Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 31 Наурыз, 2011

Экономика: нарық жетегіндегі халық Баспана Екі мың үлескердің үміті ақталады

Алматы облысында биыл екі мыңнан астам үлескердің мәселесін шешу жоспарланып отыр. Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, оның ішінде «Премьера» тұрғын үй кешені бойынша 1 973 және «Өмірұзақ» тұрғын үй кешені бойынша 116 үлескер бар.«Жетісу Жаңа Құрылыс» ЖШС директоры Бақтұр Жолжановтың айтуынша, «Премьера» тұрғын үй кешенінің құрылысына республикалық бюджеттен 17,155 млрд теңге бөлінген. Ал биылғы 1 наурыздағы мемлекеттік жаңа сараптама қорытындысы бойынша құрылыстың сметалық құны 21,5 млрд теңге болады. Оның ішінде құрылыс-монтаж жұмыстары 20,9 млрд теңге, абаттандыру – 0,6 млрд теңгені құрайды. Осы мәселеге байланысты өткен жиында облыс әкімі Серік Үмбетов аудандар мен қалаларда мектеп, балабақша, аурухана және тұрғын үй құрылыстарын жоспарлаған кезде оған қажетті бос жер учаскелерінің болуы қажеттігіне назар аударды. – Бірінші кезекте аудан, қала әкімдері резервте тұрған бос жер учаскелерінің болуына көз жеткізулері қажет. Өйткені, қажетті жер телімдерінің жоқтығына қарамастан, құрылыс жұмыстарын жоспарлап қоямыз. Нәтижесінде белгіленген жоспардан ауытқып, құрылыс мерзімдері ұзаққа созылып жатады. Жалпы облыс аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс жобаға сәйкес, сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс, – деді облыс басшысы. Еңбекақы

Біліктілік үшін 100 пайыздық үстеме Биыл ұстаздар қауымының еңбекақысы жалақыға қосымша төленетін қаржы есебінен ұлғаятын болады. Үкімет отырысында білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай мәлім етті. Министрдің айтуына қарағанда, 2011-2020 жылдарға арналған білім беру саласын дамыту мемлекеттік бағдарламасының алғашқы бес жылдық кезеңіне қазіргі мөлшерге қосымша 461,1 млрд теңге бөлу көзделген. Биыл бұған қосымша тағы да 20,5 млрд теңге бөлінді. Ол бірінші кезекте мектеп құрылысына және мұғалімдердің жалақысын көбейтуге жұмсалады. Атап айтқанда, биыл бюджеттік сала қызметкерлері жалақысының 30 пайызға өсуінен басқа, педагогтар үшін қосымша қаржы төлеу шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, 1 қыркүйектен бастап жоғары категориялы мұғалімдер біліктілігі үшін негізгі еңбекақыға қосымша 100 пайыздық үстеме алатын болады. Ұстаздар жалақысына қосымша қаржы төлеу басқа да категориялар үшін қарастырылған. Биыл осы мақсатқа 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлу қарастырылған. Ауыл шаруашылығы 22 млрд теңге инвестиция

Биыл Қостанай облысының аграрлық секторына мемлекет тарапынан 22 миллиард теңге инвестиция салынады. Көктемгі егіс жұмыстарына арналған кеңесте облыс әкімінің орынбасары Нұралы Сәдуақасов осылай деп хабарлады. Ауыл шаруашылығы министрлігі егін шаруашылығы үшін жанар-жағармай, минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтер алуға субсидия берудің негізгі бағдарламалары туралы ережені бекітті. Осыған сәйкес, Нұралы Сәдуақасовтың айтуынша, енді бұл істермен жергілікті атқарушы органдар айналысатын болады. Ал бұл субсидияны игеру мен пайдалануды жеңілдетіп, жергілікті билік пен ауыл шаруашылығы құрылымдары жетекшілерінің қаржыны мақсатты пайдалануға, уақытылы игерілуіне деген жауапкершілігін арттырады. Форум Алғашқы өнеркәсіптік-инновациялық

Астанада алғашқы қазақстандық халықаралық өнеркәсіптік-инновациялық форум өтті. Онда атом энергетикасы, тау-кен ісі, металлургия, машина жасау, энергетика және экология салаларына қатысты ортақ мәселелер, даму перспективалары талқыланды. Форум жұмысы «Атомдық энергетика және өнеркәсіп», «Энергетика, электротехника және энергетикалық машина жасау», «Тау-кен ісі, металлургия, машина жасау», «Экотехнологиялар және Экоқызметтер» деп аталған көрмелер бойынша ұйымдастырылды. Аталған көрмелерге Австрия, Германия, Қазақстан, Литва және Ресей елдерінен 70-тен астам компания қатысты. Олардың қатарында «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Росатом» АЭМК және шетелдік жетекші компаниялар бар. Сонымен қатар форум аясында «Қазақстандағы атом саласының жағдайы және оның даму перспективалары» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Жиынға қатысушылар қазіргі күні атом энергетикасын пайдаланудың әдістемелік, техникалық, экологиялық және әлеуметтік қырлары, сондай-ақ Қазақстандағы атом энергетикасының даму болашағы туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Мұнай-газ

Ауылды қолдауға көңіл бөлуі тиіс Ауылды қолдау мақсатында былтыр «Арай» әлеуметтік бағдарламасы грантының 57 жеңімпазы ішінен Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы Құмжарған ауылына 6 жоба бөлінген. – «Лукойл» компаниясының өкілдері ауылымызға алғаш рет келіп, бизнесті дамыту үшін өтеусіз 850 мың теңге беріліп отырғандығын айтқанда, ауыл адамдары сенбеген еді. Бағдарлама үйлестірушілері жұмысты қалай жүргізу керектігі жайлы толық ақпарат берді. Сондықтан әрбір ауыл тұрғынында осы гранттың иегері боламын деген сенім пайда болды», – дейді атқарушы билік пен компания өкілдеріне алғысын жеткізген ауылдық округтың әкімі Күләнда Шолтаева. «Мұнай өңдеу компаниялары кеніштерге жақын орналасқан елді мекендерге көбірек көңіл бөлсе дейміз. Мәселен, бізде жұмыссыздық толық шешілді деп айта алмаймыз. Мектеп, аурухана, балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға көмек керек», – дейді ауыл әкімі. Туризм Кіріс 15,3 пайызға артты Парламенттегі үкімет сағатында туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов «Былтыр еліміздегі туристік қызметтен түскен кіріс 15,3 пайызға артып, 78 млрд теңгеден асты», – деп мәлім етті. 2010 жылы 103,7 млрд теңгені құраған министрліктің бюджеті 99,8 пайызға игерілген. Сондай-ақ былтыр еліміздің туристік индустриясының перспективалы бағыттарын дамыту жөнінде 2014 жылға дейінгі салалық бағдарлама қабылданған. Бағдарлама алдағы бес жыл ішінде ішкі және сыртқы туризмді дамыту міндеттерін айқындауға мүмкіндік береді. Осыған орай, Т. Досмұхамбетов 2010 жылғы бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы жылындағы нәтижелерге тоқталып өтті. «Жалпы былтыр еліміз бойынша туристік ағым 11,4 млн адамды құрады. Мұның ішінде ішкі туризм көлемі 15,7 пайызға өсіп, 3,4 млн адамға жетті. Ал өзге елдерге саяхаттау 9,1 пайызға артып, 4,8 млн адамды құрады. Сырт елдерден келетін туристер саны 3,4 млн адамға жуықтады. Бұдан бөлек, туристік салаға тартылған инвестициялар 28 пайызға артып, 107,5 млрд теңгеге жетті. Осы сала бойынша қонақ үйлер санының өсу динамикасы сақталып отыр», – деді министр. Кедендік одақ Кедендік бекеттер жойылады Биыл 1 шілдеден бастап Кеден одағы аумағында шекарадағы кедендік бекеттер алынады. Бұл туралы Алматыда өткен «КazRefinEx-2011» алтыншы халықаралық мұнай өңдеу, мұнай химиясы және мұнай өнімдері симпозиумында айтылды. «Кеден бекеттерінің алынуы мұнай өнімдері бағасының бірден өсуіне әкеледі дей алмаймыз. Дегенмен, мұнай өнімдері бағасына әлемдік нарықтың әсерін жоққа шығаруға болмайды. Қазір Павлодар мұнай-химия зауыты бренд маркалы мұнайды Ресейден сатып алады. Егер бренд бағасы бұдан әрі өсе беретін болса, рентабельділікті сақтау үшін салық тетіктерін қолдануға мәжбүр боламыз», – деді жиында мұнай және газ вице-министрі Әсет Мағауов. Оның айтуынша, мұнай өңдеу зауытын отандық шикізатпен қамту үшін мұнай құбырларын тарту керек. Бұл жерде барлық мәселе құбырдың қуатына келіп тірелуде. Сондай-ақ Кеден одағына кіретін елдерде жанама салықтар бойынша салықтық конъюктура сақталып қалды. Сол себепті бағаның күрт өзгерісін болдырмас үшін Сібір мұнайын Павлодарға әкелу кезінде дәл сондай көлемдегі шикізатты Қазақстаннан Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жеткізу жайы да назардан тыс қалмайды Өндіріс 20 мың тоннаға жетуі ықтимал Биыл елімізде уран өндіру көлемі 20 мың тоннаға жеткізілмек. Күні кеше Астанада өткен «Қазақстандағы атом саласының жағдайы және оның даму перспективалары» атты халықаралық конференцияда «Жоғары технологиялар институты» ЖШС-нің бас директоры Серік Қожахметов осылай мәлім етті. – Былтыр елімізде 17 мың 700 тоннадан астам уран өндірілді. Биыл жоспар бойынша уран өндіру көлемі 20 мың тоннаға жеткізілмек. Менің ойымша, Жапония апатының атом энергетикасындағы уран нарығына байланысы болмайды. Оның үстіне атом энергиясының орнын басатын энергия көздері жоқ. Сол себептен барлық мемлекеттердің атом энергиясына қатысты жоспарлары еш өзгеріссіз қалады, – деді С. Қожахметов. Оның айтуынша, жоспарға сәйкес 2020 жылға қарай Қазақстанда уран өндіру көлемі 25 мың тоннаға дейін жететін болады. Және қажеттілік пен нарықтың сұранысына қарай, өндіріс көлемінің бұдан да ұлғая түсуі әбден мүмкін. Рымтай САҒЫНБЕКОВА

747 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз