Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 04 Наурыз, 2010

Кәсіпкерлік – экономиканың қозғаушы күші

nazАқордада елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен ҚР президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің 1-інші пленарлық отырысы болып өтті. Оның барысында еліміздің индустриялық-инновациялық дамуының бесжылдық жоспарын жүзеге асыру мақсатына сай бизнестік ортаны жақсарту мәселесі қаралды.

Осы жиналыстың жұмысына премьер-министр К.Мәсімов, президент әкімшілігінің басшысы А.Мусин, үкімет мүшелері, парламент депутаттары, ұлттық компаниялардың, қаржылық құрылымдар мен банктердің жетекшілері, сондай-ақ қауымдастықтардың, одақтар мен кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Отырысты аша отырып, президент Н.Назарбаев былай деді: «Бүгін мен сіздерді келелі мә­селе бойынша шақырып отырмын. Осы залда еліміздің көптеген іскер адамдары отыр. Әрине, біз барлық кәсіпкерлерді бірдей бұл жиынға шақыра алмадық. Сіздер арқылы біз еліміздің барлық іскер азамат­тарымен пікір алысып отырмыз деп есептейміз, деп бастаған Ел­басы осыдан бір ай бұрын жария­ланған Стратегиялық жоспар-2020 бағдарла­ма­сында көтерілген негізгі мәселе елімізді индустриялық-иннова­циялық дамыту болғанын атап өтті. Жолдауда оны қалай жүзеге асыру керектігі жан-жақты ай­тылды. Бүгін бізге Үкімет мү­ше­лері индустрияландыру бағдар­ламасын жария етеді. Мұның барлығы бизнестің қатысуымен ғана жүзеге асатын шаралар».

Бұдан соң мемлекет басшысы осындай кең ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруға қаражаттың да, мүм­кіндіктің де жеткілікті екенін айта ке­ліп, бизнес қауымдастығының мүшелерін оған белсенді түрде араласуға шақырды.

«Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға қатыса отырып, бизнес өкілдері мемлекетке көмектеседі, Отанына көмектеседі, өздерінің де жағдайын түзейді, – деді президент Н.Назарбаев осы орайда. - Енді бұл шараларды жүзеге асырудың жағдайы қалай болмақ? Мемлекеттің сіздерге жасайтын көмегі қандай? Не нәр­се кедергі? Міне, бүгін осы мәсе­лелер төңірегінде ашық әңгіме өткізейік».

Мемлекет басшысы сонымен қатар іскер топтардың өкілдеріне назар аударды. Елбасының пікірінше, олар болып өткен дағдарыстан қорытынды шығару тиіс – қиын жағдайда дамулары үшін жиған-тергендерін жақсы уақытта пайдаланып, қаражатына қарай өмір сүрулері керек, сондай-ақ егер уақытында банктерге қайтаруға күштері жетсе ғана кредит алуларына болады.

Ел экономикасының дамуы барысына жан-жақты баға бере келіп, президент алғашқы сөзді премьер-министр К.Мәсімовке берді. баяндама жасады. Сонан соң индустрия және сауда министрі Ә.Исекешев, экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Б.Сұлтанов, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің төрайымы Е.Бахмутова, Қазақстан кәсіпкерлері форумы кеңесінің төрағасы Р.Баталов, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы С.Аханов, Қарағанды облысындағы кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры Г.Құрбанбаева, «Zertteu DC Group» серіктестік кеңесінің төрағасы А.Ыдырысов және «Атамекен» Одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасының төрағасы А.Перуашев сөз сөйледі.

Отырысты қорытындылай келе, президент бизнесті дамытуда әкімшілік кедергілерін азайту мәселесі бойынша әзірше ілгерілеушіліктің жоқ екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы президент әкімшілігіне әрбір кәсіпкер заңға қайшы келетін әрекеттер фактілері бойынша немесе құқық қорғау органдарының тексерісі жөнінде өтініштерін білдіру үшін арнайы интернет-блог ұйымдастыруға тапсырма берді. Ол әкімшілікке, бас прокуратураға және «Нұр Отан» партиясына жолданған әрбір өтініш бойынша шаралардың қабылдану қажет екенін айтты.

Елбасы өз сөзінде еліміздің сот жүйесінің де шағын және орта бизнес саласын дамытуға ынталылық танытпай отырғанын айтты. Содан барып кәсіпкерлер сот шешіміне сенімсіздікпен қарайтынын ескертті.

«Сондықтан мен халыққа арнаған Жолдауымда құқық қор­ғау органдарының шағын және орта бизнес саласына қатысты жұмысын да реформалау қажет­тігін айттым, – деді мемлекет басшысы осы орайда. Елбасының пікірінше, кез келген мәселе бойын­ша ШОБ субъектілерінің үстінен қылмыстық іс қозғауға тосқауыл қою қажет. Бизнес жұмысын жүр­гізу ережесін бұзғандарға айып­пұл салу тәсілін кеңінен қолдану керек. ШОБ-тардың шаруашылық жүргізу кезеңіндегі ұсақ-түйек келіспеушілік мәсе­лесін төрелік соттардың қарауына беру керек. Негізінен ШОБ субъектілерін салық органдары тексеруі қажет. Жалпы, барлық тексеріс кестесі нақты реттеліп отыруы керек.

Осы тақырыпта әрі қарай сөз қозғаған елбасы бизнес құрылымдарының мүдде­сін қорғайтын құрылымдардың да көбейіп кеткендігін атап көрсетті. Президент сонымен қатар Кедендік одақтың құрылуына байланысты еліміздің бизнес қауымдастығы алдында тұрған міндеттерді де атап көрсетті.

Бизнес іс-әрекетінде ашықтық пен мөлдірліктің болуы қажет екенін айта келіп, мемлекет басшысы банк­тер тарапынан да кәсіп­кер­лерді түсінуге мойын бұру қажеттігін айтты.

«Мен банктерге нақты ишарат жасап отырмын, сіздер қиын жағдайда кәсіпкерлерге айтарлықтай көмек көрсетерсіздер деп сенемін. Мемлекет банктерге үлкен көмек көрсетті және оны жалғастыратын болады. Енді банктер проценттік төлемдерін едәуір төмендетіп, кәсіпкерлердің дағдарыстан шығуларын жеңілдететін өзге шараларды қабылдаулары қажет», - деді президент.

Мемлекеттің «Бизнестің жол картасы – 2020» арқылы еліміздің дамуы мен қазақстандықтардың игілігі үшін банктер мен кәсіпкерлердің серіктестігі үшін ынталандырушы жағдайларды жасауы қажет.

Елбасы сонымен қатар кәсіпорындардың жұмысын жандандырудың және жаңа жобаларды қолдаудың нақты өлшемдерін әзірлеу мақсатын атап көрсетті. Салық бойынша қарызы бар кәсіпорындарды қайта құрылымдаудың нұсқасын әзірлеудің маңызды екенін айтты.

Президент кездесуде көтерілген барлық проблемалар бойынша Кәсіпкерлер кеңесі жанынан жұмыс тобын құруды тапсырды. Ресурстарға рұқсаты бар жұмыс тобына - премьер-министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев, қаржы блогы бойынша - премьер-министрдің орынбасары Е.Орынбаев, әкімшілік кедергілер бойынша – Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Б.Сұлтанов, қазақстандық қамту бойынша жұмыс тобына – индустрия және сауда министрі Ә.Исекешев жетекшілік жасайтын болды.

Президент әкімшілігіне бұрын жұмыс істеп келген екі кеңес беруші органдар – Ұлттық инвесторлар кеңесі мен Кәсіпкерлер кеңесін - президент жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің құрамына енгізу тапсырылды.

1539 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз