Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 19 Маусым, 2016

Асқар Мырзахметов Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысын апта сайын емес, екі аптада бір өткізуді ұсынды

Бүгін Алматы облысының Талғар ауданындағы Арқабай ауылында орналасқан «Байсерке-Агро» агрохолдингі базасында Жер реформасы жөніндегі комиссияның кезекті көшпелі отырысы өтті. Оның жұмысына комиссия мүшелерімен қатар, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, Комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, сондай-ақ, Алматы облысының тұрғындары, жергілікті кәсіпкерлер қатысты. Тіпті еліміздің басқа да өңірлерінен арнайы келген азаматтар да болды.

Отырыс барысында Бақытжан Сағынтаев Жер реформасы жөніндегі комиссияның төрағасы болып Асқар Мырзахметовтың тағайындалғандығын, енді келесі отырыстар жаңа төрағаның жетекшілігімен өтетіндігін мәлімдеді.

Бес сағаттан астам уақытқа созылған отырыстың соңына қарай, Асқар Мырзаметов сөз алып, комиссияның өткізілу тәртібіне байланысты өз ұсынысын ортаға салды.

«Комиссия жанынан құрылған 4 жұмыс тобы бар. Сол топтар өз жұмыстарын ширатыңқырап жүргізсе жақсы болар еді. Ә дегенде қарқыны жақсы еді, бүгін бәсеңдеп қалғанын көріп отырмыз. Жұмыс топтары комиссия отырыстары барысында жиналып, қордаланған мәселелерді жүйелеп, талдап, ұсынып отырса, оларды ел болып талқылау оңай болар еді», - деді А. Мырзахметов.

Сонымен қатар, ол отырыстың өткізу уақыты бойынша да ұсыныс білдірді.

«Егер комиссия қолдайтын болса, отырысты әр аптаның сенбі күні емес, екі аптада бір өткізген орынды деп есептеймін», - деп, сұраулы жүзбен жан-жағына қарап еді, әр жерден: «дұрыс, дұрыс» деген сөздер естілді.

«Бұл жұмыс тобының өздеріне жүктелген жұмыстарды атқаруына мүмкіндік берер еді», - деп ойын түйіндеді А. Мырзахметов.

Бүгінгі отырыс бес сағаттан астам уақытқа созылған болатын. Онда барлығы 73 адамның пікірі тыңдалды. Осы уақыт ішінде жер реформасына қатысты билікке қарсы ауыр сындар да айтылды.

Берілген мүмкіндікті пайдаланып, Асқар Мырзахметов бұл пікірлерге өз бағасын берді.

«Бұл жерде билік өкілдерінің барлығын қаралауға, «халықтың мүддесін ойламай отыр» деп айтуға болмайды. Сіздер айтып отырған қауіп-қатерлерді біз де жақсы білеміз. Біз де осы елдің азаматымыз. Қолданыстағы заңнамалардың кемшіліктерін біз де көріп отырмыз. Қазір ауыл шаруашылығы министрлігі комиссия отырысына ұсыныстар әзірлеп жатыр. Солардың бірі -  жеке қолға берілетін 10 сотық жер туралы. Бұл жерде мен ауыл шаруашылығындағы жерлерді осы мақсатта, яғни жеке тұрғын үйлер салу мақсатында мемлекет қажеттілігіне деп сатып алу керек шығар деп ойлаймын. Бұл менің жеке пікірім. Тағы бір мәселе - бір қолға берілетін жердің көлеміне шектеу қою. Аудан көлемінде бар, ал республика көлемінде бұған әлі шектеу жоқ. Міне, біз қазір осы мәселелер бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - деді А. Мырзахметов.

Сөзінің соңында ол осымен бесінші отырысты өткізген Бақытжан Әбдірұлына алғысын білдіріп, осы комиссия отырыстарында қалыптасқан қағиданың алдағы уақытта да сақталынатындығына уәде берді.

Автор: Айбота Жаппарберген

ҚазАқапарат  агенттігі

785 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз