Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 04 Мамыр, 2017

«ЭКСПО-ның» ашылу салтанаты LED экран арқылы тікелей эфирде көрсетіледі

Астана тұрғындары мен қонақтары «ЭКСПО» көрмесінің ресми ашылу және жабылу салтанатын LED экрандар арқылы тікелей эфирде тамашалай алады. Бұл туралы бүгін қалалық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында Астана мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Болат Мажағұлов айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісіне  сілтеме  жасаған  Kazgazeta.kz.

 «Ойын-сауық бағдарламалар мен концерттердің 70 пайызы қаланың әр түрлі ауданында, ашық алаңдарда, саябақтарда, сондай-ақ қала маңындағы 9 тұрғын үй алабында ұйымдастырылады. Мәдени-бұқаралық шаралар елордада жаз бойы өтеді. 9 маусымнан бастап қыркүйек айының ортасына дейін Астана әкімдігі 647 шара ұйымдастырады», - деді басқарма басшысы.

Болат Мажағұловтың айтуынша, көрме кезінде бұқара назарына ұсынылатын шаралардың форматы әр түрлі.

«Жоспарланған шаралар түрлі форматта өтеді: халықтық серуен, мәдени-бұқаралық, отбасылық демалыс, фестивальдер, көрмелер, театрландырылған және цирк қойылымдары. Мұнымен қоса, «ЭКСПО» көрмесінің ресми ашылу және жабылу салтанатын қаланың үш ауданында тікелей эфирден тамашлауға болады. Үлкен LED экрандар «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда, қалалық алаңда және Студенттер саябағында орнатылады», - деп атап өтті Б.Мажағұлов.

Сондай-ақ, үш ай бойы елорда саябақтарында «Саябақтың жеті кереметі» атты шара ұйымдастырылмақ. Қазақ ертегілерінің, диснейлік кейіпкерлер мен роботтардың қатысуымен 7 тақырыптық бағдарлама әзірленген. Шоу жұмыс және демалыс күндері – күніне 2 рет өтеді.

«Бұған қоса, сулы-жасылжелек ашық аспан астындағы көрме павильонына айналады. Бұл жерде елордалықтардың сүйікті шараларының бірі – III Astana Art Fest халықаралық фестивалі ұйымдастырылады. Биыл аталған шараға әлемнің 9 елінен суретшілер, дизайнерлер, сәулетшілер, музыканттар мен режиссерлер қатыспақ. Дайын жұмыстар сулы-жасыл желекке 1 маусымнан бастап қойылады, ал фестивальдің өзі 10 маусымда ашылады», - деді Б.Мажағұлов.

1172 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз