Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 13 Мамыр, 2016

Софы Сматаев, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты: Халық – менің тірегім, қасиеттім мен құдіреттім

Жазушының қуаты да, қорғаны да, бары да, нәрі – тілі десек, Софы ағаның шешендігі өз алдына ұзақ әңгіме. Жастық жалынмен алаулап тұрған шағында-ақ өлеңмен айтысқанда алдына жан салмағанын өз аузынан естідік. «Қуыс үйден құр шықпа» деп дастарқан басына апарды. Бірде ашық-жарқын мінезімен әзіл-қалжыңға басса, бірде саф алтындай салмақты пәлсапалық ойларын ортаға тастайды. «Байлық, мансап – қолдың кірі, ал халық сүйіспеншілігі – мәңгілік» дейді. Осындай дүниенің бар байлығын жинасаң да сатып алуға болмайтын халық сүйіспеншілігіне бөленіп отырған жазушы Софы Сматаев.

– Софы аға, соңғы кезде көрінбей кеттіңіз ғой. Кітаптарыңыздың да жарыққа шыққанын естімедік. Ұйымдастырылып жататын әртүрлі шаралардан да бой көрсетуіңіз тіпті сиреген тәрізді. Оған не себеп? – Мен екі рет инсульт, алты мәрте инфаркт алған жанмын. Оның үстіне 2002 жылы ауыр операция жасатып, өмірге қайта оралғандай болған соң дәрігерлердің қатаң бақылауымен режим және диетаны мейлінше сақтаумен келем. Мүмкін осынау өзімді-өзім тежеудің салдарынан ба, көп алдына көлденеңдеп шыға беруім азайғанын, тіпті тоқтағанын өзім де сезіп жүрмін. Жоғары оқу орындарының ректорлары мен декандары әредік кездесіп қалған сәттерімде: «Оу, Софы аға-ау! Сізді университетімізге (институтымызға) арнайы шақырып, студенттер алдында сөйлетіп алсақ деп көптен жоспарлап жүр едік. Жолыққанымыз жақсы болды-ау. Кешіңізді қатырып өткіземіз. Хабарды өзімізден күтіңіз!» деп құрақ ұша жөнеледі де... араға айлар, жылдар сап қайта ұшырасып, қайта қауқылдасқанша зым-зия жоғалып кетеді. Өзгелер тәрізді өр мен төрге өңмендей ұмтылып, көзге түспек боп өлермендікке ұрыну менің табиғатыма жат. Радио, теледидардағы хабарға барар да едім, сағаттап созылатын мәжілістерін асқазансыз бөтегем көтере алмайды. Ал үйге арнайы іздеп келіп, әңгіме-сұхбат, әңгіме-диспут, пікірталас сынды көріністерді жазып алудың қажеттігін біздің журналистер ұғына да, қабылдай да алған жоқ-ау. Көптің көзінен де, көңілінен де тысқары қала беруіме осы сияқты сылтаулар кимелейтін тәрізді. Соңғы он төрт-он бес жылда «Қайран жастық» атты повестер жинағым, «Жарылғап батыр», «Елім-ай» (үшінші кітабы), «Біз құлмыз ба, кімбіз?» романдарым, « Мейрамсопы – Қарқабат», «Базарың құтты болсын», «Мен – тірімін», «Ағаларым – жағаларым», «Мұңлы ойлар», «Ботасымын боздаған боздаламның» атты кітаптарым жарық көрді. «Көгілдір такси» атты пьесам театрларда табысты жүріп жатыр. Кітаптарыма деген сұраныс көп. Бірақ аз данамен шыққандықтан көпшілік жұртқа жеткен жоқ. – Сіздің шығармаларыңыздан шешендіктің буы бұрқырап тұрады. Әсіресе, билер кеңесіндегі дау-дамай­дың өрбуі әсерлі тілмен оқыр­манды баурап алады. Осындай шешендік тілдің мәйегін қайда жүріп, қайдан жи­нағансыз? – Қара сөздің майын тамызып, іңкәр өлеңмен уыз ағызатын дүниедегі ең шешен халықтың – от тілді, орақ ауызды қазақтың бел баласы бола тұрып – тарихи шығармаларымда шешендік таныта алмасам, несіне қаламгер атанбақпын. Биді бише, жырауды жырауша, абызды абызша сөйлете алмай, орысша ойлауын тақ-тұқ қазақшалап, қақалып-шашалып тұратын бүгінгі шен-шекпенді шенеуніктердей міңгірлетіп қойсам, замандастарым алдында да, келешек ұрпақ алдында да кешірілмес күнәға ұшырамас па едім. Кезінде көптеген әріптестерім менің өзің мақтаған бояуы қанық тілімді қара жебенің қанды нысанасына тігіп беріп: «Софының кейіпкерлерінің бәрі шетінен шешен. Ол бүгінгі зымыран уақыт заманында елу сөзбен-ақ әңгіме жазып, екі жүз сөзбен-ақ роман туғызудың үнемдірек те, тиімдірек екенін мүлде ескермейді. Өткенді тым өксігіш. Кешегіні аса көксегіш. Әлдебір сүйегі қураған бидің шатты-бұттысы, әлдебір күмбезі қираған батырдың атты-шаптысы кімге қажет. Тіл білем деп көпірте беру – жастарға қиянат жасау. Оларды кітап оқудан бездіру!» деп езулерін кергілейтін. Бірақ халықтың құдіреті тілінде екенін, халықтың қасиеті ділінде екенін, халықтың сенімі дінінде екенін енді-енді ұғынып, енді-енді соған бойсұнып келе жатқанымыз анық. Ал шындап айтар болсам, менің түп негізім де, өскен ортам да, қабылдаған тәлім-тәрбием де қазақ тілінің уыз мәйегінен еміп өсуіме, қанып өсуіме барынша әсер еткен еді. Негізім, яғни асыл сүйегім атақты Қаз дауысты Қазыбектің шөбере інісі Кәрсон Аралбай батыр – менің жетінші атам. Жаралған топырағым – қасиетті Сарыарқа өңірі. Өз әкем Қалыбек сөз қадірін ту қылып асқақтатып өткен адам. Кезінде атақты, азулы Шашубай, Мая­сар ақындармен бірер ауыз өлеңмен қақтығысып, қапталдасып қалғанын тұстастары маған мақ­танышпен жеткізетін. Бір ілгішек келтірейін. 1947 жылы Шашубай біздің Киік бекетіне әлдебір тойға келіп, қымыз ішіп қызара бөртіп алған соң арқасы қыза бастайды ғой. Арқасы қозған ақын әрине айтысқа түсер адам іздеп буырқанған көңілдің жырын түйдек-түйдек төгіп тастамай ма. Содан жиналған жұрт бір қақпайы бар біздің әкейді үкілеп ортаға шығармай ма. Шашекеңе әспеттеп таныстырмай ма. Төбесіндегі топысын шеке құйқасын жыбырлатып-ақ бірде желкесіне жытырып жіберіп, бірде маңдайына қуып әкеліп, құтырынып отырған Шашекем: – Уай, сенбісің айтысатын балақаным, Қоймастан қышып отыр алақаным. Малым жоқ Кәрсон айдап алатұғын, Сипап-ақ шырылдатам балапанын! – деп гармонын аңыратып қоя беріпті. Сонда біздің әкей: – Баласы Сматайдың Қалыбекпін, Қылыш тілмен талайды жарып өттім. Мықтырақ болатынын ұмытпаңыз, Малы көптен, Шашеке, әні көптің. Шашекем айтысам деп келсе бүгін, Ақтармын осы отырған ел сенімін. Ақырып арыстандай айға ұмтылған, Сүрінбес Қаракесек Кәрсонымын! – деп есе жөнелген ғой. Сол жолы әкем ырым етіп, Шашекеңе аузыма түкірткен екен. Осындай тілекпен ол Маясар ақыннан да өтінген көрінеді. Бәлки, өлең шығарып, кітап жазуым осы екі ақынның ақ батасының шарпуынан да болар... Ал әкей мені үйге қонақ келгенде, ойнап жүрген жерімнен шақырып алып, ту сыртына отырғызып, әңгімелерін тыңдататын. Құнарлы топырақтай әсемдікті тез сіміргіш бала көңілдің әсері мүмкін мені халқымның құдіретті тілінің тұнығынан, мөлдірінен, кәусарынан қанып ішуге құнықтырған да шығар. – Әйгілі «Елім-ай» атты еңбегіңізде байлар мен төре тұқымдарының бұқара халыққа озбырлығы көбірек сипатталады. Бұл шынында қаны тамған кеңестік идеологияның «тапшылдық» әсері ме? – Өз басым халықты қара мен төре деп те, бай мен кедей деп те, би мен бекті, тексіз һәм текті деп те бөлген емеспін. «Елім-ай» атты трилогиямда қарадан шыққан қанішерлер де, төреден туған қасиеттілер де біршама шынайы суреттелген. Өзің айтқан бұқара халықтың Қатыран, Нақыпбек сияқты өкілдерінің өз төңірегіне, ауыл-аймағына жасаған жауыздығын, төре тұқымының біртуарлары – Жәңгір, Тәуке, Абылайдың ел бірлігін сақтап қалу үшін жанталаса арпалысқанын, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Ошаған сынды билердің елім деп еңіреп өткен тірлігін, Жомарт, Бөгенбай, Аралбай батырлардың жоңғар шапқыншылығына тойтарыс беріп, елін-жерін азат еткен ерлігін баяндайтын осы үш кітабымды дұрыстап оқыған әр азамат маған «таптық тартыс» шеңберінен аттап өте алмады деп иненің жасуындай кінә таға алмас еді. Мен дер кезде ғана емес, бар кезде де халқымның алдында шындық, ақиқат дейтін өлшемнен алшақтап көрген емеспін. Ал, халық... Орталық партия комитетінде сектор меңгерушісі болып істеп жүргенімде Колбинмен қатты ұстасып, екі рет секретариаттың талқылауына түстім. Сонда мені қаралап баяндама жасаған үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі А.Устинов маған да, халқыма да қара күйені қалыңдатып жаққан болатын. Мен: «Устинов жолдас, халықтың үлкен, кішісі болмайды. Азы, көбі ғана болады. Бірақ әр халық – өзінше ұлы, өзінше алып. Халықты қаралаған жан қасиетінен айырылады. Қаһарына ұшырайды. Қарғысы атады. Альберт Александрович, сіз менің халқымды «қаны сорғалаған ұлтшыл халық» деп қаралап тұрсыз. Айтпады демеңіз, халқымның қарғысы әлі-ақ табады сізді!» дегем. Арада үш жыл өткенде Жазушылар одағының фойесінде Устинов екеуміз кездесіп қалдық. Тұла бойында қырымға ет жоқ қу сүйегі қалған екен. Сіңірлі саусақтарымен білегімнен ұстай алып: «Есіңізде ме, Софы Қалыбекович, сіз маған «халық – алып!» деп едіңіз ғой. «Халық қарғысы құтқармайды» дегенсіз. Рас екен. Тапты мені халқыңыздың қарғысы. Міне, мына шекемнің ішінде улы ісік бар. Сол әкетіп барады мені. Көп ойланып, ақыры сізден кешірім сұрасам, қазақ халқынан кешірім сұрайтындай сезіндім. Сіз кешіресіз бе мені?» деді. Қолын қағып жіберіп, бұрыла беріп едім, әлгі сөзді естіп тұрған қазақ әріптестерім: «Алдыңа келсе, атаңның да құнын кеш!» деуші едік қой... Қалдырмашы көңілін!.. егіліп тұр ғой» деп жамырап қоя берді. Мен қайыра бұрылып Устиновтың қолын қысып былай дедім: «Түсінсең, бопты. Халық бірақ қуыршақ емес». Сол халық – шығармаларымның мәңгілік қаһарманы. Сол халық – менің тірегім, арқа сүйер асқар тауым, бүгілмес белім. Қасиеттім мен құдіреттім. Ендеше саясат үшін, идеологиялық есеп-қулық үшін қазағымның барын өшіріп, жоғын өсіріп жазуды болмыс-тәңір маңдайыма жазбапты. Бүгінгі зиялым жар жағалап, мөлтеңдей мөлиіп, биіктегісіне аяғы жетсе, бұрынғы тәкаппар кеудесін қақ бөле сындырып, бүктетіле иіліп қол сүйеді. Аяғы жетпесе, әлгі асыл бағасын алыстан боратқан мақтау, мадақтауымен қара жердің лай батпағына суыта төсеп, құлай кететін жасықтардың жағымпаздық, жарамсақтық дейтін қанжығасына бөктерілген құнсыздығымен ауыс­тырып ала қояды. Ал жазушы қара сойылды қақырата көтерген Батыраш бола алмайды. Болмайды да. Өйткені шын жазушының бойындағы талант құдіреті – әлде болмыс, әлде Тәңір сыйлығы. Сондықтан да ол арамдық пен жал­ған­дықтың ықпалына еріп, ақты қаралап, қараны саралап бере қояды дегенге еш уақытта сенбеймін. – Әуезов театрында Ілияс Есенбер­линнің кешігіп өткен 90 жылдығында кейбір ағаларымыз өткен-кеткенді «қоңырсытып» шыққанда, сіздің азаматтық өр тұлғаңыз өзгелерден биік тұрғаны әлі есімде. Тебірене, толқи сөйледіңіз. Соған қарағанда Ілекеңнің жақсылық-шарапатын талай көргенге ұқсайсыз? − «Жазушы – әрі өткен күн­дердің, әрі өз уақытының айнасы. Заманының ұңғыл-шұңғылына үңі­ліп, қоғамының ақ-қарасын пайымдап, уақытпен бірге адымдап отыратын суреткер ғана шынайы шығарманы дүниеге әкелер болар. Сондықтан да әр хас қаламгер ел шетінде, жау бетінде тұрады. Сондықтан да шынайы талант елдің үні боп сөйлейді. Халықтың тілегі боп көптен бұрын көзге түседі. Ұлтының ары мен намысы боп алға шығады. Сондай ұлы тілекті жазушы ғана ұлтының қамын жейді. Мүддесін ойлайды. Арманын алға сүйрейді. Өйткені ұл мүдделерінен ұлт мүдделері құралары ақиқат. Ер білегімен ел тілегі орындалары шындық» деп қырық жыл бұрын жазыппын. Сондай жазушы Ілекең Есенберлин тарихи тақырыпқа алғаш қалам сілтегендердің бірі болғандықтан маған аса қадірлі аға. Бірақ мен ол кісінің соншалықты жақсылық шарапатын көрмеген адаммын. Керек десең, Ілекең бас­паға директор болып тұрған кезде, менің кітаптарымның жарық көруі аса қиындап кеткен болатын. Ал Ілекеңнің 1982 жылғы менің жарық көріп, сыйлыққа ұсынылған «Елім-ай» атты дилогиямды Мемлекеттік сыйлық комиссиясының мүшелерінің әлі баспадан шыққан жоқ деп көпе-көрнеу жасаған қиянатына төзе алмай, мені жақтап жалаңаш батырдай жауға шапқан ерлігін ұмытпауды ұрпағымның ұрпағына табыстап кетермін. – Қандай атақтарыңыз бар? Өйткені «Елім-ай», «Бұлақ», «Мәң­гі­лік бастауы», «Жарылғап батыр» атты романдарыңыз жұрттың аузында, халқымыздың көкірегінде ғой. – Ашық, жабық конкурстардың талай мәрте жүлдегері атанғаным көңіліме медеу, дәтке қуат. Әр жылдың «үздік кітаптары» атал­ған шығармаларым бес рет мемсыйлыққа ұсынылып, бес мәрте жолы кесілген. Кескен күйкі тірлікті күншіл әріптестерім. Ал оқырмандарымнан оңдап, жүздеп келіп жататын хат-хабарлар мен алғыс баталар жаныма шуақ, кеудеме қуат қосады. 1992 жылы Жастар театрында жүріп жатқан «Зар заман» атты спектаклімді арнайы қойғызып, халықаралық «Алаш» сыйлығының комиссия мүшелерін апарып көрсеттім. Спектакльден кейін бас қосқанымызда қазақтың дүлдүл ақыны Ғафу Қайырбеков: «Әу, Софыжан, сен мына пьесаңды неге Мемлекеттік сыйлыққа ұсынбайсың? «Алаш» деген аты жақсы болғанмен, мұның заты пәстеу ғой» дегенде мен: «жоғарғы жақтармен келісіп, алдын ала бөлісіп қойылатын сол сыйлыққа несіне арамтер болып таласайын, аға. Онан да «бірден Пушкин болмай-ақ, Баймұқанша бас­тамаймын» ба? Өйткені менде өзіңіз айтқандай сыйлық та, атақ та жоқ қой» дегем. Сол жылы мен «Алаш» сыйлығының тұңғыш, яғни нөмірі бірінші лауреаты атанғам. Ғафекеңе әлгі «өзіңіз айтқандай» деуімнің мынандай мәнісі бар. 1985 жылы он бірінші бес жылдықтың қорытындысы бойынша басқалар тәрізді жазушылар да марапатталу тізіміне енгізіліп, соған мен де кірген едім. Ол кезде Орталық Комитеттің Мәдениет бөлімінде жауапты қызметте істейтінмін. Сол бір абыр-сабыр күндерде Ғафу ағам маған телефон соғып: «Әу, Софыжан, мынау ағаң алпысқа да иек артып отыр. Ал маған осыған дейін не орден, не медаль бұйырмапты. Естуімше, осы жолы да тізімге ілікпеппін. Оу, осынау қысастық менің Ғафу атыма қиянат емес пе?» деген еді. Енді Ғафекең үшін мен күйінейін. Бөлім меңгерушісі М.Шайжүнісовке, хатшы Қ.Қазыбаевқа кезек-кезек кі­рейін. Оларды да түсінуге болады. Жазу­шыларға арналған наградалар түгел бөлініп қойылғандықтан, қо­сымша орден өліп бара жатсаң да беріл­мейтіндіктен ештеңе өн­діре алмадық. Ақыры мен Қазы­баев­­қа барып өзіме тиесілі ор­ден­ді Қайырбековке беруге әрең келіс­тіргем-ді... – Жас буын қаламгерлердің «Ағаларымыз бізді оқымайды, ақыл-кеңес бермейді» деген уәждерін құлағыңыз шалған да болар. Ал жоғарғы буын кейінгі толқынға «Әлеу­метшіл, саясатшыл» деп реніштерін білдіреді. Осыған не дейсіз? − Үміт аулатып, арман қуа­ла­татын жастан асып кеткен үлкеннің алды тарылып, арты ұлғаяды ғой. Бұрынғыдай алдына қуана қарамай, күдікпен сығалайтын егденің өз ішіне көбірек үңілетінін ескере бермейміз. Артындағысының енді оралмасын, дәурен күндердің енді қызыл-жасыл боп жайлауы­на жолатпасын сезген көңілдің өзін де, өзгені де өгейсірейтінін біле де бермейміз. Сол шалқақ дәуреннің шалқытқан жастығын енді ешқашан таппастай боп жоғалтқан адам сол жас дәуреннің қызуында өртеніп, көрігінде балқып жүрген жалынды жасын қай бір жақтыра қоярмыз. Өзімшіл көңілдің өзгені күндеуі де – қиянаттың бір парасы ғой. Сондықтан бүгінгі кінәмшіл үлкендер, яғни біздер, өзімшіл кеуденің кілтін қанжардай қылшылдаған парықсыз жастықтың қолына ұстата қоюға жоқпыз-ау. Ал біз... Бүгінгі жастарға қызы­ғуымыздан қызғануымыз көп. Басқа ұяның күшігі, бөтен желі-көгеннің жасы, төлі деп жатырқап жасқаудан жалықпаймыз. Олардың да тылсым сыбдырлы жүрек тілі, бұлбұл әуезді жан-дүниесінің әні бар екенін ескермейміз де, дарылдақ, барылдақ әнсымақтарға құмар деп күстаналай жөнелеміз. Иә-иә... Кейде ілгерінің кейінгіні менсінбей шаңына көме беретіні болады. Кішінің кеуделеп кеп қалғанын жақтырмай, үлкеннің іштарлық жасайтыны да болады. Одан өзім аулақтануға тырысам. Ал «ағалар ақыл-кеңес беріп, сын айтпайды» дейтін жастар өкпесін түсінем, әрине. Ізбасарларыңды танып, біліп тұрғанға не жетсін. Бірақ қазіргі кітап шығарудың қиындығы, шыққан кітаптардың мардымсыз таралымы дүкендерге түспейтіндіктен назарға ілінбеуі – көп жағдайды айтқызбай-ақ сездіріп жүр ғой. Әйтпесе, кейінгі буынға реніш білдірер ретім де, әдетім де жоқ. Маралтай, Дидар, кешегі Балқыбек, Құлтөлеу, Асқар Алтай, Қазыбек, Жанарбек, т.б. іні-бауырларымның шығармашылығына сүйсінуім көп. Осылардың қатарының көбейгенін тілеймін. – Алға қойған мақсатыңызбен, шығармашылық жоспарларыңызбен бөліссеңіз... – Мақсатсыз қаламгер болмас... Әрине, кітаптарымның шетел тілдеріне бұдан да көбірек аударылуын, оқырмандарымның әртүрлі аудиториясы көбеюін қалаймын. Аудармаларым арқылы маған сүйініш білдіріп жататын шетелдік баспагерлер мен тілектестерімнің ризашылығы – сырқатымның еміндей. «Елім-айдың» төртінші... бесінші кітаптары миымда пісіп, қағаз бетіне түсуге асық. Тірлік болса идеяларымды шетінен үңгіп, тырбанып жатырмын. Қайта-қайта бәйгеге атқосам деп зорыққан діңкем бар. діңкелеткен тіршілік иелері бар. Соларға да Аллаһтың рақметі жауса, пәни-бақи адалдық пырағынан түспесе, екі дүниенің де қызығын көріп, ләззатын татса екен демекпін. Ел-жұртыма, қалың қазағыма қажымас қайрат, ырзық-несібе, бейбіт те берекелі тіршілік, Елбасы­ның ырзалығымен баянды бақыт орнауын тілеймін. Баршаңызға жан жүрегімнің ыстық сәлемін жолдадым. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Дәуіржан Төлебаев

2443 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз