Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 01 Маусым, 2017

«Дәстүрлі басылымда дәуір дауысы бар»

Юлдаш Азаматов! Бұл есім көзі қарақты оқырманға жақсы таныс. Белгілі қоғам қайраткері, пуб­лицист-жазушы. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан Жазушылар одағының, Журналистер одағының мүшесі. Бірнеше прозалық, публицистикалық кітаптардың авторы. Бірқатар мемлекеттік марапаттар мен наградалардың иегері. Ширек ғасыр «Уйғур авази» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарған. Еліміздің ұлтаралық достығы мен ынтымақ-бірлігінің нығаюына елеулі үлес қосып, атсалысқан тұлға. Жуырда мерейлі 70 жасқа толғалы отырған ағамыз туралы әріптесі әрі досы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш СҰЛТАНОВТЫҢ «Дос туралы сыр» атты мақаласын, сондай-ақ Юлдаш АЗАМАТОВПЕН сыр-сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Юлдаш аға, журналистикаға қалай келдіңіз? Әңгімемізді осыдан бастасақ. – Бала кезімде киносценарийст, режиссер болуды армандадым. Мектеп бітірер жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтына хат жаздым. Біраз уақыттан кейін жауап алдым. Оқып қарасам, бұл мамандық бойынша бір орынға 40 талапкерден келетіні туралы айтылыпты. Қазақстаннан баратындар алдымен Алматыда іріктеуден өтеді екен. Бұны естіген ата-анам да ықылас таныта қоймады. Содан әрі-бері ойланып, ҚазГУ-дың журналистика факультетіне түсемін деп шешім қабылдадым. Оқушы кезімде аудандық газетке мақала жазып тұратынмын. Мектептегі қабырға газетіне 3-4 жыл редактор болғаным бар. Журналистика факультетіне келсем, екі жыл жұмыс тәжірибең болу керек деген талабы бар екен. Ол кезде декан – Тауман ­Амандосов. Ол кісімен сөйлессем де, солай деп айтты. Енді не істеймін? Аудандық газетке жұмысқа тұрып, тәжірибе жинап, келесі жылы келейін деп ойладым. Алматыдағы анамның ағасы бар еді, өзі жазушы адам. Маған тарих немесе филологияға түсуге кеңес берді. Өйткені онда еңбек тәжірибесі қажет емес екен. Мен келіспей, «жоқ, журналистикаға түсемін» деп ауылға кетіп қалдым. Барған соң аудандық газетке жұмысқа тұрдым. Мақалалар жаздым. Бір жылдың ішінде әжептәуір дүниелерім жарық көрді. Солардың бәрін жинап, келесі жылы оқуға түсуге қайта келдім. Сөйтсем, баяғы «екі жылдық еңбек тәжірибесі керек» деген талап алдымнан тағы шықты. Тауман Амандосовтың қабылдау бөлмесінде ешқайда кетпей отырып алдым. Ол кісі маған: «Өзің қандай қайтпайтын жан едің, әкелші бері, жазғандарыңды» деді. Сосын мақалаларымды қарап шықты да: «Жарайды, қабылдайық, бар емтихан тапсыр» деді. Дайындалып та үлгерместен, емтиханға кіріп, тапсырып шықтым да, оқуға түсіп кеттім. Оқуды бітірген соң ұйғыр тіліндегі «Коммунизм туғи» республикааралық газетіне жұмысқа тұрдым. Кеңес заманында журналистика мамандығын бітіргендерге партияның Орталық Комитеті жауапты қарайтын. Кімнің қайда жұмысқа баратыны сол жерде шешілетін. Осындай маңызға ие жалғыз факультет болатын. Сөйтіп, жоғары оқу орнын тәмамдаған соң еңбек жолымды республикааралық газетте бастадым. Басылым Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанға, жалпы Орта Азия мемлекеттеріне тарайтын. 1957 жылы кеңес коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Өкімімен ашылған газет еді. Аптасына 5 рет шығып тұрды. Кейін «Жаңа өмір» қосымшасын қосқанда 8 рет жарық көрді. 33 жасымда редактордың орынбасары болдым. Бас редакторым – өзім ұстаз ретінде қадірлейтін Тұрдахун Назаров болды. Өзіме ерекше әсер еткен қайраткерлерге тоқталсам, Камал Смаилов, Марат Барманқұлов, Қалтай Мұхамеджанов, Сейитахун Машуров, Қожахмет Садвақасов, Сағат Әшімбаев және өзге де ардақты азаматтарды ерекше атар едім. Қызмет бабында жолымыз түйісті, арамызда әріптестік, достық, адами қарым-қатынастар орнады. Кейбірін ұстаз тұттым, кейбіреуімен дос-жаран ретінде араластық. Жалпы менің шығармашылық еңбек жолымда жақсы адамдар көп болды. – Журналистикамен қатар көркем әдеби туындылар жаздыңыз. Оны оқырмандарыңыз жақсы бағалады. – Алғашқы прозалық туындыларым ­туралы әлі күнге дейін жылы пікірлер естимін. «Әңгімелеріңіз, сұхбаттарыңыз жақ­сы еді, қызыға оқитын едік» дейді. Га­зетте тілші болып жүрген кезімде өн­дір­те жаздым, сұхбаттарды көп алдым. Мына бір қызықты оқиғаны айтып бе­рейін. Мен редактордың орынбасары болып тағайындалғанымда, құттықтап келу­шілер көп болды. Бір күні атақты ком­позитор Құддыс Қожамияров келді. «Мына лауазымға бекер келдіңіз. Мен сіз­дің жазғандарыңызды қадағалап, үзбей оқып жүруші едім. Енді жазуыңызға, шығар­ма­шылығыңызға нұқсан келетін болды ғой» деді. Ол өзі ұзақ жыл консерваторияда ректорлық қызмет атқарғанын, одан кейін Композиторлар одағын басқарғанын айтып, әкімшілік, басқарушылық қызметтің шығармашылыққа тигізер теріс әсері туралы пікірін ортаға салды. Атқарған қызметтерінен әрең құтылғанын, одан гөрі шығармашылық жұмыспен айналысқан әлдеқайда пайдалы екенін дәлелдеп бақты. Оның сөзі ақиқатқа айналғанын кейін түсіндім. Әкімшілік жұмыс шынымен де шығармашылығыңды дамытуға кедергі жасайды екен. Менің де басымнан бұл жағдай өтті. Құдыс Қожамияровтың айтқаны дәл келді. Қазір ойласаң кеудеңді өкініш билегендей болады. Кезінде талай адамның жазғандарын шимайлап, уақытымыздың көп бөлігін газеттің қара жұмысына арнадық. Өзіміз редакциялаған туынды авторларының арасында танымал қаламгерге айналғандары да бар. Кім біледі, мүмкін өз шығармашылығыңа да көбірек уақыт бөлу керек пе еді. Күні-түні жұмыста жүреміз. Таңның атысы, күннің батысы. Таңғы 6-7-лерде үйге қайтатын кездер де болады. КазТАГ-тан ресми ­мате­риалдар күтіп отырамыз. Ол қазақ, орыс тілдерінде келеді. Біз оларды өз тілімізге аударамыз. Кейбір кісілер әзілдеп: «Брежнев баяндама жасап бітіргенше сіздердің аудармашыларыңыз ол мәтінді аударып болады» дейтін. Шынымен де солай еді. Редакцияда 6 аудармашы болды. Бірден диктовка жасайтын. Түнгі 12-де үйге қайту – қалыпты жағдай. Жұмысымыз партияға, елге керек деп беріліп істедік, аянбай тер төктік.

[caption id="attachment_57486" align="aligncenter" width="800"]Алматы. 1998 ж. «Егемен Қазақстан» газетінің Астана қаласына қоныс аударар алдындағы әріптестер басқосуынан көрініс.  Бірінші қатарда (солдан оңға қарай):  Камал Смаилов – Қазақстан Журналистер одағының төрағасы. Шерхан Мұртаза – Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, жазушы, журналист, Қалтай Мұхамеджанов – «Түркістан» газетінің Бас редакторы, Мағира Қожахметова – «Ақ желкен» журналының Бас редакторы, Әбдеш Қалмырзаев – «Мысль» журналының Бас редакторы, Ержұман Смайылов – «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы, Екінші қатарда (солдан оңға қарай): Мейрамбек Төлепберген – «Егемен Қазақстан» газеті Алматы филиалының жетекшісі, Ахат Жақсыбаев – «Ақиқат» журналының Бас редакторы, Нұртөре Жүсіп – «Жас алаш» газетінің Бас редакторы, Жұмабек Кенжалин – «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, Мереке Құлкенов – «Ана тілі» газетінің Бас редакторы, Жақыпжан Нұрғожаев – Қазақстан Журналистер одағы төрағасының орынбасары, Мамадияр Жақып – «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, Юлдаш Азаматов – «Уйғур авази» газетінің Бас редакторы, Сұлтан Қалиев – «Ұлан» газетінің Бас редакторы, Валерий Михайлов – «Простор» журналының Бас редакторы, Жұмабай Шаштайұлы – «Қазақстан-ZAMAN» газетінің Бас редакторы, Қуаныш Жиенбай – «Ана тілі» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары, Әділғазы Қайырбеков – «Қазақ елі» газетіні Бас редакторының бірінші орынбасары, Қасымхан Әзімханов – «Заң газеті» акционерлік қоғамының төрағасы. Алматы. 1998 ж. «Егемен Қазақстан» газетінің Астана қаласына қоныс аударар алдындағы әріптестер басқосуынан көрініс.
Бірінші қатарда (солдан оңға қарай): Камал Смаилов – Қазақстан Журналистер одағының төрағасы. Шерхан Мұртаза – Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, жазушы, журналист, Қалтай Мұхамеджанов – «Түркістан» газетінің Бас редакторы, Мағира Қожахметова – «Ақ желкен» журналының Бас редакторы, Әбдеш Қалмырзаев – «Мысль» журналының Бас редакторы, Ержұман Смайылов – «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы,
Екінші қатарда (солдан оңға қарай): Мейрамбек Төлепберген – «Егемен Қазақстан» газеті Алматы филиалының жетекшісі, Ахат Жақсыбаев – «Ақиқат» журналының Бас редакторы, Нұртөре Жүсіп – «Жас алаш» газетінің Бас редакторы, Жұмабек Кенжалин – «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, Мереке Құлкенов – «Ана тілі» газетінің Бас редакторы, Жақыпжан Нұрғожаев – Қазақстан Журналистер одағы төрағасының орынбасары, Мамадияр Жақып – «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, Юлдаш Азаматов – «Уйғур авази» газетінің Бас редакторы, Сұлтан Қалиев – «Ұлан» газетінің Бас редакторы, Валерий Михайлов – «Простор» журналының Бас редакторы, Жұмабай Шаштайұлы – «Қазақстан-ZAMAN» газетінің Бас редакторы, Қуаныш Жиенбай – «Ана тілі» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары, Әділғазы Қайырбеков – «Қазақ елі» газетіні Бас редакторының бірінші орынбасары, Қасымхан Әзімханов – «Заң газеті» акционерлік қоғамының төрағасы.[/caption]

– Бүгінде дәстүрлі басылымдардың орнын ғаламтор сайттары алмастырып жатқан жағ­дайлар бар. Жалпы, баспа өнімдерінің, соның ішінде газеттердің болашағына қалай қарайсыз? – Ғаламтордан көп хабарым жоқ. Маған өзім үйренген газет-журналдар, баспа өнімдері ұнайды. Қолмен ұстап, иісін сезініп, енді ғана басылып үстеліңе келген газеттердің жаңа нөмірлерін оқып шық­қанға не жетсін. Балам күнделікті жарық көретін газеттерді үйге әкеліп отырады. «Осының бәрін планшеттен оқи салмайсыз ба?» дейді. Планшет те алып берген. Бірақ оны әйелім қолданады. Мен мұндай техника жағына жоқпын. Мүлдем қызықпаймын. Кезінде теледидар пайда болғанда, енді театр керек болмайды деушілер көп болды. Бірақ театрларға сұ­раныс жоғалған жоқ қой. Дәл сол сияқты газеттер де, жеке көзқарасым ­бо­­йынша қашанда өз маңызын жоғалтпақ емес. Өйт­кені дәстүрлі басылымда дәуір дауысы бар. – Қазір не жазып жүрсіз? – Қазақ пен ұйғыр ұлтының белгілі азаматтары, қайраткерлері жөнінде кітап дайындаудамын. Жазуға денсаулығым мүмкіндік берсе, өзімнің сапарда болған елдерім туралы жазсам деген ойым бар. Шетелдің 19 мемлекетінде болыппын. Сондағы әсерлерім, көрген-білгендерімді қағазға түсірсем деймін. Кітап шығарғаннан кейін, оны өзің таратып, сатуың керек. Әйтпесе, өтпейді. Қазір жазушы емес адам да кітап жазатын болып кетті ғой. Оның бәрі ойдағыдай бола бермейтіні анық. – Өзіңіз 25 жыл басқарған «Уйғур авази» газетіндегі қызметіңіз туралы айтса кетсеңіз. – КСРО ыдырап, Қазақстан Тәуелсіз­ді­гін жариялаған кезде, газетіміздің «Коммунизм туғи» деген бұрынғы атауын өзгерту мәселесін күн тәртібіне қойдық. Зиялы қауым, жұртшылық арасында талқыға салдық. 134 нұсқа ұсынылды. Соңында «Бірлік» және «Уйғур авази» нұсқасы қалды. Ойлана келе соңғы нұсқаны таң­дадық. Қызметіме қатысты айтар болсам, біреулер «Жақсы редактор болдың» дейді. Кейбіреулер керісінше айтады. Газетте оқитын түк жоқ, жаман дегендер де болды. Мен айтам: «Газет бәріне ұнайтындай сұлу қыз емес қой. Қалай болса да, газет өзінің ұстанған принципінен таймайды деймін. Жаза береміз, жақсы көре ме, жек көре ме, ең бастысы – журналистік ұстанымың болуы керек. Әрине, газет бетінде көп мәселені көтер­дік. Олардың қатарында ұйғыр ­театрына Құддыс Қожамияровтың есімін беру, Панфилов қаласының атауын Жаркент деп өзгерту тәрізді нақты шешімін тапқан мәселелер бар. Кезінде кадр мәселесін тиісті орындардың алдына қоя отырып, КазГУ-дың журналистика факуль­тетінен ұйғыр тілінде даярлайтын бөлім ашқыздым. Өзім сол жерде дәріс оқыдым. Қазір жастар журналистика мамандықтарына көп бара бермейді. ­Демек, маман даярлау мәселесі әлі де өзекті. Ұйғыр мектептерінде қазақ тілін қазақ мектептерімен бірдей дәрежеде оқыту мәселесін де көтердік. Тағы бір жайтты айта кетейін. Кезінде Баспасөз министрлігіне қараған ұлттық газеттер министрлік құрамынан шығары­лып, өздерінің мәдениет орталықтарына берілетін болды. Ал ол жерде қаржыландыру болмайтыны түсінікті еді. Осы мәселеге арналған жиналыста жаңадан құрылғалы жатқан «Қазақ газеттері» ЖШС-нің құ­рамына кірейік деп министр Алтынбек Сәрсенбаевқа өтінішімді айттым. Ол қарсы болмады. Сөйтіп, «Қазақ газеттерінің» құрамына кірдік. Газетімізді жекеменшік­ке айналдырып, сатып аламыз дегендер де болған. Мен келіспедім. Биыл «Уйғур авазиге» – 60 жыл. Соған арнап кітап жазу жоспарымда бар. – Сіздердің кездеріңіздегі журналистика мен бүгінгі замандағы журналистикада қандай айырмашылық бар деп ойлайсыз? – Біздің кезіміздегі журналистика басқаша болды ғой. Ол кезде журналис­тердің абырой-беделі күшті болатын. Қоғам журналистерді биліктің өкілі ретінде қабылдайтын. Бір күні МАИ қызметкері орталық газеттің басшысы келе жатқан көлікті тоқтатқан ғой, бәлкім газеттің көлігі екенін білмеген де шығар, сондағы басылымның беделін қараңыз, әлгі полиция қызметкері кешірім сұрап әрең құтылыпты. Қазір ондай беделдің болғаны аңыз сияқты естіледі. Журналис­тер беделінің төмендеуіне, бір жағынан өздерінің «үлесі» бар ғой деп ойлаймын. Мысалы, бүгінгі заманда көп дүние ақшаға сатылатын болып кетті. Бұл үрдіс, өкінішке қарай, баспасөз саласында көрініс тауып жүр. Ақша төлеп, біреуді жамандатқызып, тапсырыспен мақала жаздыру деген пайда болды. Мен ондай мақсатпен жазылған мақалаларды бірден сеземін. Бұл салаға кір келтіріп жүргендерді қалайша журналист деп айтамыз? Осы мәселелер жаныңды ауыртпай қоймайды. – Өткен уақытқа зер салғанда, әттеген-ай дейтін тұстарыңыз бар ма? – Өмір болған соң өкініш болады екен. Жұ­мыс, қызмет деп жүріп, отбасылық өмір­ге жеткілікті мән бермеппіз. Енді ойлап отырсам адамға ең қымбат нәрсе бұл өзі­нің отбасы екен ғой. Отбасыңды бағалау керек екен. Әйелім әзіл-шыны аралас айтады: «Сен қызметте жүріп балалардың қалай өскенін де білмей қалдың» деп. Зей­­нет­керлікке шыққан соң отбасылық өмірдегі көп жаңалықтардан бейхабар қалға­нымды енді біліп жатқандаймын. Олар мен жұмысбасты болып жүрген соң артық мазаламайық деп барлығын айта бермедік дейді. – Өмірдегі ұстанымыңыз қандай? Өзіңіз­ге сын көзбен қарайсыз ба? – Бастаған ісіңді аяғына дейін жеткізу – менің негізгі ұстанымым. Көп нәрсеге сын көзбен қараймын. Бойымда жастық максимализм сақталып қалған сияқты. Кейбір адамды жақсы көріп жүріп, бір жасаған қылығы ұнамай қалса, жек көріп, сөйлеспей кетуім де мүмкін. Осы мінезім дұрыс емес екенін де білемін. Кітапты көп оқимын. Көз бұрынғыдай емес, ­нашарлап бара жатса да, оқудан қол үзбей келемін. Өйткені менің хоббиім – кітап оқу. Мыңнан аса кітаптарым бар. Қазір денсаулығыма байланысты қаланың сыртында тұрамыз. Дегенмен, редакцияға келіп-кетіп жүремін. Ақыл-кеңесімді айтамын. Бір досым «Сен жұмысқа мейрамға барғандай барасың» деп қалжыңдайтын. Бұл рас. Жұмысты қатты беріліп істедім. Оны редакциядағы жігіттер де айтады. Үйім жұмысыма жа­қын болса да, түскі асқа үйге бармай, жұмыс үстелімде асығыс тамақтана салып, әрі қарай кірісіп кететінмін. Беттелген материал­дардың бәрін оқитынмын. Кейде авторлар редакцияланған мақалаларына реніштерін білдіріп, менің стилімді өзгертіп жіберіпсіздер дегенде: «Мен үшін екі стиль ғана бар, ол – жақсы стиль және жаман стиль» деп жауап беремін. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Дәуіржан Төлебаев

1860 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз