Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 31 Наурыз, 2011

Қоғамдық көліктің қызметі көңіліңіздегідей ме? Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Елімізде халқының саны жағынан оқ бойы озық тұрғаны – Алматы. Қала тұрғыны қазірде бір жарым миллионға жетіп қалды. Мұның сыртында Алматының маңындағы қала, ауыл-аймақтан күнделікті қатынап жұмыс істейтіндер мен елдің түпкір-түпкірінен келіп оқып жатқан студенттер тағы бар. Бәрін қоса алғанда қала халықының саны екі миллионнан аспаса, кем түспесі анық. Ал бұл аталған санның толықтай жүз пайызы болмаса да, жартысынан астамы, яғни бір миллионнан көбі қоғамдық көліктердің қызметіне күнделікті жүгінері сөзсіз. Қызметін осыншама халық тұтынатын қалада қоғамдық көліктің жай-күйі қандай? Қоғамдық көлік қызметі қоғам көңілінен шығып отыр ма, әлде..?Адам басынан техника – автокөліктердің саны артып бара жатқан қазіргі уақытта Америка мен Еуропа елдерінде қоғамды мұнан әрі автомобилизациялаудың мүмкін емес екенін мойындап, соңғы жылдары, керісінше, қоғамдық көліктерді барынша және жедел қарқынмен дамыту қолға алынған. Мұның себебі түсінікті – қаптаған машина, жолдағы қозғалыстың қиындауы, кептелістер және бастысы – ауаның ластануы, экологияның бұзылуы. Осы орайда қоғамдық көліктің таптырмас шешім екені де айдан анық. Ал олар экологиялық таза – электр қуатымен, не жанар-жағармайдан әлдеқайда тиімді газбен жүретін болса, нағыз кереметтің өзі болар еді. Сондықтан да бүгінгі таңда халқының саны көп үлкен қалаларда жол қозғалысын біршама жеңілдету және ауаның ластануын азайту мақсатымен қоғамдық көліктерді, оның ішінде трамвай, троллейбус, метроға мол көңіл бөлініп, соларды жан-жақты дамыту жүзеге асырылып жатыр. Ал бізде қоғамдық көлік дегенде алдымен ойға оралары трамвай мен троллейбус та, метро да емес, әзірше автобус болып тұр. Өйткені жоғарыда аталған түрлерінен гөрі Алматыда соңғысының саны әлдеқайда артық. Сондықтан да, өкінішке қарай, қоғамдық көліктердің арасында тиімділігі жағынан ең соңында тұрған автобустар – бүгінгі біздің ең бірінші, басты көлігіміз. Қалада аталған көліктің жағдайының да, қызмет көрсету жүйесінің де қазірде оңып тұрған үлгісі жоқ. Бұл былықтың басы әріде жатыр. Кезінде Алматы қаласындағы жолаушы тасымалын бар-жоғы 8 автопарк толыққанды қамтамасыз етіп тұрыпты. Тәуелсіздік алғанға дейін Қалалық атқару комитетінің қарауында болған автопарктерге үкіметтен бөлінетін көмек пен жеңілдіктер біртіндеп қысқарып, 1996 жылдардан кейін олар мүлде коммуналдық меншiктен алынып, жеке меншiкке сатыла бастады. Осылай қалалық әкiмшiлiк пен мәслихат бекiтетiн тарифтi өз беттерiнше қойып алған кәсiпкерлер шықты. Қазірде қалада жолаушы тасымалын жүзеге асыратын жиырмадан астам автопарк бар. Күнделiктi пайданы ойлаған олар құлқынның қамында жүрiп, халықтың жағдайын, қоғамдық көліктердің қоғам, яғни халық үшін қызмет ету керектігін де естерінен шығарып алғандай. Тозығы жеткен, мін көтермейтін көліктердің тек техникалық ахаулары ғана емес, қызмет көрсетуінде де, қызметкерлердің жолаушылармен қарым-қатынасында да біраз «ахау» баршылық. Қоғамдық көліктерді бақылау, бағалау, олардың жай-күйімен танысу, қала көшелеріндегі қозғалысты реттеу, жол апаттарының алдын алу мақсатында әр жылдары өткізіліп келген «Автобус», «Автотұрақ», «Қауіпсіз жол» сияқты іс-шаралар қала тұрғындарының автопарк иелеріне түсірген арыз-шағымдарының «тірідей» дәлелі болып келді. Аталған шаралар аясында жол ережелерін бұзған, мас күйінде, тіпті есірткі заттарын қолданып, рөлге отырған жолаушылар болды. Сондай-ақ еш құжаты жоқ, толық аты-жөнін тіпті жұмысқа алған автопарктегілер де білмейтін жақын шетелдерден келгендер де жеткілікті. Арзан жұмыс күші ретінде қоғамдық көліктерде көбіне шетел азаматтары мен тәжірибелері аз немесе мүлде жоқ жас балалар жұмыс істейді. Жастықтың қызуымен, тәжірибенің жоқтығынан жол ережелері де бұзылып, көліктегі көпшіліктің де наразылығы артып отырғаны айдан анық. Қоғамдық көліктер, алдымен, көпшілік орын болғандықтан мұнда әдеп пен ибаның болғаны абзал. Ал кешкісін жұмыстан шаршап шыққанда жүргізушілердің радио дауысын шегіне дейін жаңғыртып қоятындары, темекі шегіп, дауыстарын көтере сөйлеуі, бейәдеп сөздер айтып, түрлі жағымсыз қылықтар жасауы, жұртпен дөрекі қарым-қатынасы, әрине, олардың қоғамдық көлікте қызмет етуде мәдениетінің төмендігінің бір белгісі. Қала тұрғындарының жартысынан астамы осындай мәдениеттің көріністерін күнделікті көріп жүр және олардан «аялдама аттарын шала қазақша зуылдататын қоғамдық көлік қызметкерлерін бір жөнге салар жан болса» деген сияқты шағым пікірлер де түсіп жатыр. Халықтың көп айтар шағымдарының бірі – қоғамдық көліктердің бекітілген кестеге сай жүрмейтіндігі. Біреулер таңертең автобус күтіп, жұмыстарына кешігіп жатса, жұмыстан кеш шығатын енді біреулер соңғы автобусқа үлгермей, үйлеріне жете алмай қалып жатыр. Бұл – кейбір автобустардың соңғы аялдамаға дейін бармай, орта жолдан автопаркке қарай бұрылып кететіндерінің кесірі. Бір бағыттағы екі автобустың бір-бірімен жарысып, жүріп өту уақыттарын, яғни қозғалыс интервалдарын бұзуы, жолаушы тасымалдау мекемелерінің диспетчерлік қызметкерлерінің дұрыс жұмыс атқармауы халықты аялдамаларда ұзақ уақыт күттіріп қоятыны рас. Қоғамдық көліктердің күнделікті адам өмірінде алар орны ерекше екенін көлік қызметкерлері түсінуі керек. Себепсіз күттіріп қоюы немесе жолаушылармен дөрекі қарым-қатынасы кім-кімге болса да өз әсерін тигізбей қоймасы анық. Адами тұрғыдан алғанда, алдымен осыны ескеру керек.

1359 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз