Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 22 Желтоқсан, 2016

«Көмектің» көмегі көп

Қоғамда қаншама жандардың мейірімге зәру, көмекке мұқтаж екенін, аялы алақанның жылуын сезінуге көңілі құштар екенін  сеземіз. Олардың тағдырына алаңдап,  өмірлерінің жақсаруына тілектес болғанымызбен, үнемі жадымызда ұстағанымызбен, нақты көмегімізді беруге түрлі себеп айтып, уақыттың, көңілдің жетпей жататыны жасырын емес. Әлеуметтік жағынан әлсіз жандарға көмек беру – қайырлы іс. Әсіресе, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан сәбилердің мейірімге, қамқорлыққа  мұқтаж екенін сезгенде, ауыр ойға қалатынымыз анық. «Басыңа іс түссе, жақсы көмек етеді, жаман күліп кетеді», - дейтін сөздің бекер айтылмағанына көзіміз жете түседі.    Адамгершілік, имандылық, қайырымдылық  секілді рухани құндылықтарды жоғары бағалаған,  «Адамнан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады» - деген қағиданы өміріне ұстаным еткен қазақ халқының   данышпандық  өмір салты  жақсылыққа, қайырымдылыққа  негізделгені,  басты мұраты рухани байлыққа, имандылыыққа үндейтіні көңілге қуаныш ұялатады.Қоғамдағы сондай жандарға көмектесіп, рухани тұрғыдан қолдап, қаржылай демеп жүрген азаматтар да аз емес. Ал студенттердің  ықылас, мейірім күтіп жүрген жандарға көмек қолын созуға талпынуы, оған өз үлесімді қоссам дейтін ұмтылысы, ниеті әбден құптарлық, қуантарлық жайт. Осы орайда  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кеңінен қолдау тапқан «Айналаңды нұрландыр» жобасының, «Көмек» қоғамдық ұйымының ауқымы кең, ізгі мақсатқа арналғанын, қайырымды жастардың талай іс-шараға мұрындық болып, қоғамды ізгілендіруге титтей де болса үлес қосып жүргенін көріп қуанамыз.

     Ұйымның  мейірімді, белсенді мүшелері Алматы қаласындағы  №1 құлағы нашар еститін және мүлдем естімейтін балаларға арналған түзету мектеп-интернатына барып, балалардың көңіл-күйлерін көтеріп, сабақтарына көмектесуді өз еріктерімен  атқаруды  жолға қойған. Қарттар, балалар үйіне барып, «Жақсылық жасаудан жарысайық», «Бар жақсылық - балаларға» т.б. қайырымдылық шараларын өткізіп, жүрек жылуын сыйлап, мейірім танытудың өзі көп нәрсені аңғартпай ма?

      Факультеттегі ұйым мүшелері өзге тілектестерімен бірігіп, «Нұр-Мүбәрәк» мешітінің алдында, жұма күндері қайырымдылық жәрмеңкесін өткізіп, одан түскен қаржыны Түркістан қаласындағы Шыңғыс есімді бүлдіршіннің еміне жұмсауға жіберуі де  жастардың имандылық жолында атқарып жүрген істерінің бір парасы ғана. 0111

       Жақында Филология және әлем тілдері факультетінде «Алтын жүрек» атты  қайырымдылық жәрмеңкесі өтіп, оған студенттердің қолымен жасалған саналуан дүниелер сатылымға қойылды. Жәрмеңкедегі әсем безендірілген, шебер әрі қарапайым қолмен жасалған түрлі бұйымдар олардың ұмытыла бастаған қолөнерден хабары бар екенін дәлелдесе, екінші жағынан, сатылуға қойған бұйымдардың  өнерлі қолдан шыққаны да  көпшіліктің назарын аудартып, көңілдерін бір марқайтты. Епсек қолмен дайындалған, тілі дәм үйірер тәтті тоқаштар, бәліштер де жәрмеңкеге қатысушылардың көңілінен шығып жатты. Ең бастысы, түскен қаржының түгелдей қаладағы «Нұр» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, солардың игілігіне жұмсалатыны. Аталмыш шараны шетел филологиясы мамандығының  студенттері жалпы және қолданбалы  психология кафедрасының оқытушысы, қайырымдылық бағытындағы игі істердің ұйытқысы болып жүретін Айгүл Лиясованың басшылығымен, «Көмек» қоғамдық қорының қолдауымен өткізді. Жасаған еңбектері текке кетпей, бос уақыттарын пайдалы, қайырымды іс жасауға арнаған студенттерге факультет ұжымы  қолдау білдіріп, ал жиналған 45 000 теңге балалар үйіне жіберілді. «Кең пейілді кемімес, тар пейілді кеңімес», - демекші, жүрегі нұрға тұнған, иманға суарылған ибалы, қайырымды жастардың ізгі ниеті оң болсын!

Шоқан Шортанбаев,

Филология және әлем тілдері факультетінің аға куратор-ұйымдастырушысы

1557 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз