- TENGE MONITOR
- 04 Наурыз, 2010
Мейірімнің кәусар бұлағы

Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан үшін ең негізгі басымдықтың бірі – білім. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы халыққа Жолдауында жиырма бірінші ғасырдың алғашқы онжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық белестерімізге қорытынды жасап, 2020 жылға дейінгі дамуымыздың бағыт-бағдарын айқындап бергенде де білімге барынша назар аударды. Жолдауда Елбасымыз Қазақстан дамуының басты шарты қоғам мүшелерінің білім деңгейінің артуына тікелей байланысты екендігін атап көрсетті.
Осы орайда республикамыздағы іргелі оқу орны – 75 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқытушы-профессорлық құрамының алдында тұрған міндеттер ауқымды. Елбасымыздың «ҚазҰУ – бұл Қазақстанның жоғары білім жүйесінің іргетасы» деуі тегін болмаса керек. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар ішінде білікті мамандар дайындау ісіне үнемі көңіл бөліп келе жатқан Мемлекет басшысының бірнеше мәрте біздің университет ұжымымен кездесіп, пікір алмасуы, алдымызға жаңа міндеттер қоюы, қалашықты аралап көріп, нақты көмек беруінің арқасында ғылым мен білімнің қарашаңырағы – ҚазҰУ серпінді даму жолына түсті.
Жаһандану дүниежүзілік деңгейде мойындалатын сапаның болуын талап етеді. Осыған орай Жолдауда айқын көрсетілген басым бағыттардың бірі – білім беру саласын халықаралық стандарттарға сай дамыту жайы. Отандық университеттер рейтингі жөнінде қатаң талап қойылды, жоғары оқу орындарының халықаралық деңгейдегі қызметін жандандыру туралы тапсырмалар берілді. Әлемдік білім деңгейіне кірігу үшін өзіміздегі бармен шектеліп қалмай, оны заманауи жақсы жетістіктермен, озық үлгілермен ұштастыра білудің пайдасы зор. Біз шетелде қандай білім беріліп жатыр, қандай технологиялар пайдалануда деген қызығушылықпен көптеген жастарды шетелге білім алуға жібердік. Сол шетелден білім алып келген жас мамандарды оқу орындарында пайдаланып, білімнің сапасын, беделін көтеруіміз керек. Шетелдік озық технологиялар мен әдіс-тәсілдерді өзіміздің ұлтттық ерекшеліктерімізге сәйкес пайдалана білуіміз қажет.
Елдің интеллектуалдық капиталы мен қоғамның инновациялық әлеуеті тек қана білім арқылы келетіндігі белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, қазір күн тәртібінде тұрған оқу орны мен мамандықтарды халықаралық аккредиттеуден өткізу – Елбасының бақылауында тұрған тапсырмалардың бірі. Бұл тұрғыда біздің университетіміз сенім биігінен көріне білді. Жақында Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық аккредитациялық орталығы тұңғыш рет халықаралық үлгі бойынша жоғары оқу орындары аккредитациясының қорытындысын шығарды. Осыған орай өткізілген министрліктің кеңейтілген отырысында министр Ж.Түймебаев отандық жоғары оқу орындарының ішінде ұлттық аккредитацияны сәтті өткізген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Жұмағұловқа халықаралық үлгідегі жаңа сертификат тапсырды.
Институционалды аккредитация – университеттің өзін-өзі бағалауы мен жоғары оқу орнының қызметін сыртқы бақылау негізінде жүргізілетін Болон үдерісі аясындағы міндетті шара. Осы шараның барысында ҚазҰУ қызметінің барлық саласымен жан-жақты танысқан тәуелсіз комиссия оның миссиясы, мақсаты мен міндеті ұлттық саясатқа және халықаралық талаптарға, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық, ғылым-білім және мәдени дамуына сай келеді деген қорытындыға келді.
Сонымен қатар, шетелдік және отандық жоғары оқу орындарының, академиялық қоғамдыстық пен жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құралған сарапшылар тобы ғылыми ізденістердің, білім сапасының жоғары деңгейін, студенттердің оқу және тұрмыс жағдайының жақсы екендігін атап өтті. Уақыт талабына сай ақпараттық технологияларды енгізуде білім ордасының озық құрал-жабдықпен жарақтандырылу деңгейінің жоғары да сапалы екендігіне назар аударылды.
Бүгінгі студент – елімізде қабылданған стратегиялық маңызы бар бағдарламаларды іске асыратын болашақ маман. Осы орайда, Президент Жолдауындағы ел дамуының жаңа міндеттеріне сай жоғары білім беру жүйесін алда да күрделі өзгерістер күтіп тұр. Бұл әрине, дүниенің бүгінгі дамуын ескерсек, жаһандану дәуірінің жылдамдығына сай талаптар болмақ. Ендеше, бүгін бізді еліміз жаһандану үдерісіне қалай ілесе алады, елдік һәм ұлттық бет-бейнемізді қайтіп сақтаймыз, ғаламдық өзгерістерге біз не қоса аламыз, әлемдік білім теңізінің тереңінен інжу-маржанды қалай сүземіз деген мәселе ойлантуы тиіс. Осы кезеңде жастарға берілер білімнің мазмұнын ұлттық құндылықтармен, мәдениетаралық түсінік-пайыммен, ақпараттық жетістіктермен, тілдік байлықпен (ана тілі және шетел тілдері) толықтыру – басты мақсатымыз. Отандық тіл білімі ғылымының дамуында өзіндік орны бар, қазақ руханияты өркендеуінің көшбасшысы саналатын ҚазҰУ-дің бұл тұрғыда еліміздің интеллектуалдық капиталын байытып, ортақ игілікке қосатын олжасы аз болмайды деп ойлаймын.
Әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына қосылуға ұмтылған еліміздің биік мақсаттарын жүзеге асыруға қабілетті білікті мамандар дайындау сынды абыройлы да жауапты міндет жүгін арқалап жүрген әйелдер қауымы аз емес. Отандық білімнің бар саласында еліміздің ертеңін тәрбиелеу ісіне үлес қосып жүрген аналар мен қыз-келіншектерді, мейірімнің кәусар бұлағы – барша әйелдер қауымын төл мерекелерімен құттықтап, отбасында баянды бақыт, еңбектерінің жемісті болуына тілектеспін!
Шолпан ЖАМАНБАЛАЕВА,
ҚазҰУ ректорының тіл және
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

1114 рет
көрсетілді0
пікір