Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 18 Наурыз, 2010

Жер шарының қоңыр үйегiнде орналасқан халықпыз Жағда БАБАЛЫҚҰЛЫ, этнограф:

dsc_0538Қазақы бедерiмiздi айшықтайтын түрiмiз бен тiлiмiз ғана емес, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз. Осынау құңдылықтарымызды қызғыштай қорғап, ұлықтап жүрген Жағда әңгімеге тартқан едік.

- Ат жалын тартып мiнген ата-бабаларымыз Ұлыстың ұлы күнiн қалай қарсы алған?- Ықылым заманда қытайлар бiздiң бабаларымыз – ғұндарды «Хүн-шүн» деп атаған. Мұнда сөздiң төркiнi «хүн» де емес, «шүн» де емес – күн болып отыр. Күннен тудық демейтiн бе едi. Күн астындағы Күнiкейiмiз тағы бар. Қытайлардың жазғанына қарағанда, ғұндардың хандары – тәңiрқұтылар наурыз басталатын күнi тау басына шығып, ұясынан жаңа көтерiлген күнге қол жайып, тiлек сұрап, дұға қылады. Ол дұға қайырғанда, тәңiрқұтының арт жағын ала қолында қобызы бар абызы отырады. Тәңiрқұты дұғасын оқып болғанда, абыз 9 қоңыр күй тартады екен. Ол күй тартып болғанда, оның соңын ала отырған 365 күйшi бiр-бiрден күй тартады. Содан кейiн наурыз тойы басталатын болған. Бұндағы 9 және 365 сандарының астарында өзiндiк мән жатыр. Соған қарағанда, арғы ата-бабаларымыз наурызды аса ардақтап, аса бiр салтанат-даңқпен тойлаған ба деп ойлаймын. Осы тойды тәңiрқұтының өзi бастап тойлайтын болса, наурыздың мемлекеттiк дәрежедегi мереке болғаны ғой. Ал өзiмiз бала күнi көрген наурыз да ерекше болатын. Ондайда көпшiлiк ұлыстың ұлы күнi басталмай тұрып-ақ бiр-бiрiн құттықтай бастайтын. Сондайда айтылған тiлек-батада есеп болмайды. Бұл - өзiнше бiр ғажап дәстүр! Одан да кереметi – бiр-бiрiн ренжiткендер болса, осы күнi кешу айтысып, қауышып жатады. Сонымен қатар жыл бойында бiр-бiрiнен қарыз алғандар осы күнi берешегiн өтеуге тырысады. Қалай болған да, шамасы келгендер ескi жылдың өкпе-назын, базына-қарызын жаңа жылға қалдырмайды. Соның бәрi наурыз көже қойылған ақ дастарқан басында бiр демде ұмытылып, қалың халық мәре-сәре болады да жатады. Ал наурыз көженiң қалай жасалатыны көпшiлiкке онсыз да мәлiм. Оған салынған дәм неғұрлым көбiрек болса, келiседi. Бiрақ жетiден кем болмау керек. Наурыз мейрамында арқа-жарқа айтшылаған көпшiлiк түрлi ұлттық ойындарды тамашалап, ән шырқап, күй тартып әбден құмардан шығады. Ел тарихында жекелеген билер, байлар арнайы жұртқа жар салып, наурыз тойын өткiзетiн кездерi болған. Сондайда ат шауып, балуан белдесiп жатады. Жастар таған, қайтыпкел, қамшыгерлiк тәрiздi ұлттық ойындарға қатысатын едi. Осының өзi ұлағатты өнеге. Сондықтан наурыз - өрелi өркениеттiң үлгiсi болып табылады. Тағы бiр айта кетерлiк жай – қазақ үшiн және басқа да шығыс халықтар үшiн жыл қайыру, яғни күнтiзбе Наурыздан басталады. Халқымыз тарих бойында қалыптастырған жыл қайыруға жүгiнсек, биылғы мүшелдiң кезегi – доңызға келiп тұр. Сөйтiп наурыздың 22-сiнде нағыз доңыз жылы басталмақ. «Нағыз» дейтiнiм - осы күнде жыл қайыруды қазiргi жыл санағы – григориян күнтiзбесiмен шатастыратындар көбейдi. Ол - сауатсыздық, берi дегенде, терiс пайымдау! Милади жыл санағының ғылыми негiзi кемшiн. ХІХ ғасырда Рим папасы есептете келгенде, бұрынғы Юлиан күнтiзбесiнiң 13 күнi артық шығып, сол кемшiлiктi реттеу үшiн жаңа күнтiзбе қабылданатыны бар. Содан барып қазiргi атап өтiлiп жүрген Ғайса пайғамбардың туған күнi мен ресми жаңа жылдың арасы ажырап кеткен. Бұл – не табиғат құбылысына негiзделген, болмаса, аспан денелерi үйлесiмiне келетiн күнтiзбе емес. 12Осы орайда, табиғатпен жарасымдылыққа жетелеп, үйлесiмге үндейтiн Ұлыстың ұлы күнi – Наурыздың жөнi тiптен ерек.

- Қазақты жылқы тектес халық деймiз, ал ендi осы қазақы жылқылардың тұқымы тұздай құрып бара жатқаны жайында мәселе көтерiп жүргенiңiзге куәмiз. Сол дүбiрлi тұлпарлар қазақ даласына қайта ораларына сенесiз бе?

- Жылқы - iшсе, сусын, жесе, азық, мiнсе, көлiк. Қазақ жылқыларының төзiмдiлiгiнде шек жоқ. Жаугершiлiк заманда бабаларымыз өздерiмен бiрге үйiр-үйiр табын айдап жүретiн болған. Шөлдесе, қымызын iшiп, ашықса, етiн жеп жүре берген. Әрi қашқанға да, қуғанға да шапшаң қимылды жылқы оңтайлы. Шалт бұрылатын икемдiлiгiмен де шайқас үшiн жаралғандай. Қазақ ат арқылы Үндiстаннан Араб әлемiне дейiн, сахарадан Еуропаның Италия, Франция елдерiне дейiн еркiн көшiп-қонған. 1920-шы жылдары қазақтың кейбiр шаңырағында 30-40 мыңға жуық жылқы малы болыпты. Тiптi Қытай өңiрiнiң Iле бойындағы қазақтарда да 10-15 мыңның төңiрегiнде жылқы ұстағандар кездестi. Ал мұқым қазақта 20 миллионға тарта жылқы басы бар едi. Кейiнiрек социолизм қамыты мойнымызға iлiнгенде орыстар сол жылқылардың бәрiн етке өткiзiп қырып салды. Қазақы жылқыны көбейту керек. Қазақы жылқыны сен асырамайсың, ол сенi асырайды. Бiр жарым метр қар жауғанның өзiнде өз шөбiн өзi табуға шамасы жетедi. Қазақтың көптеген ессiз ақшалылары таза қанды жылқы асырап қаражатын далаға шашып жатыр. Әкелген әлгi асыл тұқымдылары ұзаққа шабуға шыдамайды. 20 километрден кейiн болдырып, тiптi өлiп те қалады. Мiнуге де жарамайды. Былайша, мәңгүрт. Өйткенi, өз енесiне, өзiнен туған байталға шаба бередi. Қазақы жылқы өйтпейдi, тек сақтайды. Тек сақтайтын аң-құс санаулы. Сондай-ақ, аққу, кәмшат құңдыз тек сақтайтыны хақ. Америкада пума деген жолбарыс тектi жыртқыш бар. Ол да осындай. «Қазақ жылқы тектес» деп бекер айтпайды. Үнемi жылқы етiмен қоректенгеннен жылқы қасиетiн бойына сiңiрген. Қанымызға жылқы қасиетi әбден орныққан. Сондықтан бiз де жетi атаға дейiн қыз алысып, қыз берiспеймiз. Елiмiзде қасиеттi қазақы жылқы тез өседi. Қазақ топырағында қазақы қой да жылдам көбейдi. Ақ қойдың бiздiң жерiмiзге бейiмделуi қиын. Өзiн өзi баға алмайды. Көп күтiм талап етедi. Қазiр техниканың күшi жеткiлiктi. Осы арқылы қазақы жылқылардың өрiсiн кеңейтуге жол ашылмақ.

- Осы қазақтан аңкөстiктiң ауылы алыстап бара жатыр-ау. Әлде салбурынға шығардай аң қалмады ма? Бiрақ, ауыл-аймақтарда бөрiлердiң ойран салып тайрандап жүргенiн естiген құлақта не жазық бар?

- Аңшылықтың азаюуының екi себебi бар. Кеңес одағында аңшылықты ауыздықтап тастады. Ал от қару шыққалы (мылтық) хайуанаттарды тауысып бiтетiн болдық. Ендi бұрынғыдай аңға шығып жатудың қажетi де шамалы. Қайткенде де аң тұқымын сақтауымыз қажет. Жылқының арғы тегi тарпаң және керқұлан деген екi тектен тұрады. Тарпаңның ең соңғы тобы 1864 жылы Украина даласында оққа ұшты. Сөйтiп тарпаң тұқымы құрыды. 1920 жылдары Жоңғар ойпатында Керқұланың жабайысының соңғы үйiрлi данасымен қош айтыстық. Дегенмен, бұлар толықтай жойылып кетпедi. Түйенiң жабайы түрi түйекиiк деген болған, ол да 1920 жылы жонғар даласында құрдымға кеттi.

- Құлан мен керқұлан бiр ме?

- Құланның екi түрi бар. Бiрi шүкейтқұлан - есектiң жабайысы. Жалы, құйрығы жоқ. Есек содан тараған. Оны құлан дейдi. Екiншiсi, айтып отырған керқұлан. Оны осындағы қазақтар «пержевалский» деп атап жүр.

1989 жылы Қытайға барсам, Шығыс Германиядан әкелiнген 10 шақты керқұланның куәсi болдым. Менде оның суретi де бар. Жап-жақсы өсiрiлген «жылқы атасын» кейiн тiптi бостандыққа қоя бердi.

Бiздiң зообақта керқұланның бiр-екеуi бар едi, қазiр бар-жоғын бiлмеймiн. Неге екенiн оны әрмен қарай өсiре алмады. Нелiктен өсiре алмады, оның қандай әдiсi бар, белгiсiз. Ал қытайлықтар бұл жағынан асығы алшысынан түстi.

- Ұлттық спорт ойындарының қай-қайсысы да кенжелеп қалғаны қабырғаны қайыстырады-ақ. Жуырда Қостанайда «Салбурын - 2007» республикалық турнирi өткенi бұйыққан көңiлдi бiр серпiлтiп тастады.

Осындай шаралардың байрағын желбiрете түсу үшiн не ұсынасыз?

- Мемлекетiмiзде спорт министрi бар, ендi сол министр ұлттық спортты нелiктен жаңдандырмайды? Неге қатарға қосып, жетiлдiрмейдi? Менiң пайымдауымша, басшылықтағылардың денi ұлттық құндылықтардың қадiрiне бара бермейдi. Тiптi ұлттық спорт оларға керек емес iспеттi. Мұндағы мәселе - ұлттық намыстың жетiспеуi. Бұрын мейлi кеңес үкiметiнiң шылауынан шыға алмадық делiк, ал ендi тәуелсiздiк алғанымызға 15 жылдың жүзi болды емес пе? Халықаралық спорттың бiрi футболдан Қазақстан құрамасының өзiнде қазақ саны аз. Мұның сыры неде? Әлде қазақта жiгiт құрып қалып па?

Қазiргi спорт министрi ұлттық спортқа көңiл бөлуге уәде етiптi, соған кәдiмгiдей қуанып қалдым.

Қытайдан келген қазақпын. Қытайдағы қазақтарда бар 270-тей ұлттық спорт түрiн қағазға түсiрдiм. Ол балалардың, жасөспiрiмдердiң, жiгiттердiң, орта жастағылардың, қарттардың ойыны болып жiктеледi. Дүниеде тендесi жоқ неше түрлi ұлттық ойындарымыз тасада қалып жатыр. Мәселен, «қамшыгерлiк» ойынын алайық. Онда қарсыласыңды қамшымен ұрып аттан құлату мiндет етiледi. Хайуанаттарды да осылай қамшымен сұлатады. Мұнда майып болып немесе тiл тартпай кететiндер кездескен. Ал, «Қайтыпкел» ойыны қазiргi кезде табылмайтын көрiнiс. «Таған» ойыны ат үстiнде ойналатын футболға келiңкiрейтiн спорт түрi. Оны допты атпен қуалап жүрiп ойнайды. Қазақ ит жүгiртiп, құс салған. Аңшылық үшiн арнайы тазылар асыраған. Құмай тазыны түлкiге салады. Қазақ жерiнде он бiр түрлi қыран бар. Соның барлығын түзден ұстап, ұядан алып аңға салады, тәрбиелейдi. Оның биологиялық жағын қарастыра отырып, баптайды. Неге ендi осы ұлттық үрдiстердi әрмен қарай жетiлдiрмеске? 1977 жылы «Жерұйық» қоғамының жанынан Жалайыр Шора атындағы құсбегiлер мектебiн аштық. Мiне, оған биыл жирыма жыл толып отыр. Осы жиырма жылда ешкiм қол ұшын берiп, демеушiлiк танытпады. Осы күндерi азын-аулық жұмыс жасалуда. Алматыда бiрнеше жыл құсбегiлiк жарыстар өткiзiп келемiз. Сен айтып отырған Қостанайдағы шарада өнер көрсеткен де осы Жалайыр Шора атындағы құсбегiлер мектебi. Осы жиырма жылдықта Жалайыр Шораға ескерткiш қойсақ деген ниет бар едi, алайда оған да қаржылық тапшылық қолбайлау болып тұр. Мектептiң жеке мұражайы жоқ. Мұражай ашуға үкiмет тарапынан көмек көрсетiлсе, бұл да ұлттық өнерге жасалар iзгiлiктiң бастамасы болмақ.

Құсбегiлiк тарихы тым ұзақта жатыр. Ол сонау ғұндардың заманынан басталады. Одан бертiнде Жошы ханның ордасында 3 мың қыран ұсталған, Қобылай ханның қарамағында 9 мың қыран бапталған. Осындай дүниелер тарихымызда тұнып тұр. Неге өз қолымыздағы байлығымызға көңiл аудармаймыз? Неге өзiмiздiң алтынымызды басқаның бақырына айырбастаймыз? Жиырма жылдықты халықаралық деңгейде өткiземiз десек, қолдан келер-ақ едi. Көршiлiс қырғызды, Қытайдағы қазақтарды, Араб елiнен, Моңғолстаннан құсбегiлердi шақыруға болады. Сонда қазақ өнерiн басқа елдерге де танытар едiк.

- Қайсыбiр жандардың ұлттық дәстүрлердi бұра тартуына ұшырасудамыз. Оны заманға қарай икемделу керек деушiлерге не айтар едiңiз?

- Мұның бәрi ұлттық дәстүрдi менсiнбеуден шығады. Оның кейбiрi өмiрге үйлеспейтiн шығар, алайда ұлттық дәстүрде қаншама мақтануға боларлық құндылықтарымыз бар. Бiздiң киiм-кешегiмiз де өзгерiп кетiптi. Өткен жылы алдымнан екi қыз өтiп бара жатты. Әлгi қыздардың бiреуiнiң шалбарының алдынғы жағы төмен де, екiншiсiнiң шалбарының артынғы жағы тым төмен екен. Кiңдiгi де ашық-шашық. Тоқтатып алып «неге бұлай тiктiресiңдер?» десем, «ата тiктiрген бiз емес, осындай күйде сатып алдық» деп қарап тұр. Көрдiң бе, шетелдiктердiң бiздi қандай киiммен қарық қылып жатыр.

Еуропаға елiктеп бала табуды қойдық қой. Қазақ табиғатты шектемеген. Менiң бiр көзiн көрген жеңгем жиырма бiр бала көтерген ана. Сол жиырма бiр бала бiр рулы елдей өсiп-өңдi. Менiң Қытайдан келген бiр келiнiм он бiр баласы бар. Қазiр жиырмадан аса немере, тоғыз шөбере сүйiп отыр.

Адам боларына сенiм жоғалған балаларды қоқысқа тастау белең алыпты. Бұрын бұл 90 мың болса, жақында бұл 130 мыңға жетiптi. Мiне, ұлттық дәстүрден ажыраудың көрiнiсi - осы.

Бiр жарым миллярд халқы бар Қытайда бала сататын орын жоқ, Қазақстанда бар. Бiзде артылып жатқан бала көп пе, әлде сонымен «қалта қомпайту» көзделген бе?

- Қазақтың той-томалақсыз таңы атып, күнi батпаған. Дегенмен, ондағы асабалардың «ашқарақтығын» тiзгiндеу қажет-ақ iспеттi. Той барысында дәстүрдiң белден басылуына нарықтың «жазылмаған заңы» кiнәлi ме?

- Тойға барам, бiрақ отыра алмаймын. Тойдың тәртiптерi әбден бұзылып бiткен. Асабалар беташарда ақша жинауды ғана мақсат тұтады. Бұл не сұмдық? Биттей балаларға шейiн атын атап тиын-тебең тастағанын күтедi. Тарсылдатып музыка қойғанда басың жарылып кете жаздайды. Қазақтың дәстүрлi әнi, қайым айтысы, жыры, домбырасы болушы едi. Осы қазақтың ән-күйi жетпей ме? Музыканы қатты қою адамға зиян екенiн олар нелiктен түсiнбейдi?

- Дарқан даладай қоңыр, тынысы кең домбыра үнi жасанды дүниелерден тарылып бара жатқаны рас па?

- Қазақта бiрнеше ұлттық аспаптар бар. Олардың ең көнесi - қара қурайдан жасалған сыбызғы. Одан әрi домбыра, қылқыбыз, шаңқобыз тағы басқалар болып жалғаса бередi. Кеңес үкiметi тұсында ұлттық аспаптар шетке қағылды. Қылқобыздың өзi мүлдем сахнаға шығарылмады. Оның орнына темiр төрт шектi қобыздар әкелiндi. 1950-шi жылдан бастап домбыраның үнi күрт өзгерiске ұшырады. Домбыраның iшегi малдың iшегiнен жасалушы едi, ол балық аулайтын леска деген химиялық затпен алмастырылды. Оның ыңылы, үнi, ырғағы басқа арнаға бет бұрды. Бұрын ойма шанақты домбыра болушы едi, қазiр қима шанақты домбыра орын алды. Домбыра зерттеудi қажет етедi. Мұны қолға алған адамдар бiзде жоқ та емес. Мәселен, Жұмагелдi Нәжiмеденов осы iспен көптен айналысып жүр. Ол домбыраның қоңыр үнiн iздеуде. Оның айтып жүргенi далаға атылған оқтай күй кешуде. Өйткенi, оған құлақ асып жатқан ешкiм жоқ. Мәдениет министрлiгi пысқырып та қарамайды. Әлбетте, белгiлi бiр нәтиже шығару үшiн жоғары жақтағылар тарапынан көмек қажет-ақ. Қоңыр үнге ойыссақ қана ұлттық бедерiмiздi сақтап қалмақпыз. Бiз қоңыр тынысты, қоңыр үндi, жер шарының қоңыр үйегiнде орналасқан халықпыз.

- Қазiргi кезде ұлттық тағамдардың қолданысы көңiл көңшiтедi ме?

- Бiз көшпелi елмiз, көшпелi өмiрдегi тағамдар қазiр сиредi. Қазақ халқының ұлттық тағамын қалпына келтiрген жөн. Менiң қолымда Қытайдағы төрт облыстан, мұндағы Семей, Алматы, бұрынғы Толдықорған, Шығыс Қазақстан - барлығы сегiз облыстан жиналған 1500-ге жақын ұлттық тағамның түрi бар. Ұлттық тағам дайындайтын асханалар жасақтап, арнайы мамандар дайындауымыз қажет.

Өзiм ас әзiрлей беремiн. Бiрде Майтөбеге барған сапарымда пiсiрген көне тағамымды «Бiр миллион жылдың алдындағы тағам» деп кейiн журналға мақала жариялаған болатынмын. Өйткенi, жабайы адамдар өмiрiн көрсеткен америкалық кино көрiп едiм. Таспен, ағашпен аңды ұрып алады да отқа тастап жiбередi. Аңды шала-пала күйдiрiп жейдi. Ал қазақ алдымен бауыздап қан-жының шығарады, iшек-қарынын тазалайды. Сосын тұздайды. Мен пiсiргенде де осы үшеуiнен өзге ештеңе жасамадым да қолданбадым. Терi-перiсiмен, жүн-пүнiмен әзiрледiм. Өте дәмдi шықты.

Менде отқа дейiнгi, оттан кейiнгi, ыдыстан бұрынғы, ыдыс пайда болғаннан кейiнгi кезеңде пайда болған тағамдардың түрлерiнiң атауы сақтаулы.

- Әңгiменiң ауанын жеке басыңызға қарай ойыстырсық. Қытайдың тар қапасында сiздi Қажықұмар ақсақалмен тағдыр тоғыстырған екен. Сол күндерден сыр шертсеңiз?

- 1940-шы жылдары Алтай облысындағы қазақтар Қытайға қарсы күрестi. Жыл сайын қарсы шығып, жылда жеңiлiп қалып жататын. Осы жылы институтта оқып жүрген мен де көтерiлiске белсене араласқан болатынмын. Оспан батыр деген қазақ Қытайға қарсы қол жинап жатқанын естiп, Тарбағатай облысындағы бiз де өзiмiзше ұйым құрып Оспанға қол ұшын бермек болдық. Осылайша, мен қолға түсiп, Шың-си-сәй үкiметi «бандит» деп соттады. Одан кейiнгi келген үкiмет мен «партизан» деп қамауға алды.

Жалпы 23 шайқасқа қатысып, бiрнеше мәрте жаралы болдым. 1944-1949 жылдары Шығыс Түркiстан республикасын құрдық. Оның 50 мыңдай әскерi, 20 мыңдай партизан бар едi, бұл осал күш емес. Түркiстан атауының өзi қытайға да, орысқа да жағып тұрған жоқ. Алайда Кеңес үкiметi бiзге жақтасуға мәжбүр болды. Мәскеу Екiншi Дүниежүзiлiк соғыста қолдан кетсе, шығыстан Қытай әскерi Орта Азияға басып кiруге анталап дайын тұрды. Мұны сезген орыстар Қытайды iштей әлсiрету үшiн бiзге қару-жарақпен дем берiп, қолдау көрсеттi. Алайда кеңес үкiметi жеңiске жеткен соң күл болмасан, бүл бол деп бiзге қолды бiр сiлтедi. Не керек, тағы да жеңiлiс таптық. 1946-47 жылдары тағы сотталып аман шықтым. 1958 жылы және қамауға түстiм. 1961 жылы бостандыққа шыққаннан кейiн бергi бетке өттiм. Барлығы - төрт рет абақтыға түсiп шығыппым. Ия, мұның бәрiн айту оңай емес. Қажықұмар менiң туысым. Оның 2006 жылы жазған хатында 41 жыл камерада, 5 жыл үйде отырдым дептi. Оның абақтыдағы мерзiмi 2006 жылдың наурызында тамамдалған. Соған қарамастан Қажықұмар әлi күнге дейiн абақтыда ұсталып отыр.

- Қытайдың темiрдей қатал жүйесiнде көптеген жыл жоғары шеңдi әскери қызметте болыпсыз. Осы тұста неден өкiнесiз, немен масаттанасыз?

- 1949 жылдан бастап партия құрамына кiрiп, содан 1952 жылдың бесiншi айына дейiн әскери қызмет атқардым. СУАР Ұйғыр Автономиялық Республикасының әскери сотының орынбасары болдым. 1952 жылы Тарбағатай облысының әкiмiне көтерiлдiм. СУАР-дың саяси-заң басқармасын басқардым. 1956 жылы Iле қазақ автономиялық облысының бастығы атандым. Сонда солшыл, оңшыл, қауiптi адам деп танылып сотталып кеттiм. Осында келгеннен кейiн КМБ менi 1961-1991 жылдары, яғни, отыз жыл аңдыды. Жұмысымда екi телефон аппараты тұрды. Бiрi сөйлесуге, бiрi менi тыңдауға арналған. Жексенбi күндерi қайда баратыныма, не iстейтiнiме дейiн сұрап алатын.

- Айтпай қойсаңыз не болады?

- Айтпасыма қоя ма, желкемде тұрды ғой.

- Жағдайыңыз қалай, ата?

- Балаларыма қарап отыр. Кедеймiн. Кеше 15 мың теңге зейнетақы алдым. Пәтерақыға, телефонға, қарыздарға төлеп бiр сағатқа жетпей зейнетақының артына су құйдық. Тұрмыстық жағдай нашар.

- Отбасыңыз ше?

- Бес балам бар едi, екеуi қалды. Немерелерiм бар. Өзiм бiр әкеден он екiмiн. Он екiмiзден 180-дей ұрпақ өсiп-өнiп отыр.

- Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Сағын СЕРІК

1868 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз