Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 04 Наурыз, 2010

Қазақстан ЕҚЫҰ дамуын жаңа деңгейге көтермек

Халықаралық ауқымда Қазақстанның беделі соңғы кезде артып келеді. Оның тағы бір дәлелі ретінде Қазақстан сыртқы істері министрі, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы төрағасының міндетін атқарып жүрген Қазақстан сыртқы істері министрі Қанат Саудабаевтың халықаралық деңгейде жүзеге асырып жатқан іс-әрекеттері мен шараларын және оларға беріліп жатқан бағаны атауға болады.

Қысқа уақыт ішінде біздің еліміздің ресми өкілі БҰҰ штаб-пәтері орналасқан Нью-Йорк қаласында, ЕҚЫҰ штаб-пәтері орналасқан Вена қаласында, Оңтүстік Кавказдағы үш республиканың астаналарында және Қытай Халық Республикасының астанасы Пекинде болып, біраз шаруаны атқарып үлгерді.

Бұдан соң Қ.Саудабаев Украинаның жаңадан сайланған президенті Виктор Януковичтің сол қызметіне кірісу рәсіміне қатысу мақсатында Киевке жол тартты.

Ол болған жерлердің барлығында да Қазақстан елі мен оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың абыройлылығы мен беделділігін көрсететін жылы-жылы сөздер айтылып жатыр.

Осының бәрі еліміздің халықаралық деңгейде саяси ғана емес, маңызды экономикалық та күшке айнала бастағанының арқасында мүмкін болған болса керек. Бұдан бірер жыл бұрын елбасының бастамасы бойынша Қазақстан Республикасы өз алдына таяу жылдар барысында әлемдегі бәсекелестікке ең бейімді 50 мемлекеттің қатарына ену мақсатын қойды. Ондай міндетті қойса, қойғандай. Шындығында да, бұрынғы социалистік елдердің ішінде Қазақстан экономикалық реформалары ең қарқынды түрде ілгерілеген елдердің бірі болып табылады. Мәскеу орталығы болған бұрынғы одақтас республикалардың ішінде жалпы көрсеткіш бойынша біздің алдымызға шыға алатындары – тек Ресей мен Украина. Ал жан басына шаққандағы көрсеткіш бойынша бізден оза алатындары – сол Ресей және Балтық жағалауының елдері ғана. Ресейліктердің Қазақстанның алдында болуы түсінікті де шығар.

Ал Балтық жағалауының үш республикасы Еуропалық Одақтың мүшелері болғандықтан, олардың экономикалық жағынан ілгерілеу мүмкіндіктері біздікінен, әрине, әлдеқайда зор.

Бірақ ТМД ауқымында бәсекелестікке бейімділігі жағынан Қазақстан Ресейден өзге алдына жан салмай келеді.

Биылғы жылы Халықаралық қаржы қоры мамандарының пайымдауынша, жалпы ішкі өнім көрсеткіші бойынша Қазақстанның Украинадан басып озуы күтілетін көрінеді. Яғни экономикасының жалпы көлемі жағынан да, оның өнімінің адам басына шаққандағы көрсеткіші жағынанан да еліміз ТМД ауқымында Ресейден кейінгі екінші орынға табан тіреуге бет алған сияқты.

Бұл дегеніңіз Қазақстанның дағдарыстан шығып, қайтадан қарқынды даму жолына түсуге белін бекем буып отырғанын аңғартатын болса керек. Экономика мен саясат қатар жүреді. Экономикалық жағынан озған ел саяси деңгейде де мойындалады және тиісті сыйға ие болады. Бұны біз бүгінгі Қазақстанның мысалынан көре аламыз.

Сәуле САМАТҚЫЗЫ

927 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз