- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 05 Қазан, 2016
Н.Назарбаев: Ресей бизнесiне өз үйiндегiдей жағдай жасаймыз
Мемлекет басшысы «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам», «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыс жоспарланғанын айта келе, Қазақстан әлемнiң дамыған отыз елiнiң қатарына қосылуды көздеп отырғанын еске салды.«Қазақстан экономикасын әртараптандырып, инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында қарқынды жұмыс жасап жатыр. Ел экономикасына соңғы 15 жылда 260 млрд доллар шетел инвестициясы тартылды. Осы қаражат есебiнен экономикада жақсы өсiм болды. Дүниежүзiлiк банктiң бизнестi жүргiзу жеңiлдiгі жөнінен Қазақстан 41-орында тұр. Бiз экономиканы модернизациялауды жалғастырып жатырмыз», - дейді Президент.
«Инвестициялық климат жақсарып келедi. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша басымдық берiлген салаларда инвесторлар корпоративтiк табыс салығын, 10 жылға жер, 8 жылға мүлiк салығын төлеуден босатылған. Келiсiмдердiң тұрақтылығына кепiлдiк беремiз. Инвестициялар және даму министрлiгi барлық шетелдiк инвестор үшiн «бiр терезе» қағидасы бойынша жұмыс iстейдi. Сондай-ақ, 37 мемлекет үшiн визалық кедергiлер жойылды. Келесi жылдан бастап бұл тiзiм 56 елге дейiн ұлғаяды», - дейдi Н.Назарбаев.
Бұдан бөлек, Президент биылғы жылы ЕАЭО-ның жаңа кедендiк кодексiн әзiрлеу аяқталатынын айтты.
«Ол одаққа мүше елдер арасындағы барлық кедендiк рәсiмдердi айтарлықтай жеңiлдетедi. Бiрыңғай көлiк кеңiстiгiн кезең-кезеңiмен құру жөніндегі келiсiмге келдiк», - дейдi Елбасы.
Сондай-ақ, өндiрушiлер мен инвесторлар үшiн мақсатты түрде ортақ ережелер жасалып жатыр.
«Қазақстан экономикасына қаражат салған ресейлiк бизнес өз үйiндегiдей жағдайда болады деп айтуға болады. Бiз мұны қамтамасыз етемiз», - дейдi Н.Назарбаев.
Айта кетейік, Қазақстан мен Ресейдiң өңiраралық ынтымақтастық форумы 2003 жылдан бастап өткiзiлiп келедi. 2015 жылы Сочиде өткен форум «Агроөнеркәсiптiк кешен саласындағы ынтымақтастық және азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету» тақырыбын арқау еткен едi.
Қазiргi кезде Қазақстанда ресейлiктердiң қатысуымен 6453 компания жұмыс iстеп жатыр. Олар мұнай мен газ өндiру, өңдеу өнеркәсiбi, көлiк, байланыс, машина жасау, ғарыш, атом энергиясын бейбiт мақсатта пайдалану сияқты салаларда ашылған.
455 рет
көрсетілді0
пікір






