Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • ҮРКЕР
  • 23 Мамыр, 2018

Колбинмен кездесу

1986 жылдың 31 желтоқсан күні Қазақстан Жазушылар одағы аяқ астынан әбігерге түсті. Өз-өзінен шала бүлініп жүргендер де қатардағы хатшылар, әйтпесе сонша жанығатындай «бас жарылып, көз шыққан» дәнеңе де жоқ. Бұл – өрттің лаулап жанып бітіп, енді күйіктің иісімен дем алған дәрменсіз күндер еді. Дүбірлеп желтоқсан өтті. Жер жүзін аузына қаратқан атышулы оқиғадан соң 13-ші күні Қазақстан жазушыларымен «қаңғып келген шүрегей» Колбин кездеспекші. Мен «Жұлдызда» істеймін әрі бастауыш партия ұйымының хатшысымын. Бас редактор Бекежан Тілегенов жиналысқа кірерде бәрімізді жиып ап: «Тыныш отырыңдар, артық сөз болмасын»,– деп, соңғы рет ескерту жасады. Сахнаның төріне Колбин шықты. Қасында Олжас Сүлейменов. Ду қол шапалақ. Олжас оң қолын жаңа басшының иығына салып тұрып: «Біздің Қазақстан Жазушылар Одағына осындай деңгейдегі партия қызметкері бірінші рет келіп отыр»,– деді кең залға қарап көзін қысып. Шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнады. Әжетхана, бильярд залы, «Қаламгер» кафесі, тағы да басқа қуыс-қуыстар алдын-ала мұқият тексеруден өткен. Залда түр-түсі бөлек адамдар отыр. Құдай біледі, «үш әріп» өкілдерінің нақ өзі. Одақтың бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов кездесуді ашты. «Қазақстанның идеологиялық термометрі нөлді көрсетіп тұр»,– деп, тағы да «біріншіге» қарап суық жымиды. Жазушылар жарыссөзге шықты. Әуелі Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлжаппар Әбішев сөйледі. «Біз Сіздей басшыны жиырма бес жыл күттік»,– деп аяқтады сөзін. Білетіндер: «Қонаев Төлебаев көшесіне көшкенде ескі үйін атын атап тұрып осы кісіге тастап кетіп еді» деп күбірлеп сөз қылды. Мінбеге Жұбан Молдағалиев көтерілді. Ол жазып алған сөзін оқып берді. Алабұртып, қайта-қайта тұтығып, қан қысымы көтеріліп тұрғандығы байқалады. – Мен кешегі қанқұйлы соғыста кеудемді оққа тосып, кең-байтақ советтік Отанымды қорғадым. Сіз неге менің қаршадай ұл-қыздарымды қорғамадыңыз?!– дегенде, Колбин көзілдірігі салбырап төмен қарады. Ол сөйлеп тұр. Қайта-қайта тұтығып, сөзінен жаңылыса берді. – Қақаған аязда балаларды көк мұзға жатқызып, өрт сөндіргіш машинамен үсті-басына суық су құйған деген не сұмдық! Осыны көргенше, сол соғыста мен неге өліп кетпедім,– деп сөзін аяқтап, қап-қара боп түтігіп, төрдегі орнына келіп отырды. Сосын дәрісін іздегендей қайта-қайта қалтасын қармалай берді. Кезек бойынша Сафуан Шәймерденов мінбеге шықты. Ол қағазға қарамай сөйледі. Әр сөзді іздеп, орысша қинала тіл қатты. – Құрметті Геннадий Васильевич,– дегенде, Колбин иығымен бұрылып күлімсірей қарады. – Осы Хайдер деген Ақ Үйдің алдында үш ай бойы аштық жариялап жатқанда, бір американдық полисай қолының ұшын тигізген жоқ... Бірінші хатшы иығы селкілдей күлді. Әрине, күлкіге күлкі қосылды. – Демократия деген осы емес пе? Біздің балаларымызға да тимей-ақ қоюға болмас па еді... Жұбанның сөзі ыза мен кекке толы болды. Сафуан сарказммен сөйледі. Мінбеге Колбин шықты. Сауалға жауап берді. «Біздің балаларға жеңілдік бола ма?» деген сауалға өзінің Грузияда екінші хатшы болғанын айтып, сонда құқық қорғау саласының ісіне ешқандай қол сұқпағанына тоқтала келіп, «бұл мәселені солар шешеді» деп түйіндеді. Қаланың тәртібі туралы айтты. «Алматыдағы нашақорлар мен бұзықтарды үш күнде басқа жаққа аттандырып, жер аударамыз» дегенде, зал ду қол соқты. Бізді құртқан да осы құрғақ қол соғу ғой. Сол «бұзықтар мен нашақорлар» өз перзенттеріміз емес пе? Көп сөйледі. Жаңалығы жоқ жадағай сөз. Бірақ, әр сөзі қол шапалақпен қошеметтеліп отырды. Бірінші қатардың сол жағынан санағанда ең бірінші «меншікті» орнын иемденген Қалмұқан Исабаев бір мезет мінбеге қарай көтеріліп бара жатты. Ол кісі мінбенің үстінде тұрған «Сарыағаш» суын қырлы стаканға лекілдетіп құйып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысына құрмет көрсетті. Бірінші басшы бас изеп, рақмет айтпады. Судан дәм татпады. «Үш әріп» өкілдерінің асқан қырағылығының арқасында біздің бір қызметкер жиналыс біткенше әжетханада қамалып отырды. Жұбанның қырағылықтан аттап өтіп, аңызға айналған рухты сөзі осы күні айтылып, Ульяновскіден келген суыт қонақты селк еткізген еді. Әйтсе де, Колбин Жазушылар Одағына басын төмен иіп келіп, Көк тіреп қайқайып шықты. Оның басын Көкке жеткізген де кеңпейіл, аржағы бос халықтың дүркін-дүркін қол шапалағы еді.

***

Одақ бастауыш партия ұйымының хатшысы Ахметжан Аширов редакциядағы жиналыстың есебін сұрап, әбден мазамыз кетті. «Мына жері мынадай, мына жері мынадай екен» деп, «өгіз өліп, арба сына берді». «Мен енді жанымнан ештеңе қосқаным жоқ, не айтылды, соны ақ қағазға түсірдім»,– деп, әділін айттым. «Жоқ, нақтылық керек, нақтылық» деп, партиялық қатаң талап бар екендігі бетіме басылды. Жолсапарда жүргенде сырттай сайланған мен секілді парторг партиялық талап үдесінен шыға алмады, аудандық партия ұйымының жиналысында жаңа хатшы сайланды. Уақытқа сай адамдар да өзгерді. Бұған бәрі куә. Одақ орнында.

Қуандық Түменбай

.

2755 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз