Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 30 Наурыз, 2016

Тарихи мұрада терең сыр бар

Бүгінгі таңда көне түркі мәдениеті, әсіресе моңғол жеріндегі көне дәуірлердегі қазақ халқының мұрасын зерделеп жүрген жас ғалымдар аз емес. Солардың қатарында Моңғолия Ғылым Академиясының Баян-Өлгий аймағындағы бөлімшесі Қоғамдық-экономикалық зерттеу орталығындағы Тарих-тіл бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымының докторы Өмірбек БИҚҰМАРҰЛЫНЫҢ зерттеулері мен бастамаларын ерекше атап өтуге болады. 2008 жылы Баян-Өлгий әкімшілігінде Биқұмар Камалашұлы атындағы Түркітану ғылыми-зерттеу орталығы ашылған еді. Орталықтың атқарып жатқан жұмыстарымен танысып әрі моңғол жеріндегі ата-бабаларымыздың мұрасы жайлы тереңірек білу үшін Өмірбек Биқұмарұлымен сұхбаттасудың реті келді.

– Алдымен, Түркітану ғылыми-зерттеу орталығы жайлы айта кетсеңіз? – Бұл ұйымды құрудың негізі мақсаты – қазақ халқының көне тарихы, яғни көне түркілерге қатысты Моңғолия аумағындағы көне ескерткіштерді зерттеу болатын. Сонымен бірге осы жерді мекен еткен халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жайлы да материалдарды жинастыруды қолға алып жатырмыз. Бұл әкемнің өмір бойы зерттеген, аяқталмай қалған жұмыстарын ілгері бастырып, қазақтың қажетіне жарайды-ау деген дүниелерін там-тұмдап болса да осы аймақ жұртшылығы ішінен жинастыру. Бұған алдымен қазіргі ғылыми орталықтың директоры Золбаяр Гагааұлы деген азамат көп көмек берді. Жергілікті әкім де қол ұшын беріп, жұмысымызды жолға қоюға мол мүмкіндік жасап отыр. – Моңғолияда, яғни Баян-Өлгий өлкесінде, түркі ата-бабалардың қандай іздері жатыр? – Жалпы моңғол жері адамзаттың көне дәуірлерде мекен еткен жерлерінің бірі екендігін зерттеуші ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Әсіресе Моңғол Алтай тауының бөктері қазақтардың ата-бабалары көне түріктердің, ғұндардың, сақтардың мекені. Бұған өткен ғасырдың 90-жылдарынан кейін жиі жүргізіле бастаған Моңғолияның шетелдермен бірлескен ірі халықаралық археологиялық экспедиция­лары дәлел бола алады. Көне Пазырық қорғанынан табылған сақтардың өміріне байланысты деректер осы ойымыздың айғағы. Сол қорғандардан құс бейнелі, шошақ төбелі тымақтар киген сақ жауынгерлердің тасқа қашалған бейнелері, қару-жарақтары мен сауыт-саймандары, белгілі тәртіппен жерленген мүрделері өзге елді мекендерде де көптеп табылуда. Бұл әсіресе «қобди» деп аталатын тұтас қарағайдың ортасы үңгіп ойылып жасалатын, астаушаға салып жауынгерді киімдерімен бірге, оң иығына құмыралар салып жерлейтін әдет. Көп жағдайларда үш жерден темірмен құрсауланып, кейде бетіне қақпағы жабылып жерден төрт-бес метр тереңдікке жерленеді. Иесімен бірге көшпенді халықтың қанаты болған сүйікті атын да, үзеңгі, шылбыры, ер тоқымы, ауыздық, ат әбзелдерімен бірге қоса жердің қойнауына беретін болған. Біздің ата-бабаларымыз көбінесе мал шаруашылығымен, аңшылықпен, құс аулаушылықпен айналысқан. Олар өздерінің әлемін ұжмақ деп түсінетін болған, Көк Тәңірде тек қана ұжмақ бар деп ұққан. Біздің зерттеулер барысында тек Баян-Өлгий жерінде 3000-нан 6000-ға жуық мықтың үйлер бар екендігін анықтап отырмыз. Баян-Өлгий аумағында 12 сұмын (аудан) бар. Осы жерлерде көне ескерткіш санатына жататын тек жерлеу үрдісіне қатысты осыншама мықтың үйлері табылды. Бұл мықтың үйлерін Хириксур – Қырғыз бейіт деп жүрміз, көне қырғыздардың атына аталғаны болмаса, негізінде қола дәуірінен бері жалғаған ескерткіш мықтың үйлерде ата-бабаларымыз жерленген. Одан кейін пазырықтар дейді, ал пазырықтардан кейін ғұндардан кейінгі жерлеу салты, одан кейін түркілердің жерлеу салты, одан кейін моңғолдар, бертін қазақтар деп жалғаса береді. Біз көбінесе түркі дәуірінен ары қарай зерттей бастадық. Сонда қола дәуіріндегі ескерткіштер, мықтың үйлері, бұғы тастар, кісі тастар, жартас сұлба суреті, тастағы қашалған таңбалар, сын тастар, сына тастарды назарға алдық. – Мұндағы жер-су атауларына байланысты қолданыстағы терминологияда ерекшеліктер, айырмашылықтар бар ма? – Қазақстандық археологтар мен біздің мамандар арасында осы терминдерді қолдануда сәйкес келе бермейтін тұстар баршылық. Мысалы, кісі тастардың: бәдіз, мүсін тас, тас мүсін, аңыр тас сияқты атаулары бар. Бірақ біз кісі тас деп атаймыз. Бұлай атайтын себебіміз өзімізбен бірге арғы тегіміз бір моңғолдар көбінесе бұны «күн чулу»(хүн чулуу) деп атаған. «Күн» дегеніміз «кісі», «чулу» дегеніміз «тас». Сондай-ақ біздің көне түркі тайпаларындағы тыбаларда (тувалықтар М.А.) «кіши таш» деген атау­лар қалыптасқан. Мұны зерттеген кезде қола дәуірінен түркі дәуіріне дейінгі кісі тастар, жалпы ғылыми тілде жүйелеген кезде: түркі дәуірінің кісі тастары, ұйғыр дәуірінің кісі тастары, моңғол дәуірінің кісі тастары деп бөледі. Ал Баян-Өлгий жерінде түркі дәуірі мен ұйғыр дәуірінің кісі тастары көп. Моңғол дәуірінің кісі тастары шығыста, моңғолдар мекен еткен өлкеде болған, қазір де бар. Бұл тек түркі дәуірімен шектелмейтін, соңғы жылғы зерттеуімізге қарай отырып бұл қола дәуірінен бастау алады деген тұжырымға тоқталып отырмыз. Қазіргі жағдайда тек қана Баян-Өлгий жерінде санаққа алынған 210 кісі тастары бар. Бұлардың 20-ға жуығы ұйғыр дәуірінікі, қалғаны көне түркілерге қатысты. Ғылыми тұрғыда терең зерттейтін болсақ, бұлардың бірен-сараны ғана қола дәуіріне тіреліп жатады. Соның сыртында 80-ге жуық бұғы тастар, 150-ге жуық таңбалы тастар, жеріміздің 52 тұсынан әлемдік дәрежедегі ірі және ұсақ тас сұлба суреттері табылған. Атап айтатын болсақ, аймақтың Ұланқұс, Саған сала, Ақ сала, Үш ойғыр деген жерлерде тас сұлба суреттер, Шібеті қайырқын, Билүті, Тасты Көлшейті деген жерлерде көне тарихи жартас суреттері бар. Бұл жартас суреттер көбінесе көне тас дәуірінен, яғни палеолит дәуірінен басталады да көне түркілердің дәуіріне жалғасады. – Осы мұраларды жинақтау, сақтау, зерттеу қай деңгейде? – 2008 жылы жалпы 12 сұмын жерінде зерттеулер жасадық та, соның нәтижесінде 2009 жылы «Баян-Өлгий жеріндегі тарихи көне ескерткіштер» деген жинақ шығардық. Бұл кітапқа бірен-саран мемлекеттік дәрежеде қорғауға алынатын, аймақтық дәрежеде қорғауға алынатын, сұмын дәрежесінде қорғауға алынатын ескерткіштерді көрсеттік. Оның сыртында бізде түркітану ғылымына қатысты деректер мол. Мұның бәрі келешекте жарыққа шығады деген ойдамыз. Жергілікті радио, телеарналарда оны қорғау, насихаттау мақсатында жергілікті бұқаралық ақпарат құралда­рында эфирге де шықтық, 10-ға тарта ғылыми-танымдық мақалалар жарияладық. Бұл жұмыс әлі де жалғасып келеді. – Тоныкөк, Күлтегін түрік ескерт­кіштерінің зерттелу деңгейі қандай? – Қазақ халқының көне тарихының зерттеулеріне сүйенсек, Моңғол үстіртімен байланысты екенін байқау қиын емес. Шыңғыс хан дәуірінен кейін, Орта Азияға барып отырықшы болып қалдық. Әйтпесе нағыз қазақ көшпенді халық болғандықтан, олар сақ дәуірінен бастап Моңғол үстіртінде, Батыс өлкедегі Алтайды мекендеген. Алтайды айналып көшіп жүрген. Қола дәуірінде біздің ата-бабаларымыз осында мекендеген. Оған қатысты тек бергі ғұндар мен сақ дәуіріндегі тарихқа сүйенетін болсақ, тек біздің Баян-Өлгийде Сақсай деген жер бар. Сақсай жерінде қазір өздеріңіз білетін пазырықтар сақтардың мықтың үйлері өте көп қазылып табылып жатыр. Сақсай сөзіне де қазір ғылыми ізденістер жүргізген едік. Кейбір ғалымдар «Сақсай» деген өсімдіктің атауы дейді. Біз оған көп келіспейміз. Өйткені «сақ» дегеніміз біздің ата-бабаларымыздың аты, тайпа атауы. «Сақ өзені» дейді, «сай» дегеніміз «өзен» дегенді білдіреді. Бұл алғаш Әбілғазы Баһадүр шежіресінде «сай» дегеніміз көне түрікте «өзен» дегенді білдіреді делінген. Қазақта «Бай байға құяды, сай сайға құяды» деген мақал да бұған дәлел. Сақтар мен сай өзені яғни, олар өзен суды жер-ана, су-ана деп қастерлегендіктен осындай атауларды қойып отырған. Ал кейін келе ғұндардың тарихын зерттедік. «Ғұн» сөзі көне тілде «күн» дегенді білдіреді. Яғни күнге табынушы тайпалар. Ал енді бертін түрік дәуірінен кейін 400-жылдан кейін моңғол шығыстан күшейіп, қазіргі Ұлан-Батыр тұсына дейін ата-бабаларымыз мекендеген Арғун өзеніне дейін келген. Керейттер, наймандар, меркіттер, ұңғыттар, татарлар бәрі біздің көне тайпалар. Шыңғыс хан дәуірінде батысқа ойысып, қазіргі Қазақстан жеріне барып тұрақтаған. Бұл қазақ тарихына қатысты негізгі мәселелер. Ал енді көне түркілер дегенде бәрі қазаққа қатысты дей алмаймыз. Өйткені олар моңғолдарға сіңген, одан кейін олардан бізге сіңген көптеген тайпалар бар. Әсіресе тыба тайпалары ұранқайлар, дөрбеттер әлгі ұйғыр тайпаларымен бізге жеткен. Бұлардың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тіршілік ету ортасы, тілі бәрі бізге ұқсас. Мысалы, қазір әкемізбен бірлесіп бастаған зерттеуді, ол кісі өмірден өткеннен кейін де жалғастырып жүрмін. Қарап отырсақ, 3000-нан 5000 аралығында көне Алтай тілдеріндегі түбірлес сөздер бар. Мысалы, малды-мал, төлді-төл, күнді-күн, кекілді-көкіл дейтін осындай ұқсастық тіл, салт-дәстүр, әдебиет арқылы күні бүгінге дейін жалғасып келе жатыр. Сондықтан оны түркі қағанатының астындағы жартылай тайпалар деп санаймыз. Соның ішінде негізгі ошағын жалғастырып отырған кім дегенге ғылыми дәлелдейтін мүмкіндіктер туындайды. Сонда көпшілігі қазаққа келіп тіреліп жатады. –Тоныкөк, Күлтегін жазбаларын біздің тілге жақын деп жатады. Сондай жазулар басқа жерлерден табылды ма? – Негізі тек Моңғолия аумағында ұлылы, кішілі Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк ескерткіштері сияқты 100-ге тарта көне түркі бітік жазулары табылған. Бұл Арханғай, Увсы, Қобда, Баян-Өлгий сынды жерлерде бар. Тек біздің Баян-Өлгийдің өзінде 13 жерден осындай көне түрік жазуы табылды. Сонда бұл құбылыстың арғы тегін іздейтін болсақ, ғұндарда жазу болмаған деген ғалымдар деректерінде беріледі. Бірақ тарих сахнасына сақтардан кейін келетін тобаларда жазу болған. Ағаштардың кесінділерін кертіп, әр-түрлі жазу-сызуларды қалдырған. Бәзбір ғалымдардың оны түркі жазуы деп алып жүргеніне өз басым келісе бермеймін. Ол мүмкін сол Сақ, ғұндар дәуіріндегі жазу-сызудың жұрнағы болған шығар. Өйткені тарих дөңгелегі айналып Түрік қағанатына келген кезінде үлкен дәрежеде әртүрлі жүйесі қалыптасқан тасқа қашалатын жазу құрылымы пайда болған. Ал ондай жүйе қалыптасу үшін көптеген уақыттар сүзгісінен өтуі керек, оның өзіндік өр­кендеу тарихы бар. Ғалымдар көбінесе оларды көне түркітердікі деп жатады, ал оған дейінгі жазу-сызудың өркендеу сатысын зерттеуге біз әлі де болса тереңдеп бара алмай жүрміз. Ал кейінгі кезде бұл мәселені көне түрік руникалық жазуын, бітік жазуын зерттеп жүргендер дамытып жатыр. Бұған біз де қосыламыз, өйткені бейне әріптік жазбалар қола дәуірінен бері жалғасуда. Қол таңба, ер таңба, одан бергі арқа таңбалар деп жалғасып жатады. Арқа таңбалар қазіргі ер адамды білдіреді, бітіктегі бейнесі. Оның өркендеу тарихы одан да арыда. –Біз руника, латын, киррилица, төте жазу секілді таңбаларды қолдандық. Қазір солардың қайсысына көшуіміз керек? Руникалық жазудың болашағы бар деп ойлайсыз ба? – Ол заман өркениетіне байланысты. Бірақ менің ойымша, киррилицаны сақтап қалған дұрыс. Төте жазумен оқитын қытай қазақтары күні бүгінге дейін киррилицаны оқи алмай отыр. Меніңше, руникалық жазуларды қандай да бір зерттеулерді дәлелдеу мақсатында қолдану керек. Моңғолдар көне ұйғыр жазуын өздерінің жазуы етіп қолданады. Мұнда диплом алғанда міндетті түрде киррилицада жазылып, екінші бетіне моңғолдың ұйғыр жазуына жазылуын өткен жылдан бері Президенттің Жарлығымен біртіндеп енгізіп жатыр. Ал бізде де Қазақстанда міндетті түрде киррилицада жазып, келесі бетінде міндетті түрде оның көшірмесін ағылшынша емес, руникалық бітік жазуымен жазатын болсақ, ол ұлттық жазуымыздың нышанын білдіріп тұрады. Сонда біздің тік жазуымыз әлемге танылу үшін соны пайдалана бастады. Қазақ әлі жас мемлекет, киррилица әлемдік жазу, оның ұлт екендігін көрсететін көнені қашау керек. Сонда оны әлем таниды. Руникалық алфавиттер дайын. Бірақ оны халыққа ұқтыру үшін көп жұмыстар жасалынуы керек. Көптеген шығармалар, ғылыми зерттеу­лер киррилицада сақталып қалған. Бұл менталитетке де өз әсерін тигізеді. Сондықтан мемлекеттік рәміздерге, келісімшарттарға руникалық жазуды қолдансақ ұлттық нышанымыздың белгісін көрсетеміз. – Сіздердің зерттеу жұмыстарыңызға Қазақстан жағынан қолдау бар ма? – Жалпы бұл бір адамның қолынан келетін іс емес, әкеміз моңғолия қазақтары­дың салт-дәстүрін 30 жыл жинаған. 1995 жылы «Моңғолия қазақтарының салт- дәстүрі» деген бір том кітап шығарды. Одан кейін өмірінің соңына дейін дайындаған 1400-ге тарта материалдар қолымызда. Оның үстіне, қазір біздің қоғамның мәдениетпен көп қызыға бермейтінін айта кеткен жөн. Ғалымдардың көпшілігі де басқа дүниелермен айналысады. Біз соңғы жылдары Шығыс Қазақстандағы тарихи мұраларға жанашырлық танытып жүрген Мұхтарбек Кәрімов ағамыздың қолдауымен жұмыс атқарып жатырмыз. Ол кісі шетелдегі қазақтардың тарихы, мәдениетін зерттеуде қаржылай да көмек беріп отыр. Еларалық қатынас орнату мақсатында екіжақты тәжірибе алмасу да жасап жатырмыз. Бір жылдары «Мәдени мұра» бағдарла­масы бойынша Қазақстанның археологтары, этнографтары біраз жұмыс ат­қарды. Бұл бір адамның ғана қолынан келмейді. Сондықтан екі елдің ғылыми орталықтарында келісім болса, көп мәселені шешуге септігін тигізер еді. Ал біз Қазақстан хақында қаншама зерттеу материалдарды сыртқа шығара алмай отырмыз. Себебі Моңғолияның заңы бойынша бұған қатаң тыйым салынған. Қазақстаннан келген ғалымдарға да қаншама мағлұмат бергенімізбен, көптеген зерттеулерді көрсете алмаймыз. Сондықтан жүйелі түрде екі аралық министрліктермен келі­сім­шартқа отырып, тұрақты ғылыми ор­талықтар ашылса нұр үстіне нұр болар еді. Ауыл аралап, халықпен тілдесіп, жан-жақты зерттеген материалдарымыздың құндылығы орталық ашылса арта түсетіні анық. Біз тек салт-дәстүр ғана емес, экономикалық, ұлттық мәселелер хақын­дағы материалдарды жинақтап отырамыз. – Әкеңіздің біраз қолжазбалары жиналып тұр екен. Соларды халық игілігіне жаратып, жарыққа шығару ойыңызда бар ма? – Әкеміз көзі тірісінде 11 тармақтан тұратын еңбегін «Қазақстанның тәуелсіз­дігіне арнаймын» деген авторлық қолтаңбасымен дайындап қойған. Арманы қазақ халқының біртұтас салт-дәстүрін қалыптастыру болатын. Мен де осы жайлы мамандармен ақылдасып көріп едім, бұл салт-дәстүр Алтай қазақтарына, Алтай тауының төрт жағында төрт түрлі мемлекеттің аумағына бөліне орналасып, жайлаған қазақтарға тән екендігін айтады. Соңғы төрт жылда әкемнің осы қолжаз­баларын жинақтап, салыстырып, редакциялық жөндеуден өткіздім. Қазақстандағы баспа жұмыстарымен айналысатын мекемелер қолдау көрсетіп жарыққа шығарамыз деп жатса бізден қарсылық болмайды. – Ол дүниелердің авторлық құқығы өзіңізде ғой? – Әкеміз бастаған істі жалғастырушы, зерттеу жұмыстарын жалғастырушы ретінде және сол кісінің тікелей мұрагері ретінде авторлық құқық мәселесін өзім шеше аламын деп ойлаймын. Кітап етіп шығару қаржыға келіп тірелгендіктен алдымен осында жариялап, кейін Қазақстанда қайта шығару ойда бар. Жалпы көлемі 70 баспа табақтан тұратын еңбекте бүгінгі өміріміздің көптеген мәселелері, ұлт, руханият, салт-дәстүр, т.б. мәселелерді көтеретін келер ұрпақ үшін қажеті мол дүниелер деп білемін. – Алдыға қойған жоспарларыңыз қандай? – Тарихи отан – Қазақстаннан шеткері Тәуелсіз Моңғол ұлысында өмір кешсек те біз өзімізді байырғы бабаларымыз мекен еткен ата-баба жерінде жүрген қазақтың ұрпағы ретінде сезінеміз. Сол дәуірлерден кең байтақ дала төсінде сақталған, тау мен тасқа қашалған рухани және материалдық мұраларды көріп біле жүріп оған жанашырлық жасамау, оның көзден таса болып бара жатқан келешегіне алаң болмау мен үшін кешірілмес күнә болар еді. Осы бағытта әлі жүйеленбеген мол мұраларды хатқа түсіріп сипаттап жазу, оларды мемлекеттің қорғауына алу, сақталуына қолайлы жағдайлар жасау жолында қолдан келгенше халқыма қызмет ету. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Амангелді МҰҚАН, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр өнері бөлімінің меңгерушісі

1557 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз