Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 14 Сәуір, 2016

Қазақстанда үш тілде білім беруге көшу үшін 1,5 триллион теңге жұмсалмақ

Еліміздегі мектептерде үш тілде білім беру 2017-2018 оқу жылынан басталады. Кезең-кезеңмен, бірақ жылдамдата енгізілетін жаңалыққа мемлекет қазынасынан 1 трлн 391 млрд қаржы бөлінеді. Бұл туралы «Время» басылымы жариялады.

Осы қаржының 1 трлн 153 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 220 млрд теңге жергілікті бюджеттен, ал 18 млрд теңге басқа көздерден [нақты қандай көздер екені айтылмады] бөлінеді. Білім және Ғылым министрлігінің ресми жауабына сүйенсек, үш тілді енгізуге арналған база мектептер мен балабақшаларда жасақталып қойыпты. «Мектепке дейінгі бүкіл мекемелерде үш тілді кеңістікке енгізудің пәндік-дамыту ортасы жасақталды. 2013-2014 оқу жылынан бері, мектептерде 1-сыныптан бастап ағылшын тілі оқытылып жатыр. 2017-2018 оқу жылында 5-сыныпқа 1-сыныптан бастап ағылшын тілін оқыған оқушылар келеді. Сондықтан, 5-сыныптан бастап, жоғары сыныпқа дейін ағылшын тілінде оқуға дайындық басталады», — деген министрліктің жауабында.

Бірақ «пәндік-дамыту ортасы» деген сөздің мәні мен оқушылардың 5-сыныпқа дейін ағылшын тілін игеріп кеткенін жан-жақты түсіндіріп бере алмады. Сондай-ақ, химия, физика, биология мен информатика пәндерін  ағылшын тілінде өтуге қабілетті ұстаздар туралы да ешқандай ақпарат жоқ. Министрліктің мәліметі бойынша, 2015-2016 жылы еліміздегі 42 жоғарғы оқу орнында үш тілде білім беру аясында пелагогикалық, инженер-техникалық және нақты ғылымдар бойынша арнайы бөлімдер ашылыпты. Сондай-ақ, 816 педагог халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша кәсіби білім алыпты.

2020 жылға дейін тіл курстарын 2450 мұғалім оқып шығады екен. Бірақ оның бәрі бірдей ағылшын тілін игеріп ала қояр ма екен? Ең басты мәселе оқулықтарға тіреледі. Біздегі мектептерге бейімделген, ағылшын тіліндегі оқулықтардың сапасы қандай? Қағаз жүзінде бәрі оңай. Министрлік «Назарбаев зияткерлік мектептері» мен халықаралық мектептердегі оқулықтарды пайдалана салмақшы. Сондай-ақ, шетелдік информатика, физика, химия және биология оқулықтарын бейімдеуді жоспарлапты.

Министрлікке «қазіргі жастардың ағылшын тілін меңгеру ісіне көңілдеріңіз тола ма?» деген сұрақ жолданған. «Тұрғындардың үш тілді меңгеру мәселесі бойынша, әлеуметтік сауалнамалар жүргізу ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің құзырында» деген жауап алынды.

Білім және Ғылым министрлігі үш тілді білім беруді кезең-кезеңмен енгізе отырып, бұл жаңалықтың қазақстандық орта білім беру саласын жетілдіретініне сенім білдірді. Сондықтан, өзге мектептер де «Дарын», қазақ-түрік лицейі, «Назарбаев зияткерлік мектебімен» бірге сап түзеуді ұсынды. Бірақ бұл мектептер мен ауылдағы заманауи құрал-сайманнан жұрдай, интернетсіз, 40 жылдан бері жөндеу жұмыстарын көрмеген жадағай мектептердің жағдайын салыстыру – министр Сағадиевтің миына қонып отыр. Мүмкін, қазіргі дағдарыс кезінде соншама қаржыны далаға шашпай тұра тұрғанымыз дұрыс па еді?

Halyknews.kz

1248 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз