- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 18 Сәуір, 2016
Алматы облысында 94,4 мың гектар жер аукцион арқылы сатылады
Алматы облысында 94,4 мың гектар жер аукцион арқылы сатылады. Бұл туралы бүгін «Мемлекет басшысының 5 институттық реформасын жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты барысында аталған өңірдің басшысы Амандық Баталов мәлім етті.
«35, 36-қадамдарға сәйкес, ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлерді нарықтық айналымға енгізу үшін түгендеу жүргізілді, оларды пайдаланудың мониторингін жүргізу үшін облыстың электрондық Жер картасы әзірленді. Нәтижесінде пайдаланылмайтын 272,7 мың га жер анықталды»,- деді облыс әкімі. Өңір басшысы алға тартқан деректерге сәйкес, оның ішінде 77,4 мың гектар пайдаланыла бастады. Ал 15,1 мың гектар жер аудандарға қайтарылып, иесіз 53,9 мың гектар бойынша материалдар оларды мемлекет меншігіне қайтару үшін сотқа беріледі. 14,4 мың гектар мемлекет меншігіне қайтарылып, алдағы уақытта аукционға шығарылады. Салықтарды он еселенген көлемде арттыру үшін салық органдарына 111,9 мың гектарға 186 материал берілді. «Аукцион арқылы сату үшін алаңы 94,4 мың гектар 651 жер телімі таңдалды, құжаттарды рәсімдеуге 59,8 млн. теңге қарастыру көзделуде. 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап жерді жалға пайдаланушы тұлғалар оны 10 жыл мерзімге бөліп төлеумен, кадастрлық құнынан 50 пайыз жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Бүгінгі таңда 9,7 мың га сатып алуға 211 өтініш берілді»,- деді А.Баталов.Автор: Марлан Жиембай
ҚазАқпарат агенттігі
549 рет
көрсетілді1
пікір







