Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • ҮРКЕР
  • 15 Тамыз, 2017

Биік белестерді бағындырамыз

Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ,

физика-математика ғылымдарының докторы, академик, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы бізді шын мәнінде басқаша өмір сүруге бағыттағандай. Жаңаша тақырыбының өзі көп нәрсені көлденең тартып, өмірдің бар жақсылығы жалт-жұлт етіп алаулап алға шыққандай. Рухани жалғыздық деген не өзі? Бұл – ауыл баласының арманы, болашаққа бағдар, орындалмай жүрген көкіректегі көп мәселе, айтылмай жүрген адамзаттың сыры. Мәселен, мен ауылдан шықтым. Қуандық Түменбай екеуміз бала күнімізде жүрдек пойызға мініп, Шиеліден Түркістанға барып, Қожа-Ахмет Яссауиге тәу етіп, басқа бір дүниені көргендей боп қайтатынбыз. Сонан кейін мен Мәскеудің Мемлекеттік университетінде, ол Горький атындағы Әдебиет институтында оқыдық. Бала күнгі арманымыз іске асып, балаң сезімімізді еске алдық. Қазір 60-тан астық. Азды-көпті ел мені жердің абыройын асырып, туған жер үшін жанұшырып жүрген жайымыз бар. Дәл осы кезде мына мақаланың өмірге келуі құбылысқа пара-пар дүние. Енді тек осы мақаланың өмірде орындалуын іске асыруымыз керек. «Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады. Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» дейді. Біздің ойымыз да осы жақсы істің басы-қасында болып, жақсы іске жанашыр болу. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясы өтті. Оған «Жаңғыру негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбы арқау болды. Сонда сөз алған ақын Жүрсін Ерманның «Ауылға аламан» деп, ат мініп, шапан киеміз деп баруды доғаратын кез жетті. Ат жалын тартып мінген шақта ауылыма не септігім тиеді деп ойланбасаң құр санатта болып, саннан табылғаның несі сән? «Қазақстанның 100 жаңа есімі» дегенде, бүгінгі заманның жас ұрпағына үлгі етіп ұсынар елдің ерлері, ұлттың ұсындары анықталар құндылықтардың орны белгіленер деп отырмыз. Үлкенін сыйлау, қариясын құрметтеу – біздің ұлттық дәстүріміз» деген сөзі сөздің алды, ойдың озығы болды. Біз бүгін рухани құндылықты, ұлттық ұстынды алаулатып алға шығарар кезге жеттік. Біз қай жағынан болсақ та алдамыз, уақыт бізді рухани жаңғыруға жеткізді. Жаңа биіктерді бағындыратын кезге келдік. Оған біздің Елбасымыз барлық мүмкіндіктерді жасап отыр. Енді сөзден іске көшейік. Ошақтағы отты тұтатайық. Ауылдағы алып-ұшқан жастарға мүмкіндік беріп, лүп-лүп соққан жүректерге от боп алау берейік. Біз, Қуандық екеуміз, бала күнгі балаң сезімімізге азды-көпті қол жеткіздік. Оған уақыт куә. Рухани жаңғыру – адамзаттың жаңа белгісі. Биік белестерді бағындырамыз. «Бұл жұмыста шығармашылық зиялы қауым, оның ішінде Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы, университеттер мен қоғамдық ұйымдар үлкен рөл атқаруға тиіс» деп Елбасы атап айтқан міндеттер біздің еншімізде. Шығармашылық ұйымдарды күрделі мәселелер күтіп тұрғаны айдан анық.

838 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз