- TENGE MONITOR
- 31 Наурыз, 2011
Егінжайдан леп есті
Тусыраған тыңға түрен салынып, дала төсі дүбірге бөленер сәт те таяу. Әр күні жылға азық болатын көктемгі кезеңді диқан қауым ұтымды пайдалануға тырысуда. Үкімет «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес агроөнеркәсіптік кешеннің басымды міндеттерін шешу үшін республикалық бюджеттен «ҚазАгро» акционерлік қоғамына 80 млрд. теңге бөлді.Бұл қаражат агроөнеркәсіптік кешен нысандарын қолдауға қатысты іс-шараларды жүргізуге бағытталған. Несиелендіру көктемгі дала жұмыстарын жүргізу және егін жинау, өсімдік шаруашылығы өнімдерін сатып алу үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржыландыру, айналым қаражатын толықтыру сияқты басым бағыттар бойынша жүзеге асырылып жатыр. Тауар өндірушілер екінші деңгейлі банктердің кепілдігін ұсынған жағдайда жылдық 8%; қолхат бойынша астықты немесе ҚР заңдарында көзделген қамтамасыз етудің басқа да өтімді түрлерін кепілге қойған жағдайда жылдық 12% мөлшермен қаржыландырылады. Осылайша ҚазАгроның еншілес ұйымдары несие комитеттерінің қарауына көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруды көздейтін жалпы сомасы 105,7 млрд. теңгеден астам 391 өтінім келіп түсті, оның ішінде 42,2 млрд. теңгеге 225 өтінім қаржыландырылды. Тұқым өндірушілерді қажетті көлемде ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің бірегей және элиталық тұқымдарымен қамтамасыз ететін 42 бірегей тұқымды өндіруші және 102 элиталық тұқым шаруашылығы жұмыс істеуде. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сатылатын элиталық тұқымның құнын 40%-ға дейін арзандату жөніндегі бағдарламаны іске асыру жалғасуда, бірегей тұқым өндіруге қажетті шығынды 40%-ға дейін өтеу, сол сияқты жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің көпжылдық аналық екпелерін отырғызу шығынын толықтай өтеу арқылы тұқым шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау жүзеге асырылып отыр. Тұқым шаруашылығын дамытуды қолдауға өткен жылы республикалық бюджеттен 2,1 млрд. теңге бөлінді, бұл 10 мың тоннадай бірегей тұқым өндіру шығындарын өтеуге, отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер сатып алған 70 мың тоннадай элиталық тұқымның және 2400 мың данадай жүзім мен жеміс-жидек дақылдары көшеттерінің құнын ішінара арзандатуға, сол сияқты жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің аналық көпжылдық екпелерін 13 га алқапта отырғызуға, 33 гектар алқапқа егілген осы дақылдарды күтіп-баптауға мүмкіндік берген болатын. Осы орайда үстіміздегі кезеңде мақсатты трансферттер арқылы облыс әкімдіктеріне 263 млн. теңге жіберіліп, бұл қаржы толықтай игерілді. Ауыл шаруашылық кәсіпорындарында көктемгі егісті жүргізетін 158 мың шынжыр табанды және доңғалақты тракторлар, 91 мың дән сепкіштер, 2357 егіс кешендері, 336 мың жер өңдейтін машиналар, 85 мың трактор тіркемелері, 51 жүк таситын автомобильдер бар. Сондай-ақ мыңның үстінде ауыл шаруашылығы техникасы жаңадан сатып алынды. Болжамданған егіс көлемдері құрылымының және ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеудің технологиялық карталары жасалынды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 336 мың тоннадай дизель отыны қажет болады. Осыған орай Мұнай және газ министрлігі ішкі жанар-жағар май нарығын реттеудің жаңа тетігін енгізді. Сөйтіп, ағымдағы жылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізетін операторлар белгілеген бекеттерден дизель отыны жеңілдетілген бағамен жеткізіледі. Аталған шара нәтижесінде көктемгі науқан жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етілді. Жекелеген өңірлерде көктемгі егіске әзірлік аяқталып келеді. Ақпарат көздері хабарлағанындай, Павлодар облысындағы Ертіс ауданының шаруашылықтары дала жұмыстарына сақадай сай. Жыл сайын толығып отырған машина-трактор паркі биылғы көктемде ылғалды үнемдеу технологиясы бойынша өңделетін егістік аумағын 130 мың гектарға дейін арттыруға мүмкіндік берген. Бұл былтырғы жылғы көрсеткіштен 10 гектарға көп. Оған қоса 27 мың тонна тұқым қоры жасалған, бұл аудан шаруашылықтарына ғана емес, өзге өңірлерге де жеткілікті. Ертіс шаруалары 46 мың гектар сүдігер, 50 мың гектар пар жыртып, 15 мың гектардай тың жерді көтерген. Мұрагер Сералы
626 рет
көрсетілді0
пікір







