Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 04 Наурыз, 2010

Экономика: нарық жетегіндегі халық

«Қазақмыс» Бозшакөлді қолға алды

Биыл Павлодар облысында тағы бір инвестициялық жаңа жоба – Бозшакөл кен байыту комбинатының құрылысы басталады. Кеншілер қаласы Екібастұздан 90 шақырым жерде орналасқан кенді өңірдегі бұл жобаны «Қазақмыс» компаниясы жүзеге асырады. Сонымен қатар компания Екібастұз ГРЭС-1 стансасының өндірістік жүйесін кеңейту жұмыстарын да қолға алмақ.

Бұл туралы облыстық әкімдікте әкім Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен жиналыста «Қазақмыс» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы В. Ким мәлім етті. Елбасы Жолдауында тапсырылған жедел индустрияландыру бағдарламасының жаңа кезеңіне сай қолға алынған бұл жобаның жалпы құны – 2 млрд теңге. Жоспар бойынша комбинаттың құрылысы 2014 жылы аяқталады. Комбинат құрылысына 4500 адам жұмысқа тартылады. Бұл Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Баянауыл, Май аудандарының жастары комбинат құрылысына тартылады деген сөз. Ал, кен орнын одан әрі қарай игеру барысында 1500 маманға тұрақты жұмыс орны ашылады.

Бозшакөл кен байыту комбинатының іске қосылуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал жасайды. Мамандардың айтуынша, комбинаттың жұмыс жасауына Екібастұз ГРЭС-1 станса өндірісі мен Шідерті су қоймасының қоры пайдаланылмақ. Сондай-ақ, Бозшакөл кен байыту комбинаты алдағы жылдарда Жезқазған және Балқаш металлургиялық зауыттарын да шикізатпен қамтамасыз етеді. Геологиялық барлау жұмыстары одан әрі де жүргізіле бермек, ал қазіргі болжам бойынша мұндағы мыс пен концентрат қоры 39 жылға жетеді. Комбинат айналасында облыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің топтасуына да мүмкіндік туады.

Экологиялық туризмді дамытуға арналды

Қарағандыдағы «Экологиялық мұражай» қоғамдық қоры мен Немістің табиғат қорғау және биожанжақтылық (NABU) қоғамының ұйымдастыруымен облыстың Ақтоғай ауданының Шабанбай би селолық округінде экологиялық туризмді дамытуға арналған семинар өтті.

Еуроодақ қаржыландырып отырған «Экомұражайдың» бұл жобасы «Орталық Қазақстандағы экологиялық туризм және жұртшылықтың ақпараттық қамтылуы» деп аталады. Өткен жылдың соңында осы мұражайдың бастамасымен Астанада үлкен басқосу өткізіліп, онда Шабанбай би ауылында киіз-жүн өнімдерін экологиялық таза қалыпта өңдеу жайы басты тақырып болған еді. Экологтардың айтуына қарағанда, Ақтоғай ауданының Шабанбай би ауылының таңдап алынуы – оның географиялық ерекшелігі мен ел тарихында алар орнына байланысты.

Түрлі деңгейдегі мінберлерден айтылумен ғана келе жатқан экотуризм мәселесімен нақты айналысу үшін сырттан қаражат тауып, жанды шаралар ұйымдастырып отырған бірден-бір ұйым болып табылатын «Экомұражайдың» еліміздегі экологиялық ахуал төңірегінде жүзеге асырып жатқан жұмысы да ауқымды.

«Самұрық-Қазына – Астана» қоры құрылды

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ директорлар кеңесінің шешімімен «Самұрық-Қазына – Астана» корпоративті қоры құрылды. Жаңа қор «Самұрық-Қазынаның» әлеуметтік және қайырымдылық жобаларын басқару және үйлестіру жұмысын жетілдірумен айналысады.

Корпоративті басқарудың әлемдік тәжірибесіне сәйкес құрылған қор ашық, жауапты және есеп беру тетіктерін құру арқылы компанияның әлеуметтік және қайырымдылық бағыттағы жобаларды қаржыландыру қызметін реттеуге мүмкіндік алады.

«СҚ – Астана» қызметінің негізгі бағыты елімізде спортты қолдау және дамыту, бұқаралық спорт түрлерін дамыту, осының негізінде Қазақстан Республикасының үлкен спорттық бәсекелерде жоғары нәтижелерге жетіп, биіктерден көрінуіне ықпал жасау болып табылады.

Әлемдік білім кеңістігіне ұмтылыс

Алматыда энергетика, электротехника және автоматтандырылған жүйелерге техникалық қызмет көрсету салалары үшін мамандар даярлайтын Қазақ-француз оқыту орталығы ашылатын болды.

Қ. Сәтбаев атындағы ҚҰТУ-дің базасында аталған оқыту орталығын құру 2009 жылдың қазан айында Елбасы Н. Назарбаев пен Франция мемлекетінің басшысы Н. Саркозидің Астанадағы ресми кездесуі барысында қол қойылған мәдениет және білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады. Осыған орай Қ. Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университеті, Францияның Білім және ғылым министрлігі және Schneider-Electric компаниясы арасында үшжақты келісімге қол қойылды. Келісімге сәйкес, оқытушылар арнайы даярлықтан өткізіледі, ал Schneider-Electric компаниясы оқыту орталығын жоғары сапалы заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған зертханамен қамтамасыз етеді. Оқыту ісі соңғы үлгідегі инновациялық білім беру бағдарламаларының негізінде жүргізіледі. Бұл университеттің жоғары білікті мамандар даярлауына және әлемдік білім кеңістігіне енуіне мүмкіндік береді.

931 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз