Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 19 Шілде, 2017

Кәде

Қазақ халқы  әрбір салт-жоралғыны, той-думан мен ырымдарды, жосындар мен ғұрыптарды орындау барысында қуанышы мен қайғысына ортақтасқан адамдарға  сол игі қарым-қатынастың құрметіне, сыйластық қызметіне арнап алғыс білдіруді, ризашылығын көрсетуді кәде беру дәстүрі арқылы қалыптастырған, тіпті заңдастырған. Кәде сыйлау арқылы халқымыз бір-бірінің көңілін аулап, шынайы ниетін білдіріп, жиі қатынасып, өзара сыйластықты, ауызбіршілікті, татулықты, жақын қарым-қатынасты нығайтып отырған. 

Дегенмен, бүгінгі күні қазақтың дәстүрлі тіршілігінде сол сыйластықтың нышаны болған кәделердің бірқатары орындала бермейді. Тек қыз ұзату, кұдаласу дәстүрінде ғана бірен-саран кәде түрлері жүзеге асып жатады. Бұл орайда кәделердің кейбір түрлеріне тоқталсақ артық болмас. Кәде – әдет-ғұрып, жосын-жоралғылардың дағдылы, дәстүрлі жолмен атқарылуын білдіретін ұғым. Осы салттар барысында жасалатын сый-сияпат, алыс-беріс, ақы түрлерінің де жалпы атауы. Кәдені күнделікті және әлеуметтік қарым-қатынастар кезінде ескерілетін әдеттік нормалар ретінде қарастыруға болады. Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды деген мақал кәденің міндетті түрде орындалу тиіс үрдіс екендігін айғақтайды. Мысалы, үйлену дәстүрі кезінде кейбір салттар алдын-ала келісілгендей толығымен орындалмай жатса да, негізгі жөн-жобадан ауытқымайтын ырым-жоралардың басқаша жонымен де атқарылатынын меңзейді. Қонақ келген кезде ғасырлар бойы қалыптасқан салт бойынша ас-су беріп, атын да күтіп аттандыру қонаққа жасалуы тиіс міндетті кәделердің бірі болып саналады. Демек, қазақ дәстүрінде кәделердің берілу қызметіне қарай бірнеше топқа жіктеп қарастыруға болады. Мысалы, той кәделері, құдалық кәделері, күйеу кәделері, аңшылық кәделері, балаға арналған кәделер, қаза кәделері, тұрмыстық кәделер («Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты этнографиялық энциклопедия). Келісоқ – тары түюді ұжымдасып атқару кезінде жасалатын кәде. Мұндай шараны өткізу үшін абысын-ажындар, көрші әйелдер жиналып, әр үйдің тарысын кезекпен келіге түйіп шығатын болған. Осы кезде сол үйдің әйелі дастарқан қамдап, қатысқан әйелдерге ұсақ-түйек кәделермен бірге дайын өнімнен де түйіншекпен ұстатып жіберетін болған. Бұл кәдені келі түюге көмекке шақырған адамның өзі сұратпай берген. Ақтық – інгенін қайытқаны үшін немесе биесіне шаптырғаны үшін бураның және айғырдың иесіне жасырын берілетін кәде. Оның құны көп болмайды. Бұл – айғырдың немесе бураның иесіне көрсетілген құрмет. Көзақы – қандай бір жақсыны алғаш көрген адамның басқаларға көрсеткені үшін алатын кәдесі. Дәстүрлі ортада келінді алғаш рет көргені үшін де жақын-туыстарынан көзақы алатын болған. Көзақы жүйрік ат, жаңа киім, жаңа бұйымдарға беріледі. Кәде ақшалай да, заттай да берілген. Ел арасында «көргеннен көзақы аламын, естігенімнен сөзақы алмын» деген сөз осыдан қалса керек. Көрімдік – орын алған қуанышқа ортақтас екендігінің нышаны ретінде берілетін кәде. Дәстүрлі қазақы ортада көрімдік қуанышты жағдайлардың әрқайсысына қатысты берілді. Көрімдік, мысалы, жас нәрестенің дүниеге келуі, келін түсіру, бағалы зат сатып алу, жүйріктің бәйге алуы сияқты басқа да толып жатқан көшпелі орта үшін айтулы жайтқа байланысты етжақын сыйлас адамдар тарапынан беріледі. Қалыптасқан дәстүр бойынша көрімдік жосынының атқарылуының екі жолы болды: қуанышты жайтты хабарлаған адамның көрімдік сұрауы және қуаныш иесінің өз қалауымен көрімдік беруі. Құлақ сүйінші – нақты емес жағымды жаңалықты иесіне жеткізген адамға берілетін кәде түрі. Ол ұзын құлақтан естігенін жеткізуі де мүмкін. Дәстүрлі ортада жақсы хабар айтып жеткізген адамға бұлайша төлем беру – жаңа затқа, киімге көрімдік, байғазы беру сияқты әлеуметтік қатынастарды реттейтін, ынталандыру мәнді қызмет атқарады. құлақ сүйінші беру негізінен жоғалған, ұрланған малдың хабарын жеткізген адамға берілетін алғашқы сыйлық. Яғни хабаршы жоғалған малды көрмей, оның қайда екенін естуі бойынша жеткізсе, құлақ сүйінші алған. Ол бәлен жерде, бәленнің малының, үйірімен бірге жүр деген мәліметі рас болып шыққан жағдайда аз-маз сый-кәде алады. Егер жоғалған малды табуға, не ұрының мойнына қойып беруге уәде етіп, сүйінші алған адам, уәдесін орындамаса, алған сүйіншісінің белгілі бір бөлігін қайтаруға тиіс. Сүйіншінің мөлшері мал-мүліктің (егер жоғалғаны мал болса) бестен бір мөлшеріне тең болады. Жиенқұрық – жиен нағашы жұртына алғаш барғанда берілетін кәде, сыйлық. Жиенге нағашы жұрты алғаш келгені үшін бәсiре, яғни мал атап, ен салады. Кейін нағашылары жиен ер жеткенде сол малды енші қылып беретін болған. Бұл болмаған жағдайда жиен ес біліп, есейе келе нағашы жұртынан қалаған затын (жүйрiк ат, тазы, қыран бүркіт, берен мылтық) сұрайды, оны нағашылары беруге мiндеттi. Бұл салт ел арасында жиенқұрық немесе жиенсыбаға деп аталған, яғни жиеннiң құрығына iлiккенін нағашылары жиен назары қатты деп бетiн қайтармай, орындайтын болған. Жиенқұрыққа байланысты берілетін кәденің атын жиеннiң қырық серкешi деп те атайды. Бұл жиенқұрықтың барлық қазақ өңірлеріне ортақ мөлшері болып табылады. Жиен нағашысынан жиенқұрық салтына сәйкес өзіне тиесілі кәдені үш рет алуға қақылы. Кейбір жағдайда жиен өзіне ұнаған бұйымды немесе малды сұраусыз да алып кете берген. Оны жиендік жасау деп атайды. Байғазы – жас балалардың, жастар­дың жаңа киімі, жаңа бұйымдары үшін берілетін ақшалай, заттай сый, көрімдік (мысалы, қамшы, шана, ер-тоқым, т.б.). Кейде балалар жаңа бір киім кигенде ерекше шаттанып, әжелері мен апаларына, аға-жеңгелеріне көрсетіп мақтанады. Сонда қыз бала болса, киімдерінің алдыңғы өңіріне құтты болсын деген тілектерін білдіріп, маржан, моншақ, түйме, тана, үкі қауырсынын, сөлкебай тақса, ұл балаларға қамшы, жүген-ноқта береді немесе қой-қозы сыйлайды. Дәм үзілмесін деп қолдарына ірімшік, бауырсақ, тәтті ұстатады. Шешелері мен жеңгелері ұл балаға «байғазыға байдың қызы», қыз балаға «байғазыға байдың ұлы» деп ырымдап, қыздардың түймесін жігіттердің шапанының ішкі жағына тағып береді (бұл байғазы таққан жігіттің артына қыз ереді деп ырымдағаны). Байғазы алу балалардың басқалардан тұңғыш сыйлық алып, көңілі қуанышқа толып, мақтанышқа бөленуі. Байғазы – балалар мен жасөспірімдердің көңілін аулауға, мерейін өсіруге негізделген, жақсы тілек тілеген ықыласын білдірудің дәстүрге айналған жолы. Мәселен, байғазы сұрай келген балаларға үлкендер «Киімің тоза берсін, өмірің оза берсін», «Киімің бос болсын, жаның берік болсын» деген дағдылы тілектерді айтады. Мұндай тұрақты тіркестері «киім-өмір», «киім-жан», «тозу-озу», «бос-берік» деген қарама-қайшы ұғымдарды өзара шендестіру арқылы баланы тіл-сұқтан қорғауға бағытталған өзіндік магиялық функция атқарады. Босағаға олжа байлау – аңшының саят үстінде жолай бір ауылға аялдаған кезінде олжасынан «жол бастар болсын» деп беретін үлес-кәде атауы. Әдетте бұл жоралғы аңшы жолай бір ауылға аялдаса немесе қонған жағдайда ғана жасалады. Сыралғы беру. Олжалы, қанжы­ғасы қандалып келе жатқан аңшыға кездес­кенде сұралатын кәде – жол сыралғы деп аталады. Аңшылар сыралғының сөзін жерге тастамайды. Кәде қызметі мен оның тәрбиелік мәні туралы профессор Нұргелді Уәли мынадай пікірін білдіреді: «Қазақ этносы психологиялық жақтан өте ­«намысшыл», «өкпешіл», бірақ «кекшіл» емес екені этностың психологиялық табиғатын дәлме-дәл бейнелейтін достың көңілі бір атым насыбайдан қалады; иесінің атын атап, итіне сүйек сал деген паремиологизмдердің мазмұнынан айқын байқалады. Этнос мүшелерінің арасындағы әлеуметтік, жіктік, жыныстық, жас ерекшеліктік, алыс-жақын қандастық, туыстастық, некелік туыстық, т.б. байланыстар қарым-қатынаста жасалатын жоралғы-кәделердің көп болуына себеп болған. Қарым-қатынаста ескерілуге тиісті құқықтық-этикалық нормаларда мұндай «жосын-жоралғы» елеусіз «кәде-сәделер» өкпешіл көңілдің «кірін» кетіріп отырған».

Сіз білесіз бе?

СҰРЖЕКЕЙ БҰЛТТАР СУСЫЛДАП (Қазақ халқы атаған бұлт түрлері)

1. Ақша бұлт – ашық күндері аспанда қалқып жүретін түйдек-түйдек ақ бұлт. 2. Кейкі бұлт – екі басы тік үшкіл, ортасы ересен қалың, кеме пішінді шоқтықты ірі ақша бұлт. 3. Көшпелі бұлт – көкжиектен саумалай көтеріліп тез көшкен бұлт. 4. Маса бұлты – желсіз, тымырсық күнгі тұнба бұлт. 5. Сетінеуік бұлт – іргесі сөгіліп ыдыраған бұлт. 6. Мысқал бұлт – ірі бұлтсыз аспанды толтырған жаппай ұсақ бұлттар. 7. Желең бұлт – түтілген шудадай жеңіл бұлт. 8. Кілегей бұлт – жұқа, сирек бұлт. 9. Ірбі бұлт – іңір шапағына малынған қызыл бұлттар. 10. Ала бұлт – умақ-шумақ, лек-легімен көшкен бұлт. 11.Шөкпе бұлт – төмен қонған ауыр бұлт. 12. Ұшпа бұлт – шоғырымен тіркесе көшетін жеңіл шұбар ала бұлт. 13. Қауырсын бұлт – тарам-тарам жеңіл бұлт. 14. Сәңку бұлт – ересен ірі жалғыз жылжыған түйдек бұлт. Бұлттың бұл түрінің үш түрлі айтылымы бар: Сәңку бұлт, Сеңку бұлт, Зеңку бұлт. 15. Шағырмақ бұлт – күн қызуын бөгетсіз өткізетін селдір бұлт. 16. Жылауық бұлт – әлсін-әлі қайталап жауар бұлт. 17. Кілсең бұлт – жұқа түйдектеліп аспанның ортасын ала аққан бұлт. 18. Кейдеу бұлт – Доға, Қамыт тәрізді өзгеше бұлт. 19. Түйдек бұлт – үзік-үзік болып бір-біріне ұласа көшкен бұлт. 20. Батпан бұлт – қалың қабатты қарақоңыр бұлт. 21. Сұрмақай бұлт – беті аздап сұрғылттанған, көп жері әппақ қосар бұлттар. 22. Қосар бұлт – кез-келген түстегі қатарласа жүзген екі бұлт кесегі. 23. Шомбал бұлт – аспанның бір жақ бауырында құлаштай жүзген ұзын қоңыр ала бұлт. 24. Сеңсең бұлт – қат-қабат тұнған жаңбыр бұлты. 25. Кепсең бұлт – жоғарыдан төменге биіктесе бес-алты қатар немесе одан көп-аз қатар түзеген бұлт. 26. Теңгедей бұлт – дөңгелектеніп көрінген бірен-саран болып жүретін өте ұсақ бұлт. Бір қызығы, теңгедей бұлтты Теңгебей бұлт деп атаушы қарияларда кезігеді. Ол кісілердің ұғымында бұл сөз теңеу мағынасында емес, зат есім орнында жұмсалады. 27. Маржан бұлт – аспанға қарағанда оқияттан табылған, көзге әрең түсетін түймедей бұлт. 26. Ақ малта бұлт – теңгедей бұлттан әлдеқайда үлкенірек көрінетін саяқси қозғалатын ақ бұлт. 27. Қара бұлт – қара түсті түнерген қою бұлт. 28. Ширама бұлт – тау басынан көрінетін бел жағы жіңішке, төбесі мен асты жұмырланған зәу бұлт. 29. Қылша бұлт – басқа бұлттарды жанасалай елеусіз боп көшіп жүретін байқала бермейтін жіптей боп көрінген бұлт. 30. Ақсақ бұлт – екі қоржынның басындай болып түйіліскенімен біреуі түзу, біреуі қырынынан көшіп бара жатқан қосар бұлт. 31. Біті бұлт – ортасы қою әрі қалың, екі жақ алқабы жазықтанып кең көсілген үлкен бұлт қабаты. 32. Қысыр бұлт – жауатындай болып көрініп жаумай өте шығатын бұлт. 33. Көксе бұлт – шың-құздың басындағы төрт-бес немесе одан көп түрлі бұлт қабаттары тұстастай көрінген бұлттардың ерекше алқабы. 34. Бағлан бұлт – қалың тұнжыр бұлттардың ішінде домална көшкен бірен-саран ақша бұлт. 35. Көк бұлт – көкшіл бұлттар. 36. Шарбы бұлт – жер бетіне таяп созбақталған жіңішке әрі жұқалтаң бұлт. 37. Бұрқан бұлт – аспан күмбезін түгел жапқан зілмәуір сел бұлты. 38. Сұржекей бұлт – әппақ аспандағы жалғыз ­немесе бірнеше сұры бұлт. 39. Мамық бұлт – әртүрлі бейнедегі кішілеу келетін ақ бұлттар. 40. Алашабыр бұлт – тым-тырағай шашыраған көлемді бұлт кесектері. 41. Ұлпа бұлт – күн сәулесі шағырмақтандырып тұрған жұп-жұқа, ұсақ бұлт. 42. Саума бұлт – үзіп-үзіп күн бойы жауатын бұлт. 43. Өркеш бұлт – түйе өркештенген ала бұлттардың тізбегі. 44. Сұры бұлт – аспанды жаппай торлап жерге жақын қозғалған тұнжыр бұлт. 45. Шуда бұлт – будақ-будақ шұбатылған бұлт. 46. Кейкім бұлт – жапсарласа жиналған түйдек бұлттар қатпары. 47. Қазбауыр бұлт – жер бетіне жақын жылжыған қоңыр бауыр бұлт. 48. Манар бұлт – асқар таудың басындағы мәңгі жататын бұлт. 49. Шөкім бұлт – әртүрлі түстегі жұқалтаң кішкене бұлт. 50. Түйіртпек бұлт – түйіртпектеліп жатқан жіңішке ақсұры бұлттар.

Көкбөрі Мүбарак

Білгеніңіз артық болмас...

Үш керек

Беру керек: үлкенге – сәлем, қуантқанға – сүйінші, қуанышқа – шашу, соғымнан – сыбаға, егіннен – кеусен, малдан – көгендік, балаға – базарлық, киімге – байғазы, сәбиге – көрімдік, төркіндеген қызға – қалауын, жаңа көршіге – ерулік, досқа – естелік, жетімге – қолқайыр, мүсәпірге – садақа, байлықтан - шүлен үлестіру, тойға – ­сияпат, жас үйленгендерді отқа шақыру, жас босанған анаға – қалжа, сағынғанға – сәлемдеме беру керек. Сұрау керек: Алладан – денсаулық. Пайғамбардан – шапағат, Қыдырдан – бата, аңшыдан – сыралғы, сырқат жанның – көңілін, қарттың – қал-жағдайын, жетімнің – жай-күйін, саудың – амандығын, ағайынның – бүтіндігін, олжадан – тәбәрік, қонақтан – бұйымтай сұрау керек. Тілеу керек: барға – тәубе, жоққа – сабыр, ауырға –төзім, жақсылыққа – алғыс, болашаққа – сенім, жетістікке – шүкір, өткенге – салауат, қалғанға – береке; басқа – амандық, денге – саулық.

Сөз сыры

Бақұлдасу

Адамның өмірге келуі қандай заңдылық болса, өмірден өтуі де сондай заңдылық деп қабылдаймыз. Осы орайда қайтыс болған адамды жерлеу, жоқтау, өзге де ырым-салттарға байланысты көптеген ұғымдар мен сөздердің мән-мағыналарын біріміз білсек, біріміз біле бермеуіміз де мүмкін. Әрі қарай тақырып аясындағы сөздердің мән-мағынасын тарқатып көрсек дейміз. 

Арыздасу – аза тұту ғұрпында ерікті түрде атқарылатын жосын, науқас адамның қайтыс болар алдындағы ел-жұрт, туыс-туғанымен қоштасуы. Қазақ ортасында ұзақ жасаған немесе айықпас ауруға душар болған орта жастағылар, сондай-ақ ел-жұртынан жырақта жүрген адамның өлім алдында арыздасу ғұрпы болғандығы айтылады. Арыздасу өлең түрінде және ұйқасты қара сөз түрінде де айтылады. Арыздасушы өзінің мұң-зарын, артындағыларға қалдырар өсиетін айтады. Бақұлдасудан айырмашылығы өлім халіндегі адам жиналғандардың алдында өзінің бұ дүниедегі күнәсін кешіруін сұрайды. Арыздасу басқадай атаумен ант мезгілі, өсиет сөз, қоштасу деп те аталады. Бел көтерер – дәстүрлі ортадағы ғұрыптық ас атауы. Ұзақ жасаған, тісі қаусаған қарияларға құнарлы тағам түрлерін араластырып, ұсақтап, шайнамай-ақ жей беруге лайықтап дайындалады. Бел көтерер – адамға мол күш беретін нәрлі ас, көңіл жақын жандар арнайы дайындап, қарияларға алып келеді. Бел көтерер этномәдени жағынан мертіккен, қол-аяғы сынған адамдарға тез сауығуын тілеп, арнайы дайындалатын «мертік ас» деп аталатын ғұрыптық тағамға ұқсас. Бақұлдасу – адамның дүниеден озар алдында жақын туысқандарымен қоштасу рәсімі. Төсек тартқан адамның соңғы сәттері жақындаған кезін байқаған туысқандары оның қал-жағдайын сұрап, көңілін ­аулайды. Ал бақилық боларын сезген адам бауыр-туған, дос-жаран, бала-шағасын шақыртып, тірлікте араз болған, ренжіткен жайлары болса кешірім сұрап, жақындары мен балаларына өсиет қалдырып, біреуден алар алашағын, біреуге берер берешегін, тірлікте құпия ретінде сақтап келген, ерекше арнайы тапсыратын жайттарын айтады. Адамның ақырғы демі үзілгенге дейін оның көңіліне келеді деп кейінге шегеріліп, жасырылып келген біраз жайттардың басы ашылады. Бақұлдасушы адамнан қайда, қалай жерлеу, жаназаға, жуындыруға кімдер қатысуы керектігі, ғұрыптарды қалай өткізу, зиратты қалай көтеру туралы сұрайды. Халық ауыз әдебиеті нұсқаларында ақынжанды жандардың өлеңмен бақұлдасқан үлгілері де кездеседі. Одан ары оның артын қалай атқаруды, жерлеу, арулауға сайлайтын адамдарын, біреуге берешегі мен біреуден алашағын айтып, аманаттап тапсырады. Естірту – дәстүрлі ортада жаманат хабар – адамның қазасы туралы жақын-жуығына, туған-туысқанына хабарлау реті, еппен, тұспалдай айтып жеткізу салты. Өлім туралы естіртудің ежелгі түрлері сан алуан. Мәселен, сапарда, жорықта жүріп дүниеден озған адамның атын тұлдап жіберген. Адамның қайтыс болғаны туралы естірту өлікке деген құрметтің бастамасы болып табылады. Қазақ қоғамында беделі мен абыройы бар дүниеден озған жанның қазасын естіртуді қауымның басалқасы болған ел ағалары мен ру ақсақалдары мойындарына алған. Белбеумен белін буу – аза тұту кезінде жасалатын рәсім. Марқұмның туыстары басқа түскен қайғыны білдіру үшін белін бекемдеп белбеумен буған. Дегенмен, бұл рәсім белгілі бір өңірлерде ғана сақталып қалған. Дәстүрлі ортадағы әйелдер жоқтауында «Белімді бекем буайын, қойдан да жуас болайын...» деп келетін жолдар кездеседі. Бұл метафоралық образды сөз өзімді өзім ұстайын, қайғымды басайын, басқаларға да басу болсын дегенді білдіреді. Жақынын жоқтап, «ұзақ егіліп жылаған әйелдердің ­бауыры іседі» деп, сақтық үшін апа-әжелер әйелдің белін будырады. Жетісу өңірінде қайтыс болған адамның жақын туысқандары ақ белбеу буынып жүреді. Ас беру. Дәстүрлі ортада пайғамбар жасынан асқан, ел-жұртқа аса қадірлі адамның қайтыс болғанына бір жыл толар қарсаңында (кейде толған соң) «топырақты өлімге» байланысты аза тұту мерзімінің аяқталғандығын айғақтар «торқалы той» түрінде ру-қауым немесе тайпа, жүз, тіпті бүкіл этнос деңгейінде өткізілетін аса ауқымды және ең ұлы ғұрып, аруаққа арналған «ақырғы зор құрмет». Қайтыс болған адамның артынан аза тұту үрдісі бір жылға созылып, ас берілуімен бірге аяқталады.

Айтса, айтқандай-ақ екен

Жорықбай жырау

Ел аузындағы әңгімеге қарағанда Жорықбай Табынбайұлы ілгеріде Сыр бойында өмір сүрген, атақтары әр тарапқа жайылған Базар, Жиенбай және Төре сияқты жыраулардың үзеңгілесі екен. Жорықбай оқымаған, хат танымайтын, сауаты жоқ адам болыпты. Солай бола тұрса да барынша алғыр, құймақұлақ болған. Жорықбай намаз оқып, ораза тұтпайды екен. Бір күні досы, ауылдасы – Мұхамеджан ақынның үйіне қарай келе жатады. Оның үлкен ағасы Әсет деген кісінің әйелі тары түйіп жатыр екен. Ораза айының іші. Мұхамеджан үйдің ішінде кітап оқып отырады. Оны Жорықбай білмейді. Үйге жақындай беріп Жорықбай: Бибеке, қамдана бер барың болса, Майсөк қып майға былға тарың болса, – дей бергенде, үйде отырған Мұхамеджан іле-шала: Жорықбай, оразаны тұтар едің, Көңілде иман, бетіңде арың болса, – деп соңғы екі жолын жалғастырып жіберген екен дейді.

Пайдаланылған әдебиеттер:  1.Ел аузынан. Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер.  Алматы. «Жазушы» баспасы, 1989 ж.  2.Қазақ халқының салт-дәстүрлері. «Көшпенділер» баспасы, Алматы. 2013 ж.  3.Қазақы атаулар мен байламдар. Ж.Кейкін. Алматы: «Өлке» баспасы. 2006 ж.  4. Этнографиялық ақпараттық сайттар

Бетті дайындаған  Айгүл Әмірбекова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері,  филология ғылымының кандидаты

5955 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз