Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 26 Қаңтар, 2011

Тарихтан – тәбәрік. Ел иесі, жер киесі – Пір Бекет

Биылғы Барыс жылын еліміз Бекет ата жылы етіп өткізді десе де болар. Өйткені көктемнің орта шенінен бастан алтын күздің аяғына дейін ұлан-ғайыр қазақ даласының, әр қиырында Алаштың аруақтың пірі Бекет атаға ас беріліп оның туғанына 260 жыл толуы кенінен атап өтілді. Оңтүстік өңірден арна тартқан той шеруі Алатау баурайына ауысып, одан әулиенің кіндік қаны тамған Атырау облысындағы, мүрдесі жатқан Маңғыстау өңіріндегі салтанатқа ұласып, соңғы нүктесі Шымкент қаласында өткен халықаралық ғылыми теориялық конференцияда қойылды.«Ел иесі, жер киесі - Пір Бекет» атты бұл мәртебелі маслихатқа еліміздің сегіз облысынан, екі астанасынан туысқан Түркия мен Өзбекстаннан зиялы қауым өкілдері қатысты. Олардың арасында жиырмаға жуық ғылым докторы, алты академик, мемлекеттік сыйлықтың он лауреаты, көрнекті ақын-жазушылар бар. Осынау игі істің ұйымдастұрушы ұйытқысы Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, заң ғылымдарының докторы, әділ қазылар ауылының ағасы атанған прфессор Бекет Тұрғараев еді. Оңтүстіктің төл перзенті ол туған өңірінде қайраткер болып қалыптасып, Солтүстік Қазақстанда ұзақ жыл облыстық сотты басқарып, құқықтық ғана емес, рухани әділдікті де қалпына келтіруге, ақтаңдақтар ақиқатын ашуға қыруар күш-жігер жұмсады. «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қайырылымдық қорына төрағалық ете жүріп, есімдері ел жадына көмескілене бастаған Қожаберген жырау, Шал ақын, Тоқсан би, Бекен болыс сияқты ірі тұлғалардың аты-жөнін жаңғыртып, ескерткіш орнатуға мұрындық болды. Солтүстік және Оңтүстік облыстарының әкімдіктерімен бірлесе отырып, осы күзде Бекет атаға арналған халықаралық коференцияны да ойдағыдай ұйымдастырып, үлгілі өткізді. Пір Бекет Мырзағұлұлының мерейтойы ұлт тарихынан ойып орын алған Қожа Ахмет Йясауи, Баба Түкті Шашты Әзиз, Қарабура әулиелер, Бәйдібек ата мен Домалақ ана, Абылайхан мен қаз дауысты Қазыбек тәрізді ұлы тұлғаларымыздың жамбасы жерге тиген қасиетті Оңтүстікте қорытындылануының өзі бір ғанибет болса керек. - Тәуелсіз мемлекетімізді төрткүл дүние танып, тарихымызды түгендеп жатқан тұста еліміздің бостандығы мен береке-бірлігін әлімсақтан ойлаған баһадүр бабаларымыздың есімдерін, қадыр-қасиетке толы өмір жолдарын бүгінге жас буынның біліп өсуі парыз, - дейді ұлы бабасымен аттас Бекет Тұрғораев. Әлбетте бұл өте орынды пікір. Ұлы аталарын, ұлық тарихын біліп өскен ұрпақ болашақ жолынан жаңылмақ емес. Ұлыстың ұраны, ізгіліктің шырағы «Баталы құл арымас, батасыз ұл жарымас» деп, атадан бота алғаннан гөрі бата алғанды артық көретін халықпыз ғой. Әдетте, ондай баталардың дені «Мединада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір бекет, тілегімді қабыл ет» – деп басталар еді. Осындағы Мұхаммедтің Алла- тағаланың ең жақын досы пайғамбарымыз ғали-иссалам екенін, Қожа Ахметтің қазақ топырағына білім ұрығын сепкен орта ғасырдың ғұлама ғалымы, ұлы ұстазымыз әулие ақын екенін білгенмен, біздің буын соңғы отыз жылға дейін Пір Бекеттің кім екенін тап басып тани алмай келді. Кешегі рухани құндылық атаулының көбіне қарсы коммунистік қызыл саясат дін дегеніңіз елді ірітіп, адамды аздыратын апиын деп, діндар біткеннің бәрін халықтың қас жауы санап Бекет ата сияқты киелілеріміздің атын ауызға алдырмай қойды емес пе. Ал өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы Кеңес өкіметінің озбыр да оспадар саясатына қарсы Маңғыстауда бас көтерген адайлардың көтерілісінен кейін Пір бабаның атын жалпы ататқызбай тастады. Тек жетпісінші жылдардың аяғына таман осы өңірдегі бір басшының батыл қадамы арқасында әулие есімі ел жадында қайта жаңғырды. Сол жылдары Жылыой ауданын басқарып тұрған білікті азамат Саламат Мұқашев әуелі Атырауға, кейін Маңғысиауға обкомның бірінші хатшысы болып сайланды. Сол өңірде дүниеге келіп, Пір баба туралы кәріқұлақ қариялардың ауыздың суын құртар небір әсерлі әңгімелерін көкірегіне кішкентайынан құйып өскен азамат ел аралап, жер шолған бір сапарында осынау қазыналы түбекте Бекет ата мешіті болуға тиіс еді, соны көре кетсек қайтеді, деген емеуріңн танытады. Басшы айтқан соң басқаларда жан қала ма, бірден оны Үстіртке ала тартады. Келсе мешіттің тастан ойып жасалған үңгір-апан тәрізді есігінің маңдайшасында қойма деп жазылған тақтайша ілулі тұр екен. Тегінде иесіз ғимаратты кенбарлаушылар мен малшылар құрал-жабдықтарын сақтайтын қойма ретінда сақтаса керек. Қазақша «қойма» деп жазылса да бірсәрі ғой, орысша «склад» деп айбақтата салыпты. Облыс басшысы тақтайшаны алдыртып тастап, орнына «Бекет ата мешіті» деп жазғызып, жер асты ғимаратын тарихи ескерткіш ретінде қайта қалпына келтіріп, туристік соқпақ тартуды тапсырады. Содан бастап Бекет ата мешітіне жаппай жол түсіп, әулиеге зиярат етушілер көбейіп, Пірдің мұраларын зерттеу қолға алынады. Бекет Ата туралы зерттеу мақалалар жарияланып, кітаптар шығып, қазақ жұрты Пір бабсын тереңірек біліп, оның ағартушылық, абыздық, көріпкелдік, кемеңгерлік, сәулеткерлік еңбектерімен жете танысады. Шіркін, Кеңеңс өкіметіне қалтқысыз еңбек ете жүріп те ділі мен дініне адалдығын сақтап қалған ағалар болған ғой!.. Шынында да, пір тұтып бүкіл ел сиынған, шарапаты мен парасатына дүйім халқы табынған Бекет ата Жылыой өңірінде, Жем бойындағы Ақкиіз тоғайына таяу Ақмешіт деген жерде дөңгелек дәулеті бар момын шаруаның отбасында өмір есігін ашады. Әкесі Мырзағұл момын болғанымен ел ішінде беделі бар асқан еңбекқор, адал адам екен. Шешесі Жәния көріпкел әулие атанған атақты Назар қожаның адай бәйбішесінен туған қызы. Ал түп нағашысы Кіші жүздің беделді биі, белді батыры тама Есет тархан ел аузындағы аңызға қарағанда, Бекеттің батырлығы мен батылдығы осы түп нағашысынан, ал сұңғылалығы мен сәуегейлігі өз нағашысынан дарыған тәрізді. Болар бала басынан-ақ белгілі емес пе, қаршадайынан еті тірі пысық Бекет аталдардың ақыл-кеңесіне ұйып, айтқанан қағып алатын алғыр,ағалардың айтқанын екі етпей орындайтын елгезек болады. Он екі жасында ол тоқсанның төбесіне шығып, қарт қырандай мүлги бастаған ұлы нағашысы Есет батырға сәлем бере барады. Сонда тұлпарды тайынан танитын, жүйрікті шаңынан айыратын көреген қарт жиеншарының түбі тегін кісі болмасын бірден аңғарып: Ақ-қараны айыратын ұл боларсың, Аламанды қайыратын дүр боларсың. Халқыңа шуақ шашып нұр боларсың, Үш жүзге аты мәшһүр пір боларсың, - деп ақ батасын берген деседі. Кішкентайынан алғыр да ақылды, ұғымтал да ынталы балаға алдымен атасы Жаналының өзі хат білгізіп, қара танытады. Атасынан алған білімін болашақ ғұлама ауыл молдасының алдында ширатып, сауатын жетілдіре түседі. Нағашысы Назар қожадан да біраз тәлім алады. Бірақ та талабы зор, зерек те зерделі баланы бұның бірі де қанағаттандырмайды. Бір күні Бекет әкесіне келіп: – О, алтын діңгек, алып тірек, асыл әке, түсімде Шопан Ата әулие аян берді, - дейді. – Хиуаға бар, сондағы Бақыржан деген әзиз ұстаздың дәрісін тыңдап, үлгісін тұтынатын бол, деп тапсырды. Өз көңілім де білім мен ғыылымға ауған сыңайлы. Әлгі пірдің тәрбиесін көріп, тәліміне шүйгіп, ақ батасын алсам деген ойым бар. «Ер Төстігім бір төбе, сегіз ұлым бір төбе» дегендей, алты баласының ішінде мейірімі айырықша түскен төрт ұлының кенжесі Бекеттің бетін қайтармай, Мырзағұл: – Алла-тағала алдыңнан жарылқасын, талабыңа нұр жаусын! – деп бірден рұқсат етіп, батасын береді. Сөйтіп Бекет он төрт жасында Хиуаға келіп, 1726 жылы ашылған Мұхаммад Бақыржан хазірет ұстаздық ететін Шерғазы хан медресесіне оқуға түседі. Кезінде өзбектің атақты ақыны Пехлеван Равнак, түркімен әдебиетінің танымал тарланы Махтымқұлы Фараги, қарақалпақтың шандоз шайыры Әжнияз Қосыбайұлы оқыған білім ордасынан ол жеті жыл дәріс алады. Баланың жілік алмақ мінезінен емес пе, Бекет те елгезек еңбеккерлігімен, зейінді зеректігімен Бақыржан Әзизге ерекше ұнап, ұстазы оған айына екі мәрте үйіне барып келуге рұқсат береді. Ұстаздың оған деген ықылас-пейілі өзге шәкірттердің қызғанышын туғызбай қоймайды. Соны сезген сұңғыла ұстаз Бекеттің айырықша зайырлық қасиеті барына олардың көзін жеткізу үшін бір күні шәкірттерін екі арбаға отырғызып, Әмудариының Хиуаға таяу өтетін тұсына әкеліп, арғы жағаға шығып тоғайдан отын шауып әкеліңдер деп тапсырма беерді. Бұл өзеннің бұрқанып кемерді соғып, арнасына симай жатқан көктем кезі болса керек. Шәкірттер тіпті жағаға да жақындай алмай шуласып, анадай жерде ошарлып тұрып қалады. Сонда арсынан Бекет қана суырылып шығып, аяғын жебей басып жағаға келеді де, одан әрі су бетімен кәдімгі қара жерде жүргендей адымдап арғы жағаға өтіп, тоғай шетіне табаны іліккен соң, қу ағаштықтарға балта салып, бір құшақ отынды арқалап оп-оңай бергі бетке шығады. Қызғаныштың қызыл иті жүректерін тырналап жүрген күңшілдердің көзі Бекеттің басқалардан артық бөлек бір қасиеті барына көзі жетіп, енді өздері даурығып оның кереметін жұртқа жая бастайды. Сол жолы ұстаз сүйікті шәкіртінің кілең қу ағаш кесіп әкелгеніне таң қалып: – Ну орманнан сау ағаш табылмағандай кілең қу ағашты жинап әкелегнің қалай? – деп сұрайды. – Сөзіңізден садаға, мәртебелі пірім. Оның себебі былай: бүр жарып дертіп тұрған қай ағашқа балта кезесем де: «Өсер өркенім, көрер ертеңім, жаяр жапырағым бар жас едім, болашағыма балта шаппашы, адамзат?!», – деп көз жасын көл қылды. Сондықтан жас өскіннің келешегіне зиян келтірмейін деп, бәрі-бір отқа жағуға жарайды ғой деп өзегі тартылып, тамыры қураған қу ағаштарды кесіп әкелдім, – дейді. Шәкіртінің қайтарған жауабына да, жасаған қарекетіне де разы болған ұстаз: – Дұрыс, жеріміздің әрін еңгізіп, сәнін келтіретін орманды бас жоқ, көз жоқ отай беруге болмайды, – деп шәкірттеріне қарайды. Бүгінде ауылының айналасындағы ормандарға қасақана от қойып, өртке шарпылған ағаштарын кесіп, қалаға отын қылып сатып жүрген құлқын құлы қулар мен пайдакүнем пысықайларға әулие атаның табиғатқа деген осы жанашырлығы сабақ болса ғой. Бақыржан қожа берген бар білімді игеріп елге қайтқанда, Пір баба қылыштың жүзіндей қылпылдаған жиырмадан енді ғана асқан қылшылдаған жас жігіт еді. Бұл Обашы бастаған Еділ бойындағы қалмақтардың Жоңғарияны бетке алып, шығысқа қарай үдере көшіп жатқан кезі-тін. Қазақпен, қалмақтың атышулы айқасы да дәл осы тұс. Бекет те шайқасқа басымен сүңгіп кетеді. Бір қызығы ол ту көтеріп шыққанда жау быт-шыт болып жан-жаққа қашатын көрінеді немесе соғысып қан төгіспей-ақ жеңілгенін мойындап, келісімге келеді екен. Оның құдірет-күшімен жеткен жеңістері үшін, Әбілхайыр ханның жесірі, адай қызы Бопай ханымның өзі оны бетінен сүйіпті деген дерек бар. «Тазхираи Мухаммад Бахир» қолжазбасында «адам таңғаларлық кереметтер жасай алатын зор қасиет иесі, сопылықтағы ең жоғары мәртебе машайық дәрежесіне жеткен, түріктер мен өзбекетер арасында атағы кең жайылған, «Ахмад» (ең мақтаулы)» деп дәріптелген Бекет жаугершілік тиылып, бейбіт, бейқұт дәуір басталғанда Хиуадан алған білімін ел игілігіне асырып, ағартушылық жұмыспен айналысып, жұртты мәдениеттілікке ұйытып, имандылық пен ізгілікке үндейді. Мешіт салғызып, бала оқытады. Бекет өз өмірінде Үстіріт төңірегінен ғана төрт мешіт салғызады, және олардың бәрін жартастарды қашатып, жер астынан жасатады. Жерасты мешіттерінің бәрі сәулет өнерінің шын мәніндегі сирек кездесетін ғажайып ескерткіштері. Олар туралы Ресей Ғылым академиясының академигі атанған, медицина докторы, ағылшын, неміс, орыс, француз тілдерін жетік білетін татарша да еркін сөйлейтін ғалым Эдуард Эверсман былай жазады: «1826 жылғы 14 қаңтар күні шың жағалай шолу жасап жүрген шағын жасақ біз тоқтаған жерден он шақырым қашықтықтағы аузын оюлап жасаған үңгір тапты. Оның іші он шаршы метрдей, қабырғалары араб, парсы, татар жазуларыменн безендірілген. Бұл үңгірді жасатқан Бекет атты пірадар қазақ. Үңгір сол әулие Бекеттің атымен аталады. Мұндай ескерткішті ол төрт жерден қашап орнатқан. Оның бірі Маңғыстаудан онша алыс емес Оғландыда, екінішісі – Бейнеуде, үшіншісі – Жем өзені бойында, төртіншісі – Арал теңізі жағасындағы Баялыда. Оның бірінде ол қыста, екіншісінде күзде, үшінішісінде жазда болады екен. Бұл ғажап тақуа адам осыдан он екі жыл бұрын өмірден озыпты». Бұл Бекет атаның алпыс үш жасында дүние салған уақытымен тура келіп тұр... Он сегізінші ғасырдың елуінші жылдарының басында Үстірт жоталарының жер бедерін зерттеген ғылыми экспедицияның мүшесі, бас штабтың топографы башқұрт топырағында туған Петр Алексеев «Солтүстік үстірттің Жемге дейінгі аралығының топографиялық сипаттамасы» деген еңбегінде: «Бекеттің Ақмешіті Жем өзенінің сол жағындағы Қандыарал шатқалынан төменірек отыз сегіз шақырым жерде, – деп жазады. – Оған өзен жақтағы қапталынан жақынырақ барып қарағанда, кісі әрең сиятын қасқырдың үлкен апанына ұқсас ойындыны көреміз. Осы ойық жер астына қарай үш сажындай барған соң тіке оңтүстік-батыс бағыттағы диаметрі екі жарым сажын, биіктігі төрт аршындай болатын күмбезі тегіс, төбесінде жарық түсетін ойықшасы бар дөңгелек бөлмеге әкеледі. Оның кіреберіс екі жағында көміліп қалған екі шұңқыр көзге шалынады, қазақтардың айтуынша ол суы тұщы құдықтың орны. Бұл бөлменің оң жақ қапталында тағы бір кішігірім бөлме бар. Онда үшкір ұшын жерге қадап қойған темірден жасалған асатаяқ тұр. Жемнің тау-тасты құз қабағындағы бұл мешітті жыл сайын жазда Үстірттен осы өңірге қыстағалы келетін адай руының Мұңал тайпасынан шыққан Бекет бұдан елу жыл бұрын қашап салдырған. Ол қолы бос кезінде ер балалардың мұсылманша сауатын ашумен айналысып, қалған уақытта құдайға құлшылық қылу үшін өзінің тастан ойып жасатқан үңгірінде оңаша өмір сүрген. Күллі орда халқы осы бір ғаламат қазақтың өмірінен көптеген кереметтер мен неше алуан аңызға бергісіз әңгімелер айтып, оны киелі нағыз әулиенің өзі деп құрмет тұтады». Әсілі, Бекеттің асасын шанышқан жерден су шығарып, алақанын тосқан кезде жауын жауғызатын кереметі бары шын болса керек. Жан-жануардың тілін түгел білген ол аяқты аңды да айтқанына көндіріп, айдауына жүргізген, деседі. Бір жаугершілікте жалғыз ұлы мен келінінен айырылып, емшектегі кішкентай сәби немересіне сүт тауып бере алмай зар илеп отырған кейуананы көріп ет жүрегі езілген әулие дұға оқып табанында өрістегі арқардың тушасын алдырып, нәрестені соның бауырына салады. Сол арқар бала қашан емшектен шыққанша күн сайын келіп оны емізіп тұрған екен. Бекет атаның баласызға бала беретін, панасызға пана болтын қасиеті болған. Бірде ол тастан ою оятын, жасы жер ортадан асып қалған Байсал деген шебердің қабағы қатып, ренжіп жүргенін байқап, мән-жайын сұрайды. Бақса, жасы өрнек жүзінен ауып кеткен шеберде бала жоқ екен, Пір ата оған бата беріп, бір айдай ауылына барып аунап-қунап қайтуға рұқсат етеді. Сол жолы оның зайыбы жүкті болып ұл туады да, атын, Пірге аян бергендей, Мыңкісі қойяды. Сол Мыңкісіден тараған ұрпақ қазір Қазақстан, Қарақалпақстан, Түкменстан аймағына жайылып, әр жерде жемісті еңбек етіп жүр. Таудың тасынан қашап, жер астынан ғажайып ғимараттар жасаған осындай халықты көз еті өсіп, өзінен басқаны көргісі келмейтін кешегі астам пиғылды отаршылдардың жартылай жабайы жұрт деп кемсітіп келгенін қайтерсің. Темірден түйін түйіп, тастан ою ойып, өрнек түзген, сәулет өрген осындай өнері бар, таяғын шанышқан жерінен бұлақ ағып, аяғы басқан жерден шырақ жанатын Бекет атадай пірі бар халық қалайша надан болмақ?! «Шариғат базарында сайраңдадым, Мағрипат бақшасында жайраңдадым, Тариһат сарайында тайраңдадым, Хақиқат есігімен аштым міне», – деп жырлаған Қожа Ахмет Яссауидың сопылық жолын ұстанып, ондағы ең биік дәреже Пір мәртебесіне жеткен Бекет ата Ислам әлеміндегі саусақпен санарлықтай сирек тұлғалардың бірі. Біздің қазақ қуанса да, қорықса да әуелі Аллаға, сосын Бекет Атаға сиынады. Маңғыстауға арнайы барып, оның Үстірттің батысындағы Оғланды тауында тұрған бейітіне тәу етіп қайтатынлдар да аз емес. Осы орайда Маңғыстаудың төл тумасындай болып кеткен талантты ақын Темірхан Медетбекеовтың бір өлеңі ойға оралады: О, менің Маңғыстауым, Маңғыстауым! Мақтанып мақтанарым, алға ұстарым Өзіңде бар махаббат, бар құштарым, Жыр болып құйылады алғыстарым... Сен десем нөсердеп жыр ағылады, Сен десем жаныма шам жағылады. Ауызға алсақ сені жатады ғой, Нұр шашып Бекет Ата аруағы. Аруағы нұр шашатын сол Бекет атаның екі жүз алпыс жылдық мерейтойын бұл күндері Атыраудан Алтайға, Қызылжардан Алатауға дейінгі пірін ардақтап, дінін құрметтейтін қалың ел атап өтіп, ас беріп жатқанының өзі бір ғанибет емес пе. Өйткені осы мерейтойды арнайы құттықтаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап айтқандай, Бекет ата ғибратты ғұмыр кешкен, ел арасында әулие атанған тарихи тұлға екені аян. Ол халқымызға жалпы адамзаттық рухани құндылықтарды таратып, ізгілік дәнін септі. Имандылықтың ұстынына айналған Бекет атаның рухани мұралары әрдайым жас ұрпаққа ұлағат болып келеді. Ұлы бабаның мұрасы да, мұраты да елдің рухани өсіп-толысуына қызмет ете беретініне сенім кәміл. Туған халқымыздың тәуелсіздікке дейінгі соқтықпалы соқпақсыз жолында арайлы ертеңіне деген сеніміне сәуле түсірген, арманы мен аңсарын арайландырған, ақыл-ойы кемел ұлы тұлғалар аз болған жоқ. Солардың бірі Алты алашқа ортақ әулие – Пір Бекет. Қазақ елінің әр шалғайында оның аруағына бағыштап ас беріліп, мерейтойының кеңінен атап өтілгені де содан. Жалпы, дәуіріміздің даңғайыр дарыны, заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтсақ, асқақ жұртының ақар-шақар шың басындай тәкаппар жүрегінен мәңгілік жәннат тапқан, әлсізге медет, күштіге айбар, зарыққанға жебеу, тарыққаға демеу, асқанға тосқан, сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз, ұлысқа ұран, ел иесі, жер киесі Пір Бекетке қанша тағзым қылсақ та артық емес. Елі барда ері естен шықпасқа тиіс қой. Сарбас Ақтаев жазушы

2037 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз