- TENGE MONITOR
- 31 Наурыз, 2011
Сайлау - 2011 Жақындай түсті тәуір ай... Рымтай САҒЫНБЕКОВА
3 сәуір – президент сайлауы өтер күн жақындаған сайын президенттіктен үміткерлердің штабтарында қарбалас тірлік қайнап, үгіт-насихат жұмыстары үдей түсті.Күн өткен сайын аталған үміткерлердің сайлауалды кестесі де тығыздала бастады. Президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбеков сайлауалды штабында австриялық теледидар тілшісі, доктор Маркус Мюллер Шинвальдпен кездесті. Ол сонымен қатар үкімет¬тік емес ұйым өкілдерімен де кездесу өткізді. Патриоттар партиясынан ұсынылған үміткер Ғани Қасымов «Алматы – менің алғашқы махаббатым» атты қайырымдылық концертін ұйымдастырды. Жасылдардың өкілі, үміт¬кер Мэлс Елеусізов Алматының және қала маңындағы шағын елді мекендер тұрғындарымен кездесу өткізді. Алып шаһардың экологиялық ахуалына алаңдайтын жұртшылық үміткерге үлкен үміт артатынын жеткізді. Жоғары мемлекеттік қызметке үміт¬кердің әрқайсысы сайлаушылардың көп дауысын алуға ұмтылатыны белгілі. Сондықтан да, президенттіктен үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасының мазмұны мен жан-жақтылығына, оның тартымдылығына, сайлаушылардың көңілінен шығуына ерекше басымдық береді.Сарапшылар еліміздегі қазіргі сайлау алдындағы насихат жұмыстары бұрынғы сайлауларға қарағанда бөлек екендігін айтуда. Мәселен, президенттіктен үміткер Жамбыл Ахметбеков, Ғани Қасымов пен Мэлс Елеусізов тосын шешімдер арқылы қызықты жарнамалар жүргізіп, БАҚ-пен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Сөйтіп, сайлаушылармен белсенді байланыс орнатуды жолға қойды. Ал іс басындағы Президент өзінің сайлауалды науқандарынан ерікті түрде бас тартып, Мемлекет басшысы ретінде ағымдағы жұмыстармен айналысуда. Мемлекет тарапынан заңға сәйкес бөлінген қаражаттың дені бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт-насихат жүргізуге, өзге де үгіт материалдарын шығарып, таратуға жұмсалып жатыр. Осы орайда үміткерлер ақпарат құралдарына үлкен ризашылық білдіруде. Газеттер болсын, телеарналар мен радио болсын, барлығының да сайлауалды үгіт науқанына араласуы өте жоғары деңгейде. Осылайша үгіт-насихат шараларының белсенді жүргізілуінің нәтижесінде үміткерлер қазіргі күні сайлауға сақадай-ай. Бұл жөнінде «АйтPARK» қоғамдық-саяси клубында өткен басқосуда үміткерлердің сайлау штабтарының жетекшілері мәлімдеді. Президенттіктен үміткер Жамбыл Ахметбековтің республикалық сайлау штабының төраға орынбасары Александр Холодков: «Сайлауға халықтың 70 пайызы келеді деп ойлап отырмыз. Біздің негізгі электорат – жұмысшы күші. ҚХКП шы¬ғарған үміткердің жолына тосқауылдар да қойылып отырғанын айта кеткім келеді. Біздің ұранымыз халық – биліктің қайнар көзі» десе, Мэлс Елеусізовтің республикалық сайлау штабының төрағасы Нұржан Ошанбековтың айтуынша, бұған дейінгі сайлауларға халықтың 20 пайызы қатысқан болса, Мэлс Хамзаұлының елді аралағанының арқасында бұл жолы сайлаушылардың 25 пайызы қатысады деп күтілуде. «Біздің тірегіміз – тек қана экологияның жақтаушылары емес, жалпы, тазалықты сүйетін жаны таза адамдар. Біздің басты мақсатымыз – екінші орын», – дейді жасылдар партиясының өкілі. Ал, үміткер Ғани Қасымовтың республикалық сайлау штабының төрайымы Гүлдана Нұрпейісова «Патриоттар партиясы бірінші орын алуды мақсат етіп отыр. Басқадай болуы мүмкін емес. Біздің тірегіміз – тұтас халық», – дейді.
Әрине, сайлау деген байқаушыларсыз өтуі мүмкін емес. Бүгінде байқаушылар қатары тек өз арамыздан шыққандармен шектелмей, заман талабына сай үкіметтік емес ұйымдармен қатар, шетелден келгендермен толығып отыр. Мәселен, 28 наурызда шетелдік байқаушыларды тіркеудің аяқталғанын хабарлаған Орталық сайлау комиссиясының есебі бойынша, сәуірдің 3-іне белгіленген президенттің кезектен тыс сайлауын байқауға тіркелгендердің саны 1052 адамды құраған. Оның 357-сі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросынан тіркелсе, 425-і – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйы-мы, 13-і Шанхай ынтымақтастық ұйы¬мы тарапынан келіп, сайлау барысын бақы¬ламақ. Мұның сыртында 111 адам түрлі халықаралық ұйымдардан болса, 24 мем¬лекеттен 156 байқаушы тіркелген. Бұл бір жағынан, алдағы сайлаудың әділ және ашық өтуінің бір кепілі десек, екіншіден халықаралық қауымдастықтың елімізге деген ынта-ықыласын көрсетсе керек.
Ломоносов атындағы ММУ посткеңестік кеңістікті зерттеу жөніндегі ақпараттық-талдау орталығының бас директоры Алексей Власовтың пікірінше, мықты президенттік билік қана Қазақстанның әрі қарай өрлеуіне көмектесе алады. Және бұл сайлау Нұрсұлтан Назарбаев сынды саясаткер мен тұлғаның кезекті сенім вотумы (парламент жиналысында дауысқа салынып қабыл алынған тоқтам) бола алады. « Осының алдында өткен президенттік сайлауда ЕҚЫҰ Қазақстанға ескертулер, кемшіліктер мен тілектер тізбегі бар баяндама жіберген болатын. Бүгінгі таңда сол талаптың 80 пайызы жүзеге асты», – дейді ресейлік ғалым. Дегенмен, саяси науқанға дайындық аясында Қазақ стратегиялық зерттеулер институтында белгілі отандық және шетелдік ғалымдар мен саясаттанушылардың, сарапшылардың қатысуымен өткен халықаралық конференция кезінде қазіргі сайлауға қатысты күрделіліктер мен кедір-бұдырлар бар екені және ол халықаралық байқаушылардың назарынан тыс қалмайтыны айтылды. Айталық, сайлау үдерістерінің қысқалығы. Алайда, бұған қарамастан, республикадағы тұрақтылық деңгейінің жоғарылығы мен ашық дауыс беру арқасында сайлау науқаны демократияның кезекті сатысына көтеріле алады дейді шетелдік сарапшылар. ------------------------------------------------ Р. АЛШАНОВ, ҚР Президенттігіне үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы қалалық сайлау штабының төрағасы:
– Сайлауға қатысатындардың саны Алматы қаласында 70 пайыздан кем болмайды. Бұл сайлаудың әділ өтуіне Елбасының өзі жағдай жасап отыр.Электоратты өзінің болашағы үшін, тұтас Қазақстан үшін дауыс беретініне сенемін.
И. ЖАНҒОРАЗОВ, фермер: – Туған жерде өмір сүріп, еңбек етіп жатқан адамдардың өмірін нақ Нұрсұлтан Әбішұлы сияқты ешкім жақсы біліп, түсіне бермейді. Біз, ауыл тұрғындары, ол кісінің қамқорлығы мен қолдауын ұдайы сезінеміз. А. ЗАСЛАВСКИЙ, бұрғышы: – Назарбаев – біздің арамыздан шықты. Ол металлург болған және жұмысшы еңбегінің нағыз бағасын жақсы біледі. Оның бағдарламасы – қарапайым адамдарға арналған, әрбір қазақстандыққа арналған лайықты өмір.
806 рет
көрсетілді0
пікір







