымның аяғына нық тұрып, шеберлік шыңына жетуіне көмектесті. Соғыстан кейінгі жылдары театрымыз әлемдік деңгейге көтеріле бастады. Бұл режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтың театрға режиссер болып келуімен тікелей байланысты. Ә.Мәмбетовтың «Ана-Жер-Ана», «Қан мен тер», «Қобыландысы», «Менің сүйікті ағатайым», «Ғасырдан ұзақ күн» сынды қойылымдары рес­публика көлемінде ғана емес, Кеңес Одағының деңгейіне шыға бастады. Алғашқы шетелге гастрольдік сапарларымыз басталды. «Қозы Көрпеш – Баян сұлумен» Францияға бардық, басқа да фестивальдерге қатыстық. Осылайша театр әлемді мойындатты. Сонымен бірге Қадыр Жетпісбаев, Александр Утюганов сол кездегі жас Есмұхан Обаев, Тастан Өтебаев, Жақып Омаровтар сынды режиссерлер Әзекеңнің шәкірті бола тұра, спектакльдерді жаңа бір деңгейге көтерді. –Театрдың бүгінгі тынысы қалай? – Театрдың негізгі тұлғасы, әрине, актер. Соңғы маусымдарда театрдың актерлік құрамы талантты жастармен толығып, олар қазірдің өзінде рөлдерді сәтті орындай бастады. Театр актерлері ірі киножобалардың, көптеген телесериалдардың, концерттік жобалардың сәнін кіргізіп, мәнін тереңдетіп жүргені де талассыз. Қазіргі репертуарында ұлттық, шетелдік классикадан және бүгінгі драматургиядан елуден аса қойылым бар. Жалпы, репертуардың 70 пайызы қазіргі заман тақырыбындағы пьесалар. Ай сайын стационарда (үлкен және кіші зал) отыз шақты спектакль ойналады. Мұның сыртында ұжым облыс, аудандарға тақырыптық шағын гастрольдерге шығады. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Ақбота ИСЛӘМБЕК

2029 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз