Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 05 Мамыр, 2017

«Мәңгілік полк» шеруі

Соңғы жылдары Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, із-түзсіз жоғалған жауынгерлердің құрметіне арналған «Мәңгілік полк» – «Бессмертный полк» шарасы өткізіліп жүр. Ресейде бастау алған акция өзге елдерде де қолдау тауып, қанатын кеңге жаюда. Мұндай шеру Алматы қаласында да қолға алынғаны белгілі. Бұл орайда 9 мамыр күні «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» ұранымен өтетін шараны ұйымдастырушы – Ауғанстандағы соғыс ардагерлері мен мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері Үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат ӘБДІШҮКІРОВПЕН әңгімелескен едік.

– Мұрат Мұхтарұлы, «Мәңгілік полк» шарасын өткізу идеясына кімдер бастамашы болды? – «Бессмертный полк» атты бұл шара Ресейдің Томск қаласында 2011 жылы бейсаяси, азаматтық бастама ретінде көтерілді. Басты мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ұрпақты мәңгіге есте сақтау. Шараға қатысушылар қолдарына Ұлы Отан соғысына қатысқан туыстарының фотопортреттерін ұстап, колоннамен жүріп өтеді. Және де осы қозғалыстың ғаламторлық сайтындағы Халық жыл­намасына өз батырларының отба­сы­лық тарихын жазады. Бүгінгі таңда қозғалыс дүниежүзінің 60-тан астам елінде, мыңдаған қалаларда қолдау тапты. Соғыс жылдары Қазақстаннан екі миллионға жуық азамат майданға аттанды. 400 мыңға жуық солдат қайтып оралмады. Елде қалғандары тылда еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлес қосты. Біз бұл ерлікті ұмытпауға тиіспіз. Ол біздің тарихымыз. Қазақ халқы «Жеті атасын білмеген жетесіз» дейді, жас ұрпақ ата-тегімен қоса тарихи тамырын, ата-баба ерлігін білуі тиіс. Сондықтан біз, Ауған соғысының ардагерлері, ресейліктердің бастамасын қолдап, аталмыш акцияны Алматы қаласында осымен 4-ші рет өткізіп отырмыз. –Елімізде мұндай шараға қатысушылардың саны қанша, жалпы белсенділік деңгейі қандай? – Өткен жылы мұндай шеруге 20 мыңға жуық адам қатысқан болса, биыл бұл сан екі есеге өспек. Олар 9 мамыр күні Жеңіс туын және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерген шерушілер қатарында үрлемелі оркестрдің сүйемел­деуі­мен Астана алаңынан 28 панфиловшылар атындағы паркке дейін жүріп өтеді. Айта кетерлігі, биылғы марш аясында «Мәңгілік рота» жасақталмақ. Ол бейбіт өмірде ерлік жасап, өмірін қиған азаматтардың ерлігін ұлықтауға арналады. Соғыстан кейінгі жылдары, тіпті қазір де өзінің азаматтық, қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер, ішкі істер, төтенше жағдай, шекара сарбаздары, өрттен қорғау қызметкерлері аз емес. Бейбіт өмірдегі батырлардың ерлігі – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Оларды халық та, мемлекет те ұмытпауы тиіс.

– Аталмыш акцияға кімдер қатыса алады? – «Мәңгілік полк» акциясына барша қазақстандықтың қатысуына болады. Соғысқа қатысқан туысыңыз болмаса да, Отан соғысына қатысқан аталар ерлігін жадында сақтағысы келетін азамат ретінде үн қоса аласыз. Фашизмді жеңуге үлес қосқан әрбір ардагердің баласы, немересі, үрім-бұтағы батырдың ұрпағы екені үшін мақтануға қақылы. Әрине, мұндай еске алулар, ескерткіштер, үнсіз монументтер соғыс солдаттары үшін емес, бізге – тірілерге керек. Адамзат тарихындағы алапат апаттың енді қай­тып қайталанбауы үшін, ана мен бала азап шекпеуі үшін, бейбіт өмірдің қадірін білу үшін. – Осындай шаралардың патриоттық мән-маңызы неде? – Ұлы Отан соғысы жылдарында бір партизанға «Ерлік деген не?» деп сұрақ қойғанда, ол «орындалған парыз» деп жауап беріпті. Әр адамның құқықтарымен бірге, парызы, азаматтық борышы болатынын үлкен де, кіші де білуі тиіс. Ол борыш – ­Отанды, туған жеріңді қорғау. Бұл үшін жастардың бойында Отанды, елді сүю сезімін тәрбиелеуге мән беру керек. Тәрбиелеу деген ақыл айту емес, өз ісіңмен үлгі көрсету. Сонда ғана Отанға сүйіспеншілік, еліңе, туған жерге деген ­махаббат, үлкенге құрмет өскелең ұрпақтың басты қасиетіне айналады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ­жас­­тарды қазақстандық патриотизмге, отансүйгіштікке тәрбиелеу ісін мем­лекеттік идеологияның аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде атап көрсеткен болатын. Акцияның басты мақсаты да осы. Біз, Ауған соғысының ардагерлері, Президентіміздің елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жөніндегі ­бастамаларын толық қолдаймыз. Міне, сондықтан осындай шаралар ұрпақтар сабақтастығының, Отан қорғаушы мәртебесін көтерудің, қазіргі заманғы ерлік пен батырлықты насихаттаудың жарқын үлгісі деп білеміз. – Әңгімеңізге рақмет!

Дина ИМАМБАЕВА

2758 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз