Рио-де Жанейрода өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бокстан 81 келідегі қазақстандық Әділбек Ниязымбетов ширек финалда әзірбайжандық Теймур Мамедовпен кездесті.
Үш раундта да басым түскен Ниязымбетов жартылай финалға жолдама алды. Төрешілердің есебі - 3:0 (30:27, 30:27, 30:27). Бокстан қоржынға тағы бір медаль түсті деуге болады. Енді оның қандай болатынын алдағы уақытта көре жатармыз.
Енді Әділбек Ниязымбетов жартылай финалда ұлыбританиялық Джошуа Буатсимен қолғап түйістіреді.
Теймур Физули оглы Мамедовтың анасы қазақ қызы. Шымкентте дүниеге келген. Бұл боксшы бұған дейін Лондон Олимпиадасында қола жүлдегер атанған. Сондай-ақ екі рет әлем біріншілігінде медаль иеленген. Еуропа ойындарының чемпионы.
Әділбек бұған дейін 1/8 финалда беларусь боксшысы Михаил Долголевецты оңай жеңген болатын.
Айта кетейік, боксшыларымыз биыл алғаш рет Олимпиадаға толық құрамда барған болатын. Кеше 91 келідегі Василий Левит финалға шықты. Сондай-ақ Қайрат Ералиев, Біржан Жақыпов, Берік Әбдірахманов, Абылайхан Жүсіпов жарысты ерте аяқтады.
Baq.kz