- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 18 Сәуір, 2016
Дохадағы мұнай өндірушілердің кездесуі еш нәтиже бермеді
Екі ай бойы Дохадағы кездесуге дайындалған мұнай өндірушілердің жиыны нәтижесіз аяқталды, деп хабарлайды BNews.kz.
Катар астанасы Дохада жексенбі күні өткен кездесуде мұнай өндіруші елдер өндіру көлемін шектеуге байланысты ортақ мәмілеге келе алмады. 12 сағаттан артық пікір таластырып, ой жарыстырған тараптар мұнай нарығының «беті бері қарағанын» желеу етіп, ойлануға тағы да біраз уақыт керектігін айтып, тарқасты.
Бұл кездесуді өткізуге жыл басында мұнай бағасының барреліне 30 доллардан төмендеп кетуі басты себеп болған. «Қара алтынның» күрт арзандауы шикізаттың осы түрімен күнелтіп отырған мемлекеттердің бюджетіне кері әсерін тигізбей қоймасы анық еді. Кейін мұнай өндіру көлемін шектеуге қатысты ОПЕК кездесуінің өтетіні туралы хабар «қара алтын» бағасына оң ықпал етті.
Келісімнің бастапқы нұсқасында өндіріс өсімін 2016 жылдың қазанына дейін тоқтата тұру жағы қарастырылған еді. Алайда кездесуге бірер минут қалғанда Сауд Арабиясы келісім жобасына өзгеріс енгізуді талап еткен.
Кездесуге барлығы 18 мемлекеттің өкілі қатысты, жиын шамамен 13 сағатқа созылған.
Кездесу қорытындысын алғашқылардың бірі болып жариялаған Нигерияның мұнай министрі Ибе Качикву Дохадағы бас қосу сәтсіз аяқталғанын, келесі кездесу дәл осы форматта маусым айында өтетінін мәлім етті.
578 рет
көрсетілді0
пікір







