Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 04 Наурыз, 2010

Автокөлік құны аспандап барады

Жаңа жылдан бастап, автокөлік бағасының қымбаттағандығы туралы алып қашпа әңгіме басылар емес. БАҚ-тан беріліп жатқан ақпараттардың дені осыған саяды. Былтыр жыл аяғында «Кедендік одақ аясында автокөлік бағасын арттырған монополист компаниялармен тиісті органдар айналысуы тиіс» деген болатын ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев. Атаулы органдардың автокөлік қымбатшылығынан да маңызды жұмыстары болды ма, әлде қысқа жіп күрмеуге келмеді ме, әйтеуір жұрт аспандаған нарыққа «қарық» болды...

Гу-гу әңгіме расқа айналды. Көлік удай қымбат. Уақыт өткен сайын автокөлік құны артпаса, төмен түспейтіндігіне елдің де көзі жете бастады. Қазақстанның Статистика агенттігінің мәлімдеуінше, 2009-жылдың каңтар-қазан айларында Қазақстанға 91 217 жеңіл автокөлік әкелінген екен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 27 пайызға аз. Сонда қалай болғаны? Біздіңше, бұл – автокөліктердің қымбаттау салдары. Ауылдан қалаға ағылып келген қазақтардың басым бөлігі пәтер жалдап тұрады. Азық-түлік, пәтерақы, киім-кешек секілді күнделікті тұрмыс қажеттіліктерімен жүрген қарапайым халықтың бұдан бұлай «темір тұпарды» армандауға да мұршасы келмейтін түрі бар. Ресми емес деректерге сенсек, автокөлік бағасы 30 пайызға артқан. Қараша халық үшін 30 пайыздық қымбатшылық төбеден жай түскендей әсер етері айдан анық.

Шетел асып жететін автакөліктердің дені пайдаланылған болып келеді. Осыдан 4-5 жыл бұрын Еуропа су астында қалған. Сонда тұзды судың астында қалып, асты шіріп кеткен көліктердің ТМД жұртында саудасы жүрді. Осындайда өзгелердің қаңсығын таңсық көре бергенше, өз елімізде неге автокөлік шығаратын зауыттар салмасқа деген ой туады. Владимир Школьник индустрия және сауда министрі болып тұрған кезінде: «Шетелден келетін ескі-құсқы, темір-терсекті жинай бергенше, отандық көліктерге сұранысты арттыру керек» деген болатын. Айту басқа да, оны жүзеге асыру бар. «Отандық көліктердің айын оңынан тудырамыз» деп сөзі мен ісі бір жерден шығатын шенеуніктер айтса ғой, шіркін.

Сіз не дейсіз?

Өмірзақ ШӨКЕЕВ

ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары:

– Әрине, Кедендік одақ аясында кейбір бағытта бағаның артуы орын алуы мүмкін. Мәселен, жұртшылықтың алаңдаушылығын тудырып отырған автокөліктерге баға мәселесін алып қарайық. Егер автокөлікке қатысты статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, 2007 жылы елімізге 300 мыңнан астам көлік әкелінген екен. Оның 70 пайызы ұсталған, ескірген көліктер. Бұлар негізінен Жапония мен Германия елдерінен жеткізіледі. Ал бұл көліктерге Қазақстан мен Ресейдің арасындағы кедендік баж салығының айырмашылығы 70 пайызға дейін жетеді. Яғни, Ресейде Қазақстанға қарағанда кедендік баж 70 пайызға артық. Ендеше бұндай автокөліктер Ресейге қарағанда Қазақстанда 70 пайызға дейін арзан болуы тиіс екен. Ал қазір бұндай ұсталған, ескі шетелден келетін автокөліктердің бағасы Ресейде де, Қазақстанда да бірдей. Бұл тұрғыда негізгі пайданы шетелден автокөлік тасымалдаушылар көріп отыр. Оның үстіне жаңа автокөліктер саудасындағы жағдай да осындай. Тіпті жаңа автокөліктер саудасында біздің нарықты екі-үш компания ғана монополияға айналдырып отыр. Ал кедендік баж бойынша айырмашылықты құрап отырған 20-30 пайыз табыс сол компаниялардың қалтасына құйылып, сатып алушы бұдан еш пайда көріп отырған жоқ. Кедендік одақ іске кіріскеннен бастап монополия құрған компаниялар автокөліктер бағасын арттыруға талпынса, бұнымен Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мен прокуратура және құқық қорғау органдары айналысуы тиіс. Өйткені, нарықта баға құбылмауы шарт. Тіпті баға құбылса да, ол айтарлықтай сезілмеуі керек.

Вырезка 1

Экономика салаларының барлығында 30 пайыздық қымбатшылық орын алды. Дәл осы жағдай көлік саудасынан да көрініс табуда. Еліміздің Статистика агенттігінің хабарлауынша, 2009-жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанға 91 217 жеңіл автокөлік әкелінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға аз. Ал жүк көліктерінің импортының көлемі 2009-жылдың қаңтар-қазан айларында 41%-ға дейін төменген. Өткен жылы елімізде бар-жоғы 600 жеңіл автокөлік және 340 жүк мәшинесі өндірілген.

Вырезка 2

АЛМАТЫДА ҚАНША АВТОКӨЛІК БАР?

Ресми мәліметтерге жүгінер болсақ, осы күні Алматы қаласы бойынша 523170 автокөлік тіркелген. Ал күнделікті сырттан келіп жатқан көліктерді кім санаған…

Қазір мегаполиста жол қауіпсіздігі мен ережесін сақтау қиынның-қиыны болып отыр. Жұмысқа баратын және қайтатын, ертеңгі және кешкі уақыт Алматы жолдарында нағыз тығынның басталатын кезі. Жол ережесін бұзу оқиғалары да осы кезде көп кездеседі. Жол ережелерін сақтамау, өрескел бұзу оқиғалары жастар арасында көптеп кездеседі екен.

Вырезка 3

сутегі батареясымен жүретін автокөлік

Жапонияда сутегі батареясымен жүретін үш экологиялық таза машина серсенбі күні жолға шықты. Ұлттық автокөлік жасау саласының келешегімен байланыстырылып отырған жаңа көліктер 1100 шақырымдық «жорыққа аттанды». Токио қаласынан шыққан олар жолда екі рет зарядталып Кюсю аралындағы Фукуока қаласына бармақ. Бұл сапар, сутегі машиналарының өз мүмкіндіктері бойынша бензинмен жүретін көліктермен теңесіп қалғанын көрсету үшін ұйымдастырылып отыр. Автожорыққа "Тойота", "Хонда" және "Ниссан" корпорацияларының тәжірибелік көліктері қатысуда.

1362 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз