Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 04 Наурыз, 2010

Намысы найзағайдай жарқылдаған

untitled-26Жүрдек поездың жұмсақ орнына жайғасқан жолаушылар сәлден кейін-ақ бір-бірімен танысып, әңгіме тиегін ағытып жіберді. Әсіресе, бірін-бірі бұрыннан білетін қатар отырған екеу ешкімге қарамастан көңілдегілерін ортаға жайып салды. Бірі бастап, бірі қоштап біраз жайды шолып өтті. Енді бірде алдағы мамыр айында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы аталып өтетініне мән бере келіп, ардагерлерді ардақтаған ел озады деп бір тоқтады. Сөз арасында; – ардагерлер де азайып қалды-ау деп бір қайырған жас жігіт: «Сіздердегі Балташ ағайды да ұмытпаған жөн» – дегенді де тіл ұшына қыстыра кетті. Оған жауап ретінде қасындағысы – Әрине, Балташ Қасенұлы біздегі ең құрметтінің бірі. Оны бәріміз де қадірлейміз, мақтаймыз, мақтанамыз, – деп жылы шырайлы жауап берді. Бірі мақтап, бірі қоштап екеуі де Балташ Қасенұлы жайлы біраз сырдың басын шертті.

Әңгіме қызығы мені де еріксіз өздеріне тартты. Орайын тауып – Балташ Қасенұлымен қалай кездесуге болады? – дегенді екеуіне қарата тастадым. Қастарында өздерінен басқа да жолаушылар барын енді ғана сезгендей болған олар әңгімелерін кілт үзіп, жалт қараған қалпы менің сауалыма екеуі бірдей лепілдей жауап қайтара бастады.

– Ол кісі Қарағандыда тұрады.

– Қарағанды экономикалық университетінде қызмет атқарады.

– Кездескіңіз келсе хабарлсайық. Университет басшылығы да бұл ұсынысты қолдайтын шығар, – деп қызығушылығыма дем бергендей болды.

Қарбалас жұмыстың күйбең тірлігіменен шапқылап жүріп бұл әңгіме ұмыт бола бастағандай да еді. Ойда жоқта қалта телефоны шыр етті. Хабарласып тұрған ар жақтағы кісі:

–Қарағанды экономикалық университетінен. Әлеуметтік сала жөніндегі бөлімнен Маида Қошқарқызы Абдакимова боламын. Балташ Қасенов ағаймен кездескіңіз келе ме? Басшыларымыз да осыны қалайды, – деп амандық-саулықтан соң бұйымтайын білдірді.

Бір кездері кооперативный институт аталып, атағы алысқа кеткен бұл университет бүгінде жаңарып, жасарып заман көшіне лайықты жас мамандарды дайындауда еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орындарының көшін бастап келеді екен. Алыстан көз тартатын тамаша ғимараттың іші де, сырты да таң қалдырып, таңдай қақтыратындай. Білімге құмартқан жастардың сыңғырлаған күлкісі, жарасымды әзілдері жастық шақтың жалауын биік көтеріп тұрғандай. Көңілді жүздері жайдары жастарды көргенде егеменді елдің ертеңіне деген сенімін бұрынғыдан да нығая түсетіндей. Бір сәт солармен бірге өзің де жасарып бара жатқандай сезінесің.

Келісілген уақытта университеттің философия факультетінің табалдырығын аттадым. Жылы шырайлы жүздесуден кейін – Жүріңіз, Балташ Қасенұлдыменен кездесейік, – деп жол бастаған Маида қарындас алға түсті.

Ақ сары жүзді, жылы шырайлы, орта бойлы, ширақ қимылды кісі сәлемімізді жайдары қарсы алды. Таныстықтың алдында бір сәт көз сала қарап, көңілі толғандай кейіп танытып барып – тыңдап тұрмын, айта беріңіз – дегенді ресми тілде айтып қалды. Алдындағы әңгімелерде де Балташ ағай ана тілінде екі сөздің басын онша-мұнша көп қайыра бермейді дегенді естігенім бар-тын. Сол ойды оның алғашқы айтқаны айқындай түскендей болғанына таң қалмадым. Әйтсе де, бұдан әрі қарай әңгімені – қай тілде өрбітсеңіз де өзіңіз біліңіз, – деп ерікті өзіне бергендей сыңай таныттым. Менің бұл ойымды ол кісі дөп түсінді. Сөйтті де, – Айналайын, мен осы ғұмырымның бәрін де де ресми тілде сөйлеп келіппін. Бірақ, мемлекеттік тілді ана тілімді толық түсінемін. Ерікті өзіме беріп тұрсың. Мен шамам келгенше қазақша сөйлеп көрейін, – деді де әрі қарай әңгіме арасында бірде-бір ресми сөз араластырмай сөйлеп кетті. Мен оның айтқандарын қойын кітапшама бірінен соң бірін қалдырмастан түртіп ала бастадым...

...Менің өмір жолым өте күрделі. Туған жерім Атбасар. Кәдімгі кешегі Дуанның орталығы болған жер. Сол жерде 1925 жылы дүниеге келіппін. Әкем – Қасен Қабатовпен шешем – Еркесары Қабатова екеуінен ерте айырылдым. Бүгінде ашаршлық деп айдар тағылған сонау бір жылдардың басы 1931 жылы әкем мен шешем қайтыс болды. Содан кейін мен әр үйде қолдан-қолға өтіп жүріп күн кештім. Баста пана, тұрақты үй жоқ. Жетім бала дегеннің мағынасы менің жүрегімде жатыр. Әйтсе де, бұл тірлікте жақсылардың шуағы көрген қиыншылығыңды ұмыттыра екен. Ел жағалай жүріп Атбасардан Айдабол – Зерендіге өттім. Осында келгенде менің маңдайымнан сипап, қамқорлығына алған бір адам болды. Ол сол жердегі спирт заводының директоры Василий Иванович Крутов болатын. Ұлты басқа болғанмен балажан кісі менің әр босағада жүргенімді естіп, іздеп тауып сол жердегі балалар үйіне өз қолымен апарып тапсырды. Сөйтіп,далада қалудан құтылдым. Соғыс басталғанға дейін Василий Ивановичтің қамқорлығы арқасында заводқа күзетші болып тұрдым. Сондағы алатын айлығым 9 сом. Бұл сол кездегі балалардың қолына тие бермейтін ақша. Құдайдың қолдауы шығар, сол Василий Иванович Ақмоладағы №33 ФЗО-ға апарып түсірді. Ол жерде парвоз жөндеу шеберлігіне мамандандым. Қолыма бесінші разрядты вагон жөндеуші деген мамандығымды айқындайтын диплом алдым. Сол жерден Жаңаарқаның вагон жөндеу депосына жолдама алып жұмысқа келдім. Сол замандағы қаталдықтың бір түрі жұмыстан бес минут кешіккен адам үштіктің ұйғарымымен сотталып кете беретін. Күніге 14 сағат үзіліссіз жұмыс істеу керек. Бала болсам да соғанда шыдадым. Есейдім, 1943 жылы 1 қыркүйекте әскер қатарына шақырылдым. Қарағандыға келіп баратын бағытымызды айқындағанда Тамбовтағы Шапошников атындағы жаяу әскер училищесіне баратыным белгілі болды. Майданның нағыз қызған шағы. Күпініп келген басқыншылардың маңдайы тасқа соғылып кейін қарай қашқан кезі. Училищені кіші лейтенант дәрежесіндегі әскери шен алып аяқтап, 1944 жылы желтоқсан айында Австрия, Венгриядағы майдан шебіне аттандым.

Балташ ағай әңгімесін айта отырғанда анда-санда ойына сол жылдарды түсіргендей болып, әлде көз алдына келтіргендей күй кешіп, сәл-сәл дамылдап алып отырды. Бір ғажабы, адам аттары мен жылдар мен айларды, күндерді жадында қатты сақтап қалыпты. Басында сәл-пәл кібіртіктеп бастаған әңгіме желісі өрілген сайын ағаның қазақшасы асып-тасып толассыз төгіліп жатқандай. Кідірісі жоқ. Әрі қарай тағы да жалғап кетті.

Жеңіс деген жалғыз ауыз жылы сөзді Дунайдың жағасында естідім. Сол күнгі қуанышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ешкім де оны жеткізе алмайды. Тек оны сезінген, түсінген ғана біледі. Сондағы шаттық, сондағы қуаныштай қуанышты бастан әлі кешіп көрмегендеймін. Соғыс біткенмен әскер қатарынан босаған жоқпыз. Полк командирі шақырып алып екі-үш түрлі ұсыныс айтты.

– Әскерде қалып, қызмет істеу.

– Елге қайтып, жұмысқа кірісу. Міне, осы екі ұсынстың біреуін таңдауымыз керек. Ауылға қайтып барсам күтіп оытрған туысқаным да жоқ. Кімге барамын деп те ойланамын. Дегенмен, бойымдағы қазақы қан ауылдың түтінін аңсай береді. Сонымен ауылға қайтуды қаладым. Барғанда барып келген жерін сол баяғы иван Василиевичтің қамқорлығын көрген жер Айдабол болды. Қамқор адамым дүниеден озыпты. Осындағы өрт сөндірушілер командасына жұмысқа тұрдым. Қолы боста демалыс күндері жақын ауылдарға барам. Ондағы ойым мектептің біріне әскери пәннен сабақ берсем дегенге саяды. Сол ойменен бір жолы Көкшетауға бардым. Сол жерде Мыңбай Өтешұлы Ысқақов деген жаны жайсаң бір азамат мені танып – Сен балалар үйінде тәрбиелендің ғой, – деп жөн сұрады. Шынында да, Мыңбай ағай бізге математикадан сабақ берген. Менің сабаққа зеректігімді жоғары бағалайтын. Ұмытпапты. Жағдайымды біліп, қасына ертті. Үйіне алып барды. Ол үйдегі Жұпар жеңгей өз баласындай болмаса туған қайнысындай күтті. Мыңбай Өтешұлы мені облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарына көмекшілік қызметке тұрғызды. Сол қызметте жүріп 1949 жылы жоғары оқу орнына талапкерлерге шақырған үндеуді көзім шалды. Соған іштией дайындалдым. Облыстық атқару комитетінің кең бөлмесінде отырып түннің бір уағына дейін емтиханға дайындалып жүрдім. Бірде атқару комитетінің төрағасы түн ортасында отырған мені көріп, жағдайыммен танысып, білгеннен кейін құжаттарымды дұрыстатып қолыма өз қалтасынан 500 сом ақша беріп, оқуға жіберді. Мен сияқты құлшынып келгенде мұнда да көп екен. Бір орынға бірнеше үміткерден келеді. Құжаттармен танысып, жағдайымды білген қабылдау комиссиясының секретары – Сіз акаедмик Фесенкоға барып жолығыңызшы. Сіздің оқуыңыз керек, жаным ашиды сізге, – деп ақыл айтты. Академикке жолыға алмасам да оның орынбасрымен кездесудің сәті түсті. Тоқ етеріне келгенде 1949 жылы Ленинград қаласындағы мемлекеттік университеттің философия факультетіне оқуға қабылдандым. Соғыстан кейінгі жылдар. Жау құрсауынан босанған Ленинградтың да қиын кезеңдерді бастан өткізіп жатқан шағы. Тапшылық жан-жағыңнан байқалады. Оқи жүріп қол жұмысын атқаруға тура келді. Өзіме таныс вагонға барам, жүк түсіремін, қаражат табамын. Оқуда үздіктер қатарында болдым. Менің алаңдайтын да, көмек күтетін де ешкімім жоқ. Сондықтан да, өзіме өзім талапты қатаң қойдым. Оның нәтижесін көзім көрді. Университетті үздік бітірдім. Жолдаманы Қарағанды қаласындағы педагогикалық институтына берді. Осында екі-үш жылдай ұстаздық қызмет атқардым. Университетті бітірген жылдың келесі жылы Ленинград университетінде аспирантураға сырттай қабылдандым. Жетекшім белгілі ғалым Л. О. Резников еді. Педагогикалық институттағы екі-үш жылдық еңбек ұстаздық жолдың даңғылына шығарды. Кейін көмірлі қаладағы политехникалық институтқа қызмет ауыстырдым. Осындағы философия кафедрасын басқарып, табан аудармай, бір жерде 31 жыл қызмет атқардым. Осы жылдар ішінде қаншама жасқа білім бердім. Ғылыми жұмысқа ден қойдым.

Педагогикалық институтта ұстаз болып жүргенімде қайсыбір әріптестерім – Сіздің ғылыми атағыңыз жоқ қой? – деп әзіл-шыны аралас қағытып қоятын. Сол қамшы болды ма, 1962 жылы КПСС орталық комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясында кандидаттық диссертациямды қорғап шықтым. Сол кезде орталық комитеттің жанындағы бұл академияда ғылыми атақты қорғап шығу деген қиялға да көп қонақтай бермейтін ұғымның бірі сияқты болатын. Жаратқанның қолдауы шығар, сол академиядағы осы салада ғылыми атақты қорғаған тұңғыш қазақтың бірі болғаныма мақтанамын. Кейін де докторлық ғылыми атаққа қол жеткіздім. Мұның бәрі сөз арасында айтып отырғаным ғой. Біреу үшін қорғағаным жоқ. Өз білгенімді, көңілге түйгенімді жастарға ұсындым. Докторлық тақырыбым «Диалектика всеобщего особенного, единичного в «Капитале» К. Маркса» деп аталады. Тақырыбын ресми тілде әдейі айтып отырмын. Әйтпесе, мұны да қазақшалап айтып бере аламын. (Осыны айтқан ақсақал бір жымиып күліп алды).

Әке-шешеден ерте айырылып, басқа ұлттың ортасында ертелі-кеш ғұмыр кешкенім ана тілімнен айырылып қалуға сәл шақ қалдырды. Қалай десе де, ананың сүтімен алғашқы тілім ата, ана деп шыққаннан кейін бүлдіршін кездегі үйренген сөздер санаңда мәңгі қалады екен. Оның сыртында құдай қосқан жарым Ғайни Мұқанқызы қазақы ортаның қаймағы бұзылмаған жерде өсті. Оның қазақшасы менен тәуір. Екеуіміз қосылған 1962 жылдан бері ол сауда саласында абыройлы еңбек етті. Екі үл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Заманның ағымы ма, балалар қазақ тілінен қағажу қалды. Қазір қыздың біреуі Москвада, үлдың біреуі Татарстанда. Бәйбіше екеуіміз Қарағандыдамыз. Егемендік алған елдің болашағына үлкен үмітпен қараймын. Тәуелсіздік дегенді жалаң түсінбейік. Тәуелсіздік дегенің өзіңді өзің танып біліп, мойындауың дер едім. Мен бұл сөзді санамның сүзгісінен өткізіп барып айтып тұрмын. Бұрын Мәскеудің ауа райына зер салатын едік. Солай болды да. Ол кезді, ол заманды жамандай да алмаймын. Алайда, тәуелсіздігімнің туы көңілімді жоғары өрлете береді. Осы тәуелсіздіктің бергені емес пе. Ақын Жұбан Молдағалиевтың «Мен қазақпын» деген поэмасының ресми тілдегі жарияланғаны қолыма ойда-жоқта түсті. Оқып көрсем өзіне қарай тарта берді. Оқи түстім. Мың өліп, мың тірілген қазақтың менде біреуі емеспін де. Тар жол, тайғақ кешуден өттім. Намысымды оятты. Сол күннен бастап әр таңды қрсы алғанда өзіммен-өзім іштей қазақша сөйлесіп, күбірлесетін күй кештім. Мұны бүгін ғана атып отырмын. Соның нәтижесі емес пе, екі сағат бойы таза қазақша сөйлеп кеттім. Көріп тұрсың ғой, мен қазақша сөйлеп отырмын. Өзім де осыған таң қалып тұрмын. Дәл осылай қазақша сөйлей алатыныма көзім жетті. Қазақша сөз бастатқан саған рахмет, айналайын. (Ағамыз мерейленіп, күлімдеп, шаттанғанын жасыра алмады).

Алдында ресми тілде ғана әңгімелесе алады дегенді естігенде оған да пейілді болып барған мен ағаның ақжайма көңіліне риза болдым. Әңгміе арасындағы бір сөздің ретінде Жұбан ақынның «Мен қазақпын» поэмасынан ұзақ үзіндіні толқындата оқып бергеніне де еш таң қалмадым.

– Поэманың құдыреті шығар, намасым оянды. Өзімнің де қазақ екенімді және бір рет ойыма алғандай болып ұлтымның алдындағы борышымды қалай орындап жүрмін деген сауалды өзіме тіке қойдым. Көп ойлана келіп, баспаға «Намыс» атты кітабымды ұсындым. Бұл философиялық эссе Қарағанды қаласында 1999 жылы басылып шықты. Менің осы кітабымды оқып шыққан ақын Мұзафар Әлімбаев маған арнап хат жазды. Жоғары бағалапты. Кейін «Намыстың» екінші, үшінші кітабын шығардым. Асылы, намыс дегеніңіз, комплесті ұғым. Жастардың намыс отын тұтатуына үлес қоссам дедім. Мысқалдай болса да көмегім тисе кәнекей. Белгілі ғалымдар, академиктер, ақындар мен журналистер де «Намысты» ұлттық тәрбиеге қосылған үлкен үлес деп баға беріп жатыр. Маған осы да жарайды.

Балташ Қасенов аға Ұлы Отан соғысының отты жолынан өтті. Украина майданындағы 165-ші полкте взвод командирі болды. Омырауы адал еңбегінің айғағындай, ерлігінің белгісіндей болып жарқыраған орден, медальдардан қайысады. Сәл ғана ақырын жымиып, құлаққа жағымды майда үнімен әңгіме айтқанда тыңдаушысын өзіне бірте-бірте баурап ала береді. Бұл шешендігі шығар. Ғылым докторы, профессор. Ал, әскери шені полковник. Бірнеше рет халық құрметіне бөленді. Қалалық, облыстық іс-шаралардың басықасныда жүр. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының қаңтар айының соңындағы халыққа арнаған Жолдауына орай экономикалық унисерситетте өткен жиында көпшілік алдына Балташ Қасенов аға шықты. Жолдаудың мазмұны мен мағнасына терең талдау жасады. Әріптестері де, студенттер де байыпты ұстаздың әңгімесін сүйсіне тыңдап қол соқты. Үстіміздегі жылдың наурыз айының 15-ші жұлдызында Балташ Қасенұлының 85 жасқа толуына орай аталған университетте ғылыми көпшілік конференция өтпекші екен. Оны да осы университеттің көрнекі жеріне қойылған аңдатпадан байқадық. Қарапайым, қадірлі жанның қандай құрметке болса да лайық екеніне қуандық. Қанындағы қазақылық жоғалмағанына, оны жоғалтпағанына сүйсіндік. Сексеннің бесеуіне келсе де жастар ортасында жадырап жүргеніне марқайдық. «Жақсының сүйегі асыл» деп бұрынғылар айтатын сөзге көз жеткізетіндей болдық. Шынында да, әлі де қатардан қалмай ұстаздық атты ұлықтап жүрген ағаның жастарға үйретері де аз емес-ау дегенді көңілге түйдік.

Батырбек Мырзабеков.

Қарағанды қаласы.

1620 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз