Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • ҮРКЕР
  • 04 Сәуір, 2016

ШУКШИННІҢ ЖЕРЛЕСТЕРІ

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

Үлкен көшедегі аялдамада тұрып, зуылдап келе жатқан таксиге қол көтердім. -«Көк базарға» дейін алсаңыз. -Отырыңыз. Такси қатты келеді. Рульдегі ат жақты, ашаң жүзді жігіт көңілді-ақ. Бір әннің әуеніне салып ыңылдап қояды. -Үлкен көшеде жәйірек жүрер болар,-дедім күліп. -Дұрыс айтасыз. Бірақ шыдай алар емеспін. Бүгін соңғы еңбеккүнім. Ертеңнен бас-тап демалыстамын.

Таксиші жігіт аз-кем мүдірді де: -Қауашақтағы бытыраға от берсе жарыла ма, жарылмай ма, соны білесіз бе? – деді. -Бұл тірлікпен бұрын-соңды айналыспаған едім. Ал ол не үшін керек? -Балық аулаймын. Көк мұзды ойып, осылай балық ауламақ ойым бар. Мен де аз-кем мүдіріп қалдым. -Қала маңынан мұз ойып балық аулайтын көл табыла қояр ма екен? -Туған жеріме барамын. О-о, ол жақтың қысы… ақ қар, көк мұз… жылда қаладағы денемнің құрысын далаға барып жазамын. Қазір машинамды тапсырып, түсте самолетке отырамын. Міне, билетім… Машина зырлап менің жұмыс кеңсеме келіп қалды. -Сонда сіздің туып-өскен жеріңіз қай жер болғаны? -Василий Шукшиннің ауылдасымын. Тұп-тура біздің селодан шыққан. Мұнда вахталық әдіспен мұнайшы боп жүрмін. Есептесіп, рахметімді айтып, есікті жапқанда ғана кабина әйнегінің астына жапсырылған Шукшиннің суреті мен қызыл бүргенді көзім шалып қалды. Үйге келген бетте Шукшиннің тағы бір жерлесіне телефон шалдым. Ол – Әдебиет институтында бірге оқыған, Алтайдың Сростки деревнясынан кеп, жетпістегі шешесін аяп, «Мама моя – семилетняя девочка» деп жыр жазып, сырттай ауысып кеткен Валерий Балюк еді. «8»-бен теріп тауып ап, Шукшиннің 80 жылдығымен құттықтадым. Оны Вася емес, «Шукшиннің жерлесі» деп кеткенбіз. Ол танысқанда сәл шайқатылып тұрып: «Земляк Шукшина» деп қолын ұсынған еді, сол атау екінші ныспысына айналды. «Мама моя – семилетняя девочка» деген атақты өлеңін жылап тұрып оқып қоштасқан Балюктің сол қоңыр даусы өзгермеген: «Келсеңші, біздегі Шукшин тойы бір жылға созылады,-деді тоқ етерін айтып. –Пойыз пұлыңның бір басы менен». Жігіт сөзінен қайтар емес. Иә, Ресейде әдебиет тойы тойланып жатыр. «Литературная газетада» «Бұл есімнің бұл датамен сәйкес келмейтін бір жағы бар: Шукшин жас еді, әрі мәңгі жас болып қалады. Оны Шолохов пен Леоновтың шау тартқан шағымен көзге елестету мүмкін емес деген Валентин Распутин де өмірден озды. Николай Ивеншев деген «Мен ресторанның қарсысында оның желкесін көргенмін» деп, жарты әлемге жар салды. Қаламгерге деген махаббат пен мөлдір сезім осындай-ақ болар. «Туған жердің құстарын да сыйладым» деп жырлап өткен біздің Әбділдамыз жүзден асты. «Ауылдың суретін салып кеткен Бердібек пен Сайынның ауылдастарымыз» деп неге ешкім бөркін аспанға атпайды? Әлде олар әлі күнге үш өзеннен үш бөлек су ішіп отыр ма екен?! «Көре-көре көсем боласың…» Ең «есек» пойызға билет ап, Шукшиннің аулына барып, бәрін де көзбен көремін. Барарда сый-қоржынға Алатаудың апортын сықай толтырам. Қайтарда…сібірліктердің салтын сыйласам да, Шукшин жазған қызыл бүргенді қолыма ұстай келем.

587 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз