Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 04 Наурыз, 2010

Қазақстан – Румынияның жетекші әріптесі

Ақордада Қазақстан Респубикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Румыния Президенті Траян Басескумен кездесті.

Кездесуде мемлекет басшылары Қазақстан мен Румынияның екіжақты қатынастары үйлесімді дамып келе жатқандығын атап өтті. Президенттердің атап өтуінше, екі елдің ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған құқықтық-келісімдік база құрылып жатыр. Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия табысты жұмыс істеуде. Парламентаралық байланыстар да орнығып келеді. Румыния басшылығы Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы қол жеткізген жетістіктерін жоғары бағалайды. Сондай-ақ Румыния біздің елімізді Орталық Азиядағы негізгі әріптесі деп біледі. Ресми Бухарест Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын және биылғы жылы ЕҚЫҰ саммитін Астанада өткізу туралы бастамасын қолдайды.

Ресми Бухарест Қазақстанды ерекше маңызды стратегиялық әріптес деп біледі. Бұл туралы Румыния Президенті Т. Басеску 2008 жылы өз елінде тіркелген шетелдік дипломатиялық корпуспен кездесуінде арнайы тоқталып өткен болатын. Румыния басшысы, сонымен қатар, өткен жылы Еуропа Одағының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық жобаларды айқындауда Қазақстанмен қатынасты нығайту аса қажет және маңызды екенін атаған еді.

Кездесу барысында маңызды тақырып болып табылатын халықаралық аренадағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Президенттердің атап өткеніндей, екі елдің де жаһандық және өңірлік саясаттағы өзекті мәселелерге қатысты көзқарастары ұқсас.

Қазақстан мен Румынияның екіжақты ынтымақтастықты дамытуына Елбасымыз Н. Назарбаевтың 2007 жылғы қарашада Румынияға жасаған мемлекеттік сапары тың серпін бергенін атап өткен жөн. Өйткені, Елбасының бұл сапары Қазақстан сыртқы саясатындағы басымдықтардың бірі – Еуропа Одағымен қатынастарды тереңдету мақсатын көздегенімен ерекшеленеді.

Қазірде Румыния Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы жетекші әріптесі болып табылады. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы өткен жылы 878 млн АҚШ долларынан асты. Бүгінде Қазақстанда Румынияның қатысуымен 35 бірлескен кәсіпорын, ал Румынияда 11 румын-қазақстандық кәсіпорын жұмыс істейді.

Келіссөз барысында тараптар екі елдің энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм, тағы басқа салалардағы ынтымақтастығының перспективасы айтарлықтай екендігін атап өтті. Қазақстан бүгінде Румынияның ірі шетелдік инвесторларының бірі болып отыр.

Келіссөздің қорытындысында Қазақстан мен Румынияның ынтымақтастығын әрі қарай тереңдетуге бағытталған бес құжатқа қол қойылды. Құжаттарға қол қою рәсімінен кейін мемлекет басшылары қазақстандық және румындық БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді.

1066 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз