- TENGE MONITOR
- 07 Маусым, 2018
«Бастау» – әлеуметтік кәсіпкерлік элементі

Ақтөбеде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен кәсіпкерлік форум ұйымдастырылып, онда әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекет, бизнес және мемлекеттік емес ұйымдардың әріптестігі мәселелері талқыланды.
Іс-шараға еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова, дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі А.Нүкенов, ҚР Президентi жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мүшесі, Қазақстан іскер әйелдері кеңесінің президенті Р.Сәрсембаева қатысты. Талқылау алаңына мемлекеттік құрылымдар, халықаралық ұйымдар, бизнес және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар өз елімізбен қоса, Израиль, Түркия, Польша, Грузия, Қырғызстаннан келген қоғам қайраткерлері мен сарапшылар шақырылды. Форум қатысушыларының пікірінше, әлеуметтік кәсіпкерліктің жетілмеуіне – халықтың бұл саладағы ақпаратының аздығы, бизнес жүргізу мәселелері, пікір алмасу алаңдарының болмауы себеп. «Атамекеннің» жұмыссыздарды кәсіпкерлікке тарту бойынша қызметінің келешегі жайында ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев «Бастау» жобасы әлеуметтік бағытқа ие екендігін атап өтті. Бұл толығымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жобасы әрі бизнеске оқыту бойынша мемлекеттік бағдарламалар кемшіліктерін ескере отырып әзірленген. Жоба бизнес негіздерін оқыту және оқытудан кейін бір жыл бойы өз идеяларын қолдай отырып, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды кәсіпкерлікке баулу, олардың кәсіпкерліктегі мүмкіндіктерін анықтауға және дамытуға бағытталған. – «Бастау» жобасы ауыл тұрғындары арасында жақсы сұранысқа ие. Алғашқы жылдың өзінде еліміз бойынша 15 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқыды. 8 мыңнан астам адам жобаларын қорғап, 3,5 мың адам қаржыландыруға қол жеткізді, жеке кәсіптерін ашып немесе бизнестерін кеңейтті. Былтыр жобаларын қорғаған 5 мың адамға қосымша 20 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Ақтөбе облысында жобаға 1125 адам қатысты. Бүгінде жоба нақты нәтиже беріп отыр. Кешегі жұмыссыздар кәсіпкерлер қатарын көбейтті, жаңа жұмыс орындарын ашты. Бұл әйелдердің белсенділігі 60%-ды құрайтын нағыз әлеуметтік бағыт, – деді ҰКП басқарма төрағасының орынбасары. «Бастау» жобасы 2016 жылы Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарында пилоттық режимде іске асырылған болатын. Пилоттық режимнің екінші нысаны – Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық ауылы болды. Іріктеу тестілеуіне қатысқан 140 жұмыссыз бен бастауыш кәсіпкердің 60-ы оқуға өтті. Оқу аяқталғанда олар өз бетінше бизнес-жобаларын әзірлеп, қорғады. Нәтижесінде 30,1 млн теңге көлемінде 6 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 5 жобаны әйелдер қорғады. Олар шағын-жылыжай, пицца және кондитер өнімдерін пісіру және медициналық қызмет көрсетуді қолға алған. Бүгінде бұл жобалар сәтті жүзеге асып жатыр. Биыл «Бастау» Ақтөбе облысының барлық ауданын қамтыды. Республика бойынша 30 мың адам оқыту жоспарланған. Оның ішінде кем дегенде 20 мың ауыл тұрғыны бизнес-жобаларын қорғауы керек. Бүгінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес-ортаның жаңа сапалы легін қалыптастырмақ және осы әлеуетті әр өңірдің сұранысына бейімдеу көзделген. Э.Жұмағазиев бұл бағытта ҰКП мониторинг, нақты айтқанда тұрмыстық тізбекті анықтайтын скрининг жүргізіп жатқанын хабарлады. – Жалпы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі өте жоғары. Жүргізілген талдау көрсеткендей, былтыр бизнесмендер қайырымдылыққа 48 млрд теңге жұмсаған. Мұқтаж жандарға қол ұшын созған кәсіпкерлердің көбі заңнама бойынша салықтық жеңілдіктер мен артықшылықтар бары туралы бейхабар. Ірі салық төлеушілерге – салық салынатын табыстан 3%-дан аспайтын жалпы сома көлемінде, жоғарыда аталған салық төлеушілерден бөлек салық төлеушілерге – салық салынатын табыстан 4%-дан аспайтын жалпы сома көлемінде жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар көп кәсіпкер меценаттық қызметін жасырады. Мұндай жандардың үлгісін насихаттау керек. Былтыр «Атамекенім» атты әлеуметтік жоба іске қосылғаны белгілі. Акция мақсаты – бизнестің қайырымдылық көрсету бойынша бастамасын қолдау, – деді атап өтті ол. Спикер әлеуметтік кәсіпкерлікті ауқымды дамыту үшін нақты индикатив енгізуді ұсынды. «Бастаудың» өзі – әлеуметтік кәсіпкерліктің элементі. Дегенмен, индикативті күшейтіп, оған мұқтаж жандардың тізімін қосу керек. Бұл адамдар «Бастау» аясында оқып, жеке бизнес нысандарын ашар еді. Екінші ұсыныс – ұлттық кәсіпкерлер палатасында «5 мың ауылға, 5 мың қамқоршы» атты жаңа жоба қолға алынып жатыр. ҰКП басқарма төрағасының орынбасары аталған жобаға бизнесмендерді атсалысуға және ауыл-аймаққа қамқоршы болуға шақырды. Спикер атап өткендей, осындай қамқорлықтың үлгісі – танымал кәсіпкер, Ақтөбе облысы кәсіпкерлердің өңірлік кеңесінің мүшесі, «Алтын Қыран» компания тобының директоры, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Исламбек Салжанов. Меценат Ақтөбе қаласындағы жаңа тарихи-өлкетану мұражайы құрылысына демеушілік жасаған. Туған өлкесі Қобда ауданында кәсіпкер 320 орындық мектепке дейінгі білім беру мекемесін салып, оны жергілікті билік балансына өткізген. Ақтөбе облысы қашанда белсенділігі әрі жауапкершілігімен ерекшеленіп келеді. Бұл жолы да резонанс осы өңірден бастау алады деген сенім мол. Облыс тәжірибесі өзекті мәселелерді шеше отырып, әлеуметтік кәсіпкерлік бизнеске табыс табуға жол ашатынын көрсетіп отыр, яғни барлық тараптың: кәсіпкерлер, мемлекет және халықтың ұпайы түгел. Өткен жылы өңірде бюджеттік емес қаражатқа жалпы сомасы 29 млрд теңгені құрайтын 73 әлеуметтік жоба жүзеге асқан. Оның ішінде офтальмологиялық аурухана, жедел жәрдем станциясы, Жекпе-жек, күрес түрлері сарайы, «Өнер орталығы», «Жұбановтар әлемі» үй-мұражайы, Шығармашылық академиясы салынып, пайдалануға берілді. Биыл облыста жалпы сомасы 28 млрд теңгені құрайтын бюджеттік емес инвестицияға 33 жоба іске асады. Атап айтқанда, Ақтөбеде теннис орталығы, мұз айдыны, жеңіл атлетика манежі, «Аналарға тағзым» үй-мұражайы, Сал ауруына шалдыққан балаларға арналаған оңалту орталығы, Ядролық медицина орталығы салынбақ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Атамекен» ұсыныстарына белсенді қолдау танытты. – Кәсіпкерлікті жаппай дамытуда белсенді жұмыс атқарылуда. Былтырғы жылдың нәтижесі бойынша жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілері саны 52 мыңды құрады, бұған мемлекеттің қуатты қолдауы әсер етті. Кәсіпкерлерді әлеуметтік жауапкершілікке талмай бағыттап келеміз. Өңірдегі шағын және орта кәсіпорындардың 40%-ын әйелдер басқарып отыр. Олар әлеуеметтік белсенділік танытып, «Туған жер» бағдарламасына қолдау көрсетуде. Осындай белсенділігімен танылып жүрген іскер әйелдер – Зәмзагүл Баймағамбетова балабақша, халық кеңсесін салып, қазіргі таңда Неке қию сарайын тұрғызып жатса, Рабиға Тасыбаева балалар лагері, физика-математика бағытында мектеп-интернатын салды, – деп атап өтті өңір басшысы. Форум аясында әлеуметтік кәсіпкерлік нысандары бойынша көшпелі таныстырылым жасалды. Э.Жұмағазиев делегация мүшелерімен бірге «МК Корпорациясы» ЖШС жанынан ашылған «Taksim Food Academy» оқу орталығына барды, бұл нысан ҰКП Оқу орталықтары тізіліміне енген. Кәсіпорын еліміз бойынша дәмхана мен мейрамхана желісіне ие. Осылайша курстан өткен түлектердің 100%-ы жұмысқа тұрады. Былтыр Жұмыспен қамту орталығы бағыты бойынша 76 адам аспаз, даяшы, бармен, кассир, әкімші мамандықтарын оқыды. Биыл аспазға 12 адам, кассирға – 15 адам оқып жатыр. Білікті мамандарға деген сұраныс бар, кәсіпорын көп көлемде курсанттарды оқуға қабылдауға дайын. Айта кетелік, биыл жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия бизнес ұсынысын ескеріп, жобаны қаржыландыруға жекелей кірісті. Мәселен, аспаздарды оқыту 24 048 теңгеден 30 986 теңгеге артты, тігіншілік 24 048 теңгеден 27 690 теңгеге артты. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында «Атамекен» ҰКП оқу орталықтар тізіліміне тіркелу арқылы кәсіпорындар қысқа мерзімді оқытуға қаржыландыру ала алады. Бүгінде Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшылары тізілімге 7 оқу орталығын қосты. Форумда Ақтөбе облысы ұйымдары мен кәсіпорындары Израиль, Түркия, Қырғызстанның әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша ұйымдарымен ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойды. Осылайша форум аясында бірнеше бағыттар бойынша ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды. Атап айтқанда, ақтөбелік «Азайа» тігін кәсіпорны израильдік «Хашемекем» кәсіпорнымен өзара байланыс орнатпақ. Шетелдік бұл компанияның тәжірибесі ақтөбелік кәсіпкерлер үшін қызықты. Тараптар әлеуметтік кәсіпкерлік саласында жобаларды жүзеге асырып, Қазақстан үшін жаңа салада тәжірибе алмасуға келісті. Ақтөбе облысы мемлекеттік емес ұйымдар қауымдастығы және Қырғызстан әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің басшылығы қысқа және ұзақмерзімді оқу бағдарламаларын ұйымдастыру, әлеуметтік кәсіпкерлерге тренинг өткізу, ғылыми және мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру бойынша жауапкершілікті алып отыр.
ӘЛИЯ КЕМЕЛБЕКОВА

2526 рет
көрсетілді0
пікір