- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 01 Тамыз, 2016
Астаналықтар қазақстандық олимпиада құрамасына Рио-де-Жанейрода сәттілік тіледі
Астана тұрғындары Рио-де-Жанейрода ел намысын қорғайтын спортшыларға қолдау білдіру мақсатында аспанға әуе шарын ұшырды.
Енді бес күннен кейін әлемдегі ең әсем қалалардың бірі - Рио-де-Жанейрода XXXI жазғы Олимпиада ойындары басталады. Төрт жылда бір рет өтетін байрақты жарысқа әлемнің 206 елі қатысады. Қазіргі таңда қазақстандық спортшылар Олимпиада қалашығына орналасып, дайындықтарын бастап кетті. Ал, бүгін Астана қаласында осы Олимпиадаға орай ерекше шара ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті бірер күннен кейін Олимпиада басталатынын еске салу және сол жерде ел намысын қорғайтын спортшыларға қолдау білдіру мақсатында әуе шарын ұшырды.
«Спортшыларға сәттілік тілеудің керемет шарасы болды. Бүгін осы жерге отбасымды ала келдім. Олимпиаданың басталуына санаулы күндер қалды. Спортшыларға жанкүйер болып, әрине қолдау жасаймыз. Олимпиада ойындары бүкіл елді біріктіретін ерекше шара. Біздің спортшылар бар өнерлерін ортаға салып, жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз», - дейді қала тұрғыны Әділет Қамбаров.
«Алға, Қазақстан!» атты жазу жазылған, ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің логотипі бар әуе шары «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы жанындағы алаңнан көтерілді.
Рио-де-Жанейродағы 2016 жылғы Олимпиада ойындарында Қазақстаннан 100-ден астам спортшы аттанды. Олардың барлығы дерлік жақсы дайындық жүргізіп, XXXI жазғы Олимпиада ойындарының жүлделері үшін күресуге дайын.
Автор: Күнсұлтан Отарбай
ҚазАқпарат агенттігі
991 рет
көрсетілді2
пікір







