Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 02 Маусым, 2016

Білім министрі оқушыларға ҰБТ-да сәттілік тіледі (ФОТО)

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Абай атындағы ҚҰПУ-ға ат басын тіреп, оқушыларға ҰБТ-да сәттілік тіледі, деп хабарлайды  BNews.kz тілшісіне  сілтеме жасаған Kazgazeta.kz.

«Барлық оқушы сынаққа дайын. Биыл ҰБТ-ны қайта тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр, сол себепті балалардың қорқынышы біраз сейілген. Кеше 165 тест тапсыру орнының қауіпсіздігі тексерілді, сондықтан оқушылар емтихан парағын еш алаңсыз толтыра алады», -деп сендірді министр.

Осындай маңызды күнде балаларының қасынан табылған ата-аналар білім саласындағы жағымды өзгерістер үшін миниcтрге алғыс айтты.

«Жыл сайын білім саласындағы олқылықтардың орны толтырылып, база күшейіп келеді. Тесті нашар тапсырған түлектерге екінші мүмкіндік беріліп отыр. Өз тарапымнан үштілді білім үшін ерекше алғыс айтамын. Өзімнің төрт тіл меңгергенімді әрдайым мақтан тұтатын едім, ал енді артымыздан ерген ұрпақ та жан-жақты болады. Бұл еліміздің жарқын болашағы үшін жасалып отырған үлкен қадам. Менің ұлым Мұрат ұшқыш болуды армандайды, оның алдына қойған мақсатына қол жеткізетініне шүбәм жоқ. Себебі елімізде білім беру сапасы жақсарып келеді», - деп атап өтті Нұрия Шәкірова.+

Алматылық тұрғынның бұл пікірін тест тапсыруға келген түлектердің бірінің әжесі, білім саласына еңбегі сіңген ұстаз Зайда Қалықбаева да қостады.

«Бар ғұмырым білім ошағының қабырғасында өткендіктен, білім жүйесіндегі өзгерістерге жеке өзім куә болдым. Бүгін мен немерем үшін ғана емес, барша түлекті ойлап уайымдап тұрмын. Министрдің өзі келіп, оқушыларға сәттілік тілегеніне риза болдым. Келешекте осы балалар биік асуларды бағындырып, сіз секілді министр болсын!», - деп алғысын білдірді Ерлан Сағадиевке Зайда Қалықбаева.

Оқушылар ҰБТ тапсырып жатса, ата-аналар мен мұғалімдер оларды экран арқылы сырттан бақылап отыр.

Биыл Алматыда 5768 оқушы ҰБТ тапсырады. 

ФОТО: BNews.kz мұрағатынан алынды

1451 рет

көрсетілді

11

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз