Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 31 Наурыз, 2011

Баға саясаты Азық-түлік бағасы ауыздықтала бастады

Павлодар облысында күзге дейін нан қымбаттамайды. Тұрақтандыру қорынан астық алатын ұн тартатын кәсіпорындар наубайханаларға бірінші сұрыпты ұнның килограмын 45 теңгеден жеткізеді, одан пісірілгеннің бір бөлке нанның бағасы 42-44 теңге тұрады. Бұл туралы аймақта азық-түлік бағасын тежеу мәселесі талқыланған кеңесте мәлім болды.Тек қана нан емес, өзге өңірлерден әкелінетін азық-түлік өнімдерінің де бағасы тұрақталады. Себебі жауапты органдар әртүрлі меморандумдар бекітіп, кәсіпкерлермен тиісті жұмыстар жүргізуде. Облыс кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Қ.Шәбеновтің мәлімдеуінше, наурыз айынан бастап «Павлодар-Малахит» ЖШС әрқайсысы 250 грамдық шайдың үш түрін орта есеппен 2 пайызға арзандатады. Соның нәтижесінде, мәселен, «Королевская Кения» шайының дүкендегі бағасы 403 теңгеден 394 теңгеге төмендейді. Сол сияқты «Атығай плюс» серіктестігі «Аламан» деген шай мен «Аведов» күнбағыс майына қосатын үстеме бағаны 3 пайызға азайтады. «Ирвема» ЖШС де күріш, қарақұмық, жарма өнімдерінің бағасын бұрынғыдай 10 пайызға емес, 8 пайызға үстемелейді. «Каскад» серіктестігі болса, АҚШ-тан әкелінетін тауық етінің босату бағасын 373 теңгеден 360 теңгеге түсіруге келісім білдірген. Көтерме сауда орындары бағаны төмендетуде, ендігі жерде дүкен иелері жауапкершілікті сезінулері керек. Өткен жылы Үкіметтің әлеуметтік маңызға ие азық-түлік өнімдерінің тізімін бекітті, ал осы жылдың басында ол тауарларға шектік баға белгілеу жөнінде қолданыстағы заңға өзгерту енгізілді. Қазір Үкімет осы шараны іске асыру бойынша тетіктерді анықтайтын қаулыны қарап жатыр. Жоба бойынша облыс әкімігінің ұсынысы бойныша әр аудан-қалада әртүрлі болып бекітілуі мүмкін. Қаулы қабылданған жағдайда оны іске асыруға дайындық басталып кеткен. Күтетін ештеңе жоқ, барлық жағдай мәлім. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Б.Қасеновтің келтірген мәліметінше, жергілікті сүт өнімдерін сататын «Фудмастер» компаниясы 13 түрлі тауардың бағасын орташа есеппен 1,1 пайызға арзандатты. Дүкендерде үстемелетін ақыны қосқанда қораптағы бір литр сүттің бағасы - 122 теңге. Сол секілді, «Павлодармолоко» мен «МолКом Павлодар» фирмалары өнімдердің бағасы 1 пайызға төмендетуге келісті. Тұтынушыларын ет және шұжық өнімдерін шығаратын компаниялар да қуантады. Наурыздың 1-інен бастап «РубиКом» тауарының бағасын 3,28 пайызға, «Акоба» және «Золотой теленок» серіктестіктері 3 пайызға түсірді. Ұн мәселесіне келсек, бөлшек саудаға өнім шығаратын «Аслан», «Группа Интер» серіктестіктері мен «Ұлан» фермерлік шаруашылығы жоғары сұрыпты ұнның бір келісін 78 теңгеден 76 теңгеге арзандатты. Бүгінде аудан-қала әкімдіктері өзіміздің ұнды неғұрлым көптеп пайдалануға күш салуда. Әзірше оның азық-түлік нарығындағы үлесі 40 пайызға жетеді. Жергілікті ұнның сапасы сырт аймақтардан келетін өнімнен жоғары, бағасы да төмен, деп мәлімдеді Б.Қасенов. Қазіргі кезде өзімізде тартылған жоғары сортты ұнның бір келісі - 85 теңге, өзге аймақтан жеткізілетін дәл осындай ұн 44 пайызға қымбат тұрады. Өңірге қарақұмық жармасын әкелетін «Ирвема» ЖШС мен «Калашникова» жеке кәсіпкерлігі де бір килограмм өнімді 270 теңгеден өткізуде. Ал «Колос» серіктестігі қаланың 22 сауда нүктесіне (соның ішінде әлеуметтік дүкендерге) қарақұмықтың келісін 20 теңгеден жеткізуде. Облыс халқын жұмыртқа өнімімен қамтамасыз етуші Шарбақты және Қызылжар құс фабрикалары да баға тұрақтандыру ісіне қатысады. Бүгінде жұмыртқаның ондығы 169 теңге тұрады. Көкөніс пен картоптың бағасын тежеу шаралары жүйелі түрде жүргізіледі. Мәселен, «Павлодарский» сервистік-дайындау орталығы картоптың килограмын 61 теңгеден босатса, оның бөлшек саудадағы бағасы 67 теңгені құрайды. Қаладағы «Рахмет» базарына өндірушілер картопты 75 теңгеден жеткізіп, кейін оның дүкендерге жеткендегі бағасы 91 теңге болады. Бағаны ауыздықтауда апта сайын өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің де елеулі көмек тигізіп отыр. Көкөніс бағасын тұрақтандыруға ықпал ету үшін құрылған «Павлодарский» сервистік-дайындау орталығы тиімділігін танытуда. Директоры С.Тилининнің сөзіне қарағанда, қоймада картоп, сәбіз, қырыққабат өнімімен қатар 100 мың литр күнбағыс майының да сақталып тұр. Сұраныс күшейген тұста, майды бөлшек саудаға өткізеді. Орталық оңтүстік өңірлерден және Қытай жерінен қияр мен қызанақ өнімдерін жеткізу бойынша қатынас орнатқан. Ендігі жерде тоңазытқышы бар көлік алу жоспарланған. Облыс әкімі Б.Сағынтаев тоңазытқыш орнатылған бір емес, екі көлік сатып алу қажеттігін тапсырды. «Бұл - көкөністі жеткізуге қолайлы. Әйтпесе, біз қажет өнімді «кім және қандай сапада, қандай бағамен әкеп береді екен?» деп қарап отыра алмаймыз», - деді аймақ басшысы. Баға мәселесінде түсіністік танытқан жеке меншік иелерінің әрекеттері басқаларына да өнеге болатын жағдай. Билік пен бизнестің тиімді қарым-қатынасы бұл. Бірге шығынды есептей келе, әлеуметтік маңызға ие 20 азық-түлік өнімінің бағаларын төмендетуге мүмкіндік бар екені анықталды. - Осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру керек. Қазір ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысушылардың саны көбейіп келеді. Бұрын Павлодар қаласын ауыл өнімдерімен үш аудан ғана алмасып отырып қамтамасыз етіп келсе, осы аптадан бастап барлық 10 аудан қатысады. Бұл сатылатын өнімдердің көлемі екі-үш есеге өсіп, бағасы да соған сәйкес болады деген сөз. Баға мәселесін реттеуде жинақталған тәжірибені одан әрі пайдалана беруіміз қажет, деді облыс әкімі. Наурыз мейрамы қарсаңында кейбір кәсіпкерлердің бағаларды көтеретін жөнсіз әрекеттеріне қатаң қадағалау жасауды құқық қорғау органдары мен монополияға қарсы мекеме басшыларына тапсырылды. Еркін ЕРТІСБАЕВ, Павлодар облысы.

1536 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз