Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 27 Сәуір, 2017

Құндылықтар ұлықталған күн

Ұлт зиялыларының ұясына, әдебиет пен тілдің, руханият пен мәдениеттің ошағына айналған  филология және әлем тілдері факультетінде  тәрбие мәселесі ұлттық дәстүр мен сабақтастық аясында, жаһандану жағдайына сай  ұлттық тамырға арқа сүйейтін,    жаңа заман талабымен үндесетін тағылымды іс-шаралар, келелі басқосулар өтіп тұрады. Ертеңгі күні ел тізгінін ұстар жастарға ұлтжандылықтан туған ұстаным,  рухани құндылықтарға негізделген қамқорлық керек екені ақиқат. Факультеттің танымал түлектерімен жүздестіріп, түрлі форматтағы кездесулер ұйымдастырып, әдеби-рухани өміріміздегі, қоғамдағы елеулі құбылыстарға, жастардың көңілін алаңдататын көкейтесті мәселелерге арналған, шынайылыққа негізделген сырласу кешін ұйымдастырып,  дидарластыру да кеңінен жолға қойылған.  Осы орайда қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының жанынан құрылған «Жәдігер», «Әдеби жүздесулер», «Тастүлек» сынды клуб, орталықтардың жұмысының негізгі өзегінде ел ертеңіне енжар қарамайтын ұрпақ тәрбиелеу  мәселесі жатқаны айқын.   17800476_808753205973823_82437975579011366_n

        Жуырда факультет қабырғасында өткен сондай бір тағылымды кештің,  рухани сыр-сұхбаттың куәсі болдық. «Асыл арна» телеарнасының бас директоры, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, факультет түлегі  Мұхамеджан Тазабектің қатысуымен өткен кештің тақырыбы өзекті, форматы өзгеше сипатта өрбіді. Оған ең алдымен, кездесу қонағының тізгінді қолға алып, жастар өміріндегі ең құнды капиталдың не екенін, қазіргі кезеңдегі жастарды нендей мәселе алаңдатып, қызықтыратынын білу мақсатында аудиториямен жанды байланыс орнатып, өз қызығушылықтарын іркілмей, шынайы түрде жеткізулерін сұраған өтініші себеп болды. Ғаламтор желісі арқылы анонимді сауалнама жүргізіп, қолдарындағы ұялы телефон, планшетті пайдалану барысында көкейлеріндегі көп сауалға берген шынайы жауабы арқылы өздерін толғандыратын, ең өзекті, көкейкесті құндылықтарға, оның адам өміріндегі мән-маңызына жеке-жеке тоқталып, сұрақ-жауап арқылы қоғамдағы ең ділгір мәселелерді ортаға салды.

       Еркін әңгіме барысында студент-жастардың бойына ұлтжандылықты, кеуделеріне ұлттың тіліне, әдебиетіне, тарихына деген сүйіспеншілікті сіңдіріп өсіп келе жатқанына тоқталып, болашақ білімді тілші-әдебиетшілердің ұлттық мәселелерге келгенде аянып қалмайтын ерекше отансүйгіш қарым-қабілетін байқап, сәттілік тіледі. Салтын сүйер, әдебиетін, тілін, өткенін құрметтер тағылымды жасқа, талапты шәкіртке жөн көрсетіп, жол сілтеуде тәлімгерлер еңбегін ереше атап өтті.  -  «Ең қымбат капитал» тақырыбында өткен басқосуымыз да сондай бір көңілді рәуіште өтті. Соңғы үдерістерден хабардар болуымыз қажет теле-маман болғандықтан, кездесуімізде де кейінгі технологияларды пайдалануға тырыстық. Бірден бас салып жастарға қызықсыз болуы мүмкін тақырыптарды қозғап кетпей, анонимді интернет сауалнама арқылы студенттердің ішкі пікірлеріне жалпы диагностика жасап көрудің орайы келді. Сұрақ-жауап кездесуіміз де сосын сол бағытта өрілді... Өздері өмір сүріп жатқан бейбіт уақыттың қадірін білетін, отбасынан салт-санамыздың өзегін сіңірген, адамгершілігі мен білімі мол жастар легі өсіп келе жатқанын көріп қуанып қайттық. Осы кездесуге мұрындық болған Сәлима апайға, факультет түлектері мен бүгінгі студенттер арасына алтын көпір болып жүрген ұжым басшысы Өмірхан Әбдиманұлына алғыс айтамын   - деді кездесу соңында кеш қонағы.

         Осы  кездесу-кештің студенттердің ұлттың болашағына деген сенімінің нығайып, құндылықтарын қастерлеуге деген құлшыныстарының, құштарлықтарының артуына ықпалы зор болды десек, қателесе қоймаспыз.   Бүгінгі күннің құндылықтары хақында ғибратты әңгімелер айтылып, өнегелі, тағылымды өсиеттер де қамтылды.17799329_808753172640493_7311083236192702176_n

        Мазмұнды, мағыналы кездесудің студенттердің қоғамның, қоршаған ортаның рухани тұрғыдан жетілуіне, оны өзгертуге, қалыптастыруға деген мақсаттарының орындалатынына, өз орнын бағамдауына  сенімділік тудырғанын айта кетер едік. Кеш соңында филология және әлем тілдері факультетінің деканы, профессор  Өмірхан Әбдиманұлы мұндай шынайы, тағылымды кездесулер мен жүздесулердің кафедра, факультет куратор-эдвайзерлерінің тарапынан үнемі жүзеге асырылып жататынын, бұған студенттер қауымының да ынтасы мен ықыласы шексіз екенін атап өтіп, бүгінгі шарадағы  ұлттық құндылықтардың, рухани капиталдың ұлықталуына, оның ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуде маңызы зор екеніне тоқталды.

                                                                                      Шоқан ШОРТАНБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология және әлем тілдері факультетінің

аға куратор-ұйымдастырушысы

689 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз