Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 17 Маусым, 2016

Қыркүйекте Үкімет Парламентке экономикалық саясатқа өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс енгізеді - К.Мәсімов

Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Парламенттен экономикалық саясатқа өзгерістер енгізу бойынша қолдау білдіруді сұрады. Еске салайық, бірлескен отырыста ҚР Үкіметінің 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқыланған болатын.

Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев мемлекеттік қарыз мәселесіне назар аударып, былтыр бұл көрсеткіш 465 млрд теңгеден асқанын атап өтті. «Былтыр республикалық бюджеттің тапшылығын жабуға 1,1 триллион теңгеге жуық сыртқы заемдар алынды. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 9 есе көп. Біз қарыздық орға түсіп бара жатқандаймыз. Биылдың өзінде бюджеттің тапшылығын жабу үшін екі миллиард доллар қарыз алынды. Үкімет бұл мәселені жақсы жаққа қарай өзгертуге ниетті ме?», - деп сұрады депутат Омархан Өксікбаев.

Өз кезегінде Үкімет басшысы К. Мәсімов сыртқы заемды мемлекеттік маңызды әрі мемлекеттік тұрақтылық мәселесі ретінде қарастыратынын жеткізді. «Сыртқы заемдарды тарта отырып, орнықты дамуда өмір сүрудің өзі өзекті. Бұл мәселені түсініп отырмыз, ең бастысы Қазақстан өзінің даму деңгейі мен сыртқы қарыз арақатынасындағы теңгерімділікті сақтайтын болады. Сонымен бір мезгілде, Дүниежүзілік Банк, Еуропалық Қайта Құру және Даму банкі, Азия банкі секілді халықаралық қаржы институттары бізге инвестициялық қолдаулар ғана көрсетіп отырған жоқ, бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін құрылымдық реформалар бойынша көмектесіп келеді», деді К. Мәсімов.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы теңге бағамын түзетуден кейінгі кезеңде жағдай біршама күрделенгенін атап өтті. Оның айтуынша, сыртқы қарыз негізінен АҚШ долларымен беріледі. «Сондықтан да Елбасының тапсырмасына сәйкес, біз Экономикалық саясат жөніндегі кеңесте сыртқы қарыз, Ұлттық қордың қаражатын пайдалану, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражатын пайдалану секілді мәселелерді қарастыратын боламыз. Міндетті медициналық сақтандыру және банк секторын реформалау сұрақтары да сонда талқыланатын болады. Осыған байланысты  ағымдағы жылғы бюджетті нақтылаумен қатар, бірқатар заңдарға аталған мәселелер бойынша өзгерістер енгізетін заңнамалық құжаттар топтамасын Парламентке ұсынатын боламыз. Сондықтан да, Парламенттен экономикалық саясатқа өзгерістер енгізу бойынша Үкіметке қолдау көрсетуін сұраймыз. Біз Елбасы жүктеген тапсырмалар аясында ағымдағы жағдайды жақсарту үшін қажетті ресурстарды жоғары деңгейде пайдалануымыз керек», деді К. Мәсімов.

Автор: Қанат Мәметқазыұлы

ҚазАқпарат агенттігі

469 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз