- TENGE MONITOR
- 31 Наурыз, 2011
Сайлау – 2011 Табанды реформаларға дауыс береміз Рымтай САҒЫНБЕКОВА
Дәл қазір еліміз өзінің қоғамдық-саяси дамуындағы аса бір жауапты кезеңнің алдында тұр. Бұл – 3 сәуірде өтетін кезектен тыс президент сайлауы. Президенттікке үміткерлер үшеу – іс басындағы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, сенатор Ғани Қасымов, коммунист Жамбыл Ахметбеков және эколог Мэлс Елеусізов.Саяси науқан қарсаңында ел құлағын елеңдеткен әңгіменің негізгі арқауы – сайлаудың әділ және ашық өтуі, үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларының өмірді алға сүйрер өзегі мен мән-маңызы. Бұл түсінікті де. Уақыт жылжыған сайын қоғам да дами түседі. Бүгінгі биігің күні ертең аласарып қалуы заңдылық. Сондықтан да елінің болашағына бейжай қарай алмайтын әрбір азамат үшін жоғары мемлекеттік қызметтен үміткердің – 3 сәуірден кейін мемлекет басына кімнің, қандай тұлғаның келетіндігі аса маңызды. Өйткені бүгінгідей ғаламдық даму жағдайында еліміздің енді қадам басар кезеңінің қандай болмағы, замана көшіне лайықты ілесуі иә шаң қауып артта қалуы осыған байланысты. Осы тұрғыдан, еліміздің саяси жүйесі жоспарлы түрде жаңартылатындығы айтылуымен көптің көңілінен шыққан іс басындағы мемлекет басшысы, президенттікке үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың сейсенбі күні ресми БАҚ-та жарияланған сайлауалды бағдарламасының басты өзегі болған тұжырымдарға тоқталып өтпекпіз. «Біз саяси жүйемізді жаңартуды жоспарлы түрде жүзеге асырамыз. Біз оның барлық негізгі элементтерін реформалауды – Парламенттің, саяси партиялар мен жергілікті билік органдарының рөлін арттыруды, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуды жалғастыратын боламыз. Саяси реформалар біздің орта мерзімді перспективамызға арналған стратегиялық міндеттеріміз – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың ажырамас элементі болып табылады», делінген бағдарламада. Елбасы сондай-ақ жоғары кәсіби және ықшам мемлекеттік аппарат құру жөніндегі жұмысты жалғастыратындығын айтады: «Мемлекеттік қызметке корпоративтік басқару, нәтижелілік, ашықтық және қоғамға есеп беру қағидаттарына негізделген жаңа басқару технологиялары енгізілетін болады. Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі 2015 жылдың өзінде толыққанды жұмыс істейтін болады». Сонымен қатар, Н. Назарбаев басталған реформаны дәйекті түрде тереңдете отырып, құқықтық тәртіпті қорғау жүйесін нығайтуға уәде етеді. Осы ретте «Құқық қорғау органдары жұмысының сапасы мен нәтижелілігінің өлшемі абстрактілі статистика емес, оларға азаматтар мен бизнес тарапынан көрсетілген сенімнің артуы болмақ. Азаматтар құқық қорғау органдары қызметкерлерін өздерінің конституциялық құқықтарын қорғаушылар деп тануға тиіс» деп, атап көрсетеді үміткер өз бағдарламасында. Президент: «Армияны қару-жарақ пен әскери техниканың озық үлгілерімен жарақтандыру жалғастырылады. Сарбаздарымыз бен офицерлеріміздің лайықты қызмет етуі үшін барлық жағдайлар жасалатын болады. Біз әскери мамандықтың мәртебесін көтеріп, Отан қорғаушылардың тартымды бейнесін жасауға бар күшімізді саламыз», – деп, елдің қорғаныс қабілетін одан әрі нығайта түсетіндігіне сөз береді. Іс басындағы мемлекет басшысы Н. Назарбаев жауапты да белсенді сыртқы саясатты жалғастыра¬тын болады. Бұл тұрғыда үміткердің сайлауалды бағдарламасында «Қазақстан алдағы уақытта да әлемдік қоғамдастықпен үнқатысу және өзара тиімді ынтымақтастыққа ықыласты ел ретінде дами береді. Бұл мемлекетіміздің әлемде лайықты орын иеленіп, ұлттық мүдделерін неғұрлым тиімді қорғауына мүмкіндік береді. Қазақстан сыртқы саясатында Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, Еуропалық Одақпен, Орталық Азия және Ислам әлемі елдерімен ынты¬мақ¬тастығын нығайта түсуге айрықша мән береді», – деп атап көрсетілен. Елбасы «бұл міндеттерді орындауға бүгінде біздің әлеуетіміздің жететіндігіне» бек сенімді. «Қазақстанның әрбір тұрғыны қоғамымыздың басты құндылығы болып табылады. Әрбір азаматымызға мемлекеттің қамқорлығын көрсету – менің басты міндетім. Өз күшіне, өз халқына сенген адам ғана патриот бола алады. Себебі, патриотизм дегеніміз көңіл-күйдің тебіренісі ғана емес, ол – бүкіл өмір бойы Отанға қалыпты да қалтқысыз берілгендік. Мен бүкіл өмір бойына осы қағидатты басшылыққа алдым және Қазақстан халқы қандай таңдау жасаған күнде де мен осы жолдан таймаймын», – деп түйіндейді Елбасы өз бағдарламасын. Иә, президенттікке үміткер Н. Назарбаевтың сайлауалды бағдарламасында айтылғандай, бұдан 20 жыл бұрын алғашқы әрі ең маңызды таңдауын жасаған қазақ елі бабалардың сан ғасырлық арманын іске асырды. Жер шарының саяси картасында тәуелсіз жаңа мемлекет пайда болды. Еліміз тәуелсіздіктің балаң шағындағы сындарлы сынақтардан сүрінбей өтті. Бұғанасы бекіп, қабырғасы қатайды. Ұшқыр уақыт, міне, тағы бір белеске алып келді. Еліміз дамуының осынау кезекті белесінің биігінен көріну біздің әрқайсымыздың алдағы сайлауда дұрыс таңдау жасауымызға байланысты болмағы анық.
669 рет
көрсетілді0
пікір







