- TENGE MONITOR
- 04 Наурыз, 2010
Апта тынысы

Президент бизнесті қорғайды
Елбасы Н. Назарбаев 2010 жылғы 26 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің алғашқы пленарлық отырысы барысында берген тапсырмаға сәйкес Мемлекет басшысының ресми сайтында (www.akorda.kz) үстіміздегі жылдың 10 наурызынан бастап «Президенттің бизнесті қорғауы» атты арнаулы тарау ашылады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Сайттың бұл тарауы Қазақстан кәсіпкерлерінің өздерінің заңдық құқықтары мен мүдделеріне тексеруші, бақылаушы және құқық қорғаушы органдар өкілдерінің тарапынан нұқсан келтірудің нақты фактілері бойынша мемлекет басшысына тікелей қайырылуына арналған.
Президенттік сайттың осы тарауына түскен әрбір өтініш, шағым бойынша Президент Әкімшілігінің ерекше бақылауымен ресми тексеру жүргізілетін болады.
Наурыз – халықаралық мереке
БҰҰ-ның Бас ассамблеясының арнайы шешіміне сай 21 наурыз халықаралық Наурыз күні деп аталады.
21 наурыз – Балқан түбегі, Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Иран, Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдеріндегі үш жүз миллионнан астам халық жыл сайын атап өтетін жаңа күн – жыл басы болып саналатын, тарихы ғасырлар тереңіне кететін дәстүрлі мереке.
Халықаралық Наурыз күні туралы БҰҰ Бас ассамблеясының шешімі Әзірбайжан мемлекетінің БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігінің бастамасымен қабылданды. Осы ұйымдағы Әзірбайжанның тұрақты өкілі Ақшин Мехтиевтің айтуынша, Наурыз енді биылдан бастап алғаш рет бір ұлттың иә мәдениеттің мерекесі ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ игілік, адамзаттық асыл мұраның бір бөлігі ретінде қарастырылып, атап өтілетін болады. Адамгершілік, достық, бауырластық, ынтымақ пен бірлік сынды құндылықтарға үндейтін Наурыз мерекесі Балқаннан Орта Азияға дейінгі ұлан-ғайыр кеңістікті алып жатқан аймақта үш мың жылдан астам уақыттан бері салтанатты түрде өткізіліп келеді және халықаралық ынтымақтастықтың дамуында маңызды рөл атқаруда. Сондықтан, 21 наурыздың халықаралық Наурыз күні болып белгіленуі мәдениетаралық өзара түсіністік пен үндесу, төзімділік, бейбіт қатар өмір сүру принциптеріне сай келеді.
Республикалық бюджет нақтыланды
Премьер-министр К. Мәсімовтің төрағалығымен өткен үкімет отырысында Елбасы Жолдауына сәйкес және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2010-2012 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасының әзірленуіне байланысты үстіміздегі жылға арналған республикалық бюджет өлшемдері нақтыланды.
Осы орайда сөз алған экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың айтуына қарағанда, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің тартылатын көлемі 1,2 трлн теңгені немесе 8 млрд АҚШ долларын құрайды. Енді осы қаржыны республикалық бюджетке орналастыру қажет. Сонымен қатар, министр 2009 жылдың қорытындылары бойынша бренд маркалы мұнайдың әлемдік бағасы бір барреліне орта есеппен 60,9 долларды құрағандығын, сондықтан бюджеттегі әлемдік бағаның болжамы 2010 жылы бір баррель үшін 50 АҚШ долларынан 65 долларға дейін ұлғайтылғандығын мәлім етті. Мұндай есептер басқа да экспорттық құрылымдарға қатысты жасалынды. Сонымен, 2010 жылы экономиканың өсуі 2 пайыз деңгейінде болады деп болжамдалды. Өнеркәсіп өнімінің өсімі 3,3 пайыз, мұнай өңдеу көлемі 80 млн тонна болады, ал экспорт көлемі 49,6 млрд долларды, импорт 34,2 млрд долларды құрайды, инфляция деңгейі 6-8 пайыз аралығында болады деп болжанып отыр.
Сонымен қатар, ресрубликалық бюджет кірісін (трансферт түсімдерін есепке алмағанда) 2010 жылдың бекітілген жоспарларына қарағанда 103 млрд теңгеге ұлғайту көзделген. Бұл кіріс бірқатар факторлардың есебінен қамтамасыз етілетін болады.
Министр Б. Сұлтанов өз баяндамасында Елбасы Жолдауында атап көрсетілген бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы мен студенттердің стипендияларын 25 пайызға арттыру мерзімінің ағымдағы жылдың 1 шілдесінен 1 сәуіріне жылжытылуына, яғни 3 ай бұрын төленетіндігіне байланысты мемлекеттік бюджетке 53,8 млрд теңге салынатындығын, мұның 24,8 млрд теңгесі жергілікті бюджет есебінен қарастырылатындығына тоқталып өтті.
Жалпы алғанда республикалық бюджеттің өлшемдерін нақтылау нәтижесінде жалпы түсім 3 трлн 378,4 млрд теңгені құрайтындығы көзделінген. Бұл қолданыстағы бюджеттегі өлшемнен 189,4 млрд теңгеге артық. Ал, бюджет шығысы 4 трлн 182,0 млрд теңгені құрамақ. Бұл бұрынғы өлшемнен 240,1 млрд теңгеге артық. Болжанған бюджет тапшылығы 803,6 млрд теңге, бұл бұрынғыдан 50,7 млрд теңгеге артық. Нақтыланған бюджетте, міне, осы кірістер мен шығыстарды, бюджет тапшылығын жабудың мүмкіндіктері қарастырылған.

1387 рет
көрсетілді0
пікір