Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 06 Қыркүйек, 2017

Дін істері министрлігі әзірлеп жатқан заң жобасында маңызды дүниелер қарастырылған

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бастамасымен әзірленіп жатқан «Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы кейбір заңнамаларына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бүгінгі күні қоғам арасында қызу талқыланып жатыр. Бұл қуанттарлық жағдай. Дегенмен әлеуметтік желіде болсын, бұқаралық ақпарат құралдарында болсын, Заң жобасындағы кейбір баптар бұрмаланып, ел арасында дүрбелең туғызып жатқаны да жасырын емес.

 Осыған орай Заң жобасындағы көптің көкейіне қонбай жүрген тақырыптарға түсініктеме беруді дұрыс деп шештім.
Негізінен діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнама ең алдымен азаматтардың құқықтарын сақтауға кепіл болуды көздейді және екінші жағынан дінді экстремистік және басқа да деструктивтік іс-әрекеттерде қолдануды азайту мақсатында құқық нормаларын орнатуға бағытталып отыр.

Заң жобасында сақалдан немесе паранжадан гөрі бірнеше маңызды және салмақты дүниелер бар. Алғашқы мәрте діни радикализм, деструктивтік идеологиялық ағым, деструктивтік діни ағым және т.б. бірқатар терминдерге анықтама беріліп отыр.

Деструктивтік діни ағымдарды насихаттауға, олардың идеологиясын таратуға тыйым салу қарастырылуда.

Діни бірлестіктердің өз құқықтарын қорғауына, өздерінің қызметі үшін ыңғайлы жағдай жасауға, нақтылауға, қорғауға бағытталған нормалар бар.

Ал, кей адамдар осыларға көңіл бөлудің орнына вакцинациялау шараларына қатысты тұрғындардың көңіліне күмән салғысы келіп жатыр.

Бұл жерде вакцинация мәселесі Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің емес, Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіндегі мәселе екеніне назар аударамын. Денсаулық сақтау саласының мамандары және жергілікті атқарушы органдардың, сондай ақ қоғам тарапынан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде балаларға міндетті екпе егу мәселесі қаралуда және зерттелуде.

Соңғы жылдары екпеден бас тарту өзекті мәселе болып отырғаны рас. Мұның салдарынан жұқпалы ауруларға қарсы иммунитеті жоқ адамдардың саны артып келеді. Олар мүгедек болып қалуы мүмкін, өлімге әкеліп соқтыратын жағдайлар да бар. Мыңдаған адам, соның ішінде балалар ауырып, асқынып кетіп жатқан жағдайлар кездеседі.

Бірақ тұтастай алғанда, біз Денсаулық сақтау министрлігіне бұл мәселені мұқият зерттеп, вакциналардың сапасын, медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін жан жақты зерттеуді ұсындық. Шешім әлі қабылданған жоқ.

Яғни, қазіргі уақытта заңнама жобасы шеңберінде қарастырылып жатқан вакцина алуды міндеттеу туралы мәселе талқылану кезеңінде екеніне назар аударамын.

Заң жобасында орамал тағу мен хиджаб киюге тыйым салу мәселесі қарастырылмаған.

Қазақстан Республикасының Конституциясы мен салалық заңы әркімнің діни сенім бостандығын растайды, әркімнің діни көзқарасына қарамастан тепе-теңдігіне кепілдік береді және діндердің бірдей екендігінің маңызын мойындайды.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н. Ермекбаев мырза да БАҚ-қа берген сұхбаттарында Заң жобасында орамал тағу немесе хиджаб кию туралы мәселе мүлдем қарастырылмағанын, оның діндарлардың киетін киімі болып табылатына ешқандай қарсылығы жоқ екенін бірнеше мәрте жеткізді. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігі барлық орта мектеп үшін міндетті форма талаптарын бекіткен кезде де оқушылардың орта оқу орындарынан тысқары және сабақ аяқталғаннан кейін әркім өзінің қалайтын киімін киюге еркі бар екенін мәлімдегені белгілі.

Әйелдердің никаб, чадра, балаклава, бетперде секілді киімдері жеке басты идентификациялау мен тануға кедергі келтіріп, салдарынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тиімділігі төмендейтініне байланысты құқық қорғау органдары оларды киюге тыйым салып отыр. Министрлік діни киімге тыйым салады екен деген қауасеттің шындыққа жанаспайтынын осыдан-ақ көруге болады.

Кейбір адамдар мемлекет діни неке құруға тыйым салуды қарастырып жатыр екен дейді. Мемлекет тыйым салу мәселесін емес, оны реттеу мәселесін қолға алып жатыр.

Заңға сәйкес мемлекеттік органдарда тіркелген неке ғана мойындалады. Туған баланы, неке қидырғандарды, қайтыс болғандарды мемлекет тіркейді. Діни рәсімдер мемлекеттік тіркеуді толықтыра алады, бірақ оны алмастыра алмайды. Сонымен қатар, діни неке қиюға, бата беруге ешкім де тыйым салайын деп отырған жоқ. Бірақ олар алдымен ресми тіркеуден өтуі керек деген талап қана бар.

Кей жағдайларда, «ағалардың» («ахи») қызды қолдан қолға ауыстырып отырғаны туралы мәліметтер бар.

Неге біз ер мен әйелдің арасындағы еркін қарым-қатынастар мен азаматтық некені қозғамаймыз?

Біріншіден, бұл біздің құзырымызға жатпайды, біз дін саласымен айналысамыз. Екіншіден, азаматтық некеде ер адам мен әйел қандай да бір міндеттемелерсіз иллюзия деп саналы түрде байланыс құрады.

Діни некеде, әдетте, қыздар алданып қалып жатады. Сондықтан енгізіліп отырған осы түзету бірінші кезекте әйелдер мен балаларды қорғауға арналған.

Сәйкесінше, көрсетілген норманы заңнамалық деңгейде енгізу Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми ұстаныма қайшы келмейді.

Осы жерде атап өтетін маңызды мәселе, заң жобасының көпшілік ережелерін қоғамның өзі , сарапшылар және мүдделі мемлекеттік органдар ұсынды. Қай діни сенімді ұстанатынына қарамастан ешкімнің құқықтары мен бостандықтарына шек қойылмайды.

Заңнама жобасындағы ұсыныстар басқа да көптеген мемлекеттік органдардың мәселелерін қамтиды, сондықтан ол ұжымдық жұмыс болып табылады. Қазір заң жобасы талқылау кезеңінен өтуде және тиісті өзгерістер енгізілуде.

Осы жұмыс барысында тиісті өзгерістер жасалады. Бұл қалыпты жұмыс. Жекелеген тұлғалар өз пікірлерін, пайымдары мен қарсы болған тұстары бойынша ұсыныстарын енгізетін болса, министрлік барлық сындарлы ұсыныстарды назарға алуға дайын.

Балғабек МЫРЗАЕВ,

«Kazislam» порталының сарапшысы,

дінтанушы, теология ғылымының докторы

33225 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз