- TENGE MONITOR
- 04 Наурыз, 2010
Кеден одағы: жергілікті өндірушілердің мүддесін кім қорғайды?
Өткен аптада Президент аймақтарда «Кедендік одақ» аясындағы жұмыстың бей-жай қалыпта жүріп жатқанын сынады. «Облыс әкімдері баяғыда-ақ өз облыстарында бизнесмендерін тегіс жиып, Кедендік одақтың үлкен нарығына олардың немен шығатындығын анықтауға тиіс еді. Одан кейін іскерлер сол жаққа аттанып, Беларусь пен Ресейдегі жағдайға көз қанықтырып, не сата алатындықтарын анықтап, ендігі қызу тірлікті бастап кетулері, қызығын көріп жатулары керек еді» деп кемшіліктерді көзге түрткен Елбасы барлық өңір басшыларына бұл жұмысты қолға алуды міндеттеді.
Шын мәнінде, «Кедендік одақтан күтер келешегіміз қандай болар екен?» деген ой қазір қай кәсіпкердің болсын басында жүр. Біреу үркіп қарайды, біреу үміт күтеді. Мәселен, павлодарлық «Қазэлектромотор» ЖШС-нің директоры Жан Сартаев өзімізің шикізатты пайдаланатын өндіріс орындары бұдан зиян шекпейді деп есептейді. Электр құрал-жабдықтарды жөндеумен, өткізумен және стандартты емес жабдықтарды шығарумен айналысатын «Қазэлектромотор» серіктестігі маркетинг бөлімінің мамандары Кеден одағының өндірісті әлсіретпейді, қайта ресейлік әріптесі «Сибэлектромотормен» қатынас күшейе түседі деген болжамға келген. Шикізатты көршілес елден тасып әкелетін кәсіпорындарға бірыңғай кедендік одақтың қиындық тудыруы мүмкін. Ондай өндіріс өзін ақтамайды. Тағы бір ескеретін мәселе, көрші елдерде азық-түлік бағасы қымбаттау, сол себепті біздің арзан өнімдер сол жаққа кетіп қалуы мүмкін. Оның арты өзімізге қиын тимесе болғаны, сондықтан бізге елдегі азық-түлік бағасына жіті бақылау қажет секілді, дейді кәсіпкер.
Бұдан былай шекарамыз ашық болған соң бізге шетелдік тауарлар көптеп келеді. Олармен бәсекелесуге біздің кәсіпорындардың шамасы жете ме, кім білсін? «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының атқарушы директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Бақытриза Дүйсембаевтың пікірінше, Кеден одағын құру - көршілес елдермен экономикалық қарым-қатынасты дамытуды көздейтін саясат. Қазірде біздің кәсіпкерлердің 60 пайызы ресейліктермен жұмыс істейді. Кедендік тарифтердің жеңілдетілуі оларға тиімді. Десе де, одақтың құрылуына байланысты даму бағытымызды өзгертуіміз керек. Ресейліктер мен қазақстандық кәсіпкерлердің бірлескен кәсіпорындар ашқаны ұтымды. Сонда біздің өнім өндірушілер - сол жаққа, көршілес елдің кәсіпкерлері біздің елге өнімдерін өткізеді. Бұл бастапқы кезеңде экономикалық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді. Қазірде Павлодар облысы жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларымен өзін-өзі ғана емес, бірді-екілі аймақты да қамтамасыз ете алады. Бірақ сол өнімдердің көбі шикізат күйінде. Енді соларды өңдеуге ендігі жерде ресейлік және беларустық технологияларды пайдалану мүмкіндігі пайда болады. Алдағы уақытта «Ертіс» корпорациясы сервистік-дайындау орталығын ашып, осы өнімдерді қабылдауды ойластыруда. Осындай жаңа бағытта дамитын болсақ қана, ортақ кеден одағы біз үшін пайдалы болмақ.
Енді облыс әкімдігінің болжамы бойынша кеден одағынан күтер келешегіміздің жайына келсек. Болашақтың жағдайы облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың облыстың БАҚ өкілдерінсіз өткізген кеңесінен белгілі болды.
Бүгінде Павлодар облысына әкелінетін импорттың 72 пайызы - Ресейдің үлесінде екен. Оның 60 пайызы – мұнай шикізаты болса, қалған 12 пайызды металл құрастыру бұйымдары, қара металл түрлері және органикалық химия өнімдері құрайды. Ресей Федерациясынан әкелінетін тауарлардың екінші бір маңызды тобы – азық-түлік. Өткен жылы облысқа 600 млн. теңгенің тамақ өнімдері әкелінген. «Кеден жүйесінің қай жерінде ұтып, қай жерінде ұтылатынымызды нақты талдап алуымыз керек - деп атап өткен аймақ басшысы. Кеңеске қатысқан ірі кәсіпорын басшылары жаңа экономикалық жағдайларға байланысты өздерінің жоспарларын белгілеп, келешектегі мүмкіндіктерді қарастырып қойғанын мәлімдеген. «Сүт» АҚ директоры Сәуле Дүйсембаева «Кеден одағына енуіміз дұрыс қадам, бізге әрі қарай өсу керек. Ресей және Беларусь секілді сүт өндіру саласының алпауыттарынан қорқуымыздың жөні жоқ. Өткен жылы біздің зауытта модернизациялау жұмыстары жүргізілді, жаңа технологиялар енгізілуде. Бұл ретте бізге «Лактолис» әлемдік ірі сүт компаниясының мамандары көмектесуде. Егер былтыр Ресейге 200 тонна құрғақ сүт экспорттаған болсақ, биыл оның көлемін тағы 30 пайызға ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», деді. «Ромат» фармацевтикалық компаниясы президенті Тұрарбек Рақыш кәсіпорын үш жаңа жобаны іске асыруға кіріскенін, қазірде ептеп Ресей нарығына шығып жатқанын жеткізіпті. Келешекте өндірілетін дәрі-дәрмектердің 70 пайызы экспортқа бейімделеді.
Облыс ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Бауыржан Қасеновтың пікірінше, Кеден одағы аймақтың ауыл шаруашылығы үшін жаңа мүмкіндіктер береді: шекаралас аймақтарға өнім шығаруға, бірлескен кәсіпорындар құруға және инвестиция тартуға жол ашады. Қазірде алған тапсырмасына сәйкес тиісті құзырлы органдар басшылары Кеден одағы жағдайында жергілікті тауар өндірушілерді қолдаудың қосымша шараларын әзірлеуге көшті. Онда мемлекеттік қолдауға мұқтаж кәсіпорындар тізімі жасалуға тиіс. Ресей нарығына шығуды қалайтындар үшін облыстың экспорттық мүмкіндіктерін ілгерілету жөніндегі арнайы карта дайындау да жүктелді. Мемлекеттік органдар баға мәселесіне де бейқам қарамау керек деп түйді.
Осылайша Павлодар облысы Кеден одағының талаптарынан шығуға байланысты белсенді қимылға енді ғана көше бастады. Осы жерде айта кетер мәселе, мықты үш елдің өндірушілері бәсекелестікке түскен уақытта бізге отандық кәсіпорындардың мүддесін қорғауды басты міндет ретінде белгілеген жөн. Егер ертең көршілес елден келетін импорт тасқынын тежей алмасақ, өзіміздің өндірушілер пұшайман болады. Ондай жағдайда Елбасы Жолдауында айтылған «2014 жылға дейін ішкі нарықтағы азық-түлік тауарларының 80 пайызын отандық өнім құрауға тиіс» деген талапты орындау қиынға түспек.
Еркін ЕРТІСБАЕВ,Павлодар облысы

842 рет
көрсетілді0
пікір