- TENGE MONITOR
- 31 Наурыз, 2011
Елбасыға ел сенімі зор Рымтай САҒЫНБЕКОВА
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазыналы Алтайдың төрінде орналасқан еліміздің өндірісті өңірлерінің бірі – Шығыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болды.
Елбасының Шығыс Қазақстандағы жұмыс сапары «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында Өскемен қаласының іргесінде жаңадан бой көтерген ауылдың тұрғындарымен кездесуден басталды. Өнеркәсіпті аймақ орталығын бүйірлей орын тепкен бұл ауыл құрылысының бірінші кезеңіне республикалық бюджеттен 3,9 млрд теңге қаражат бөлінген. Қазір мұнда 363 тұрғын үй, 600 орынды мектеп пен 280 орынды балабақша құрылысы қатар жүргізілуде. Бүгінгі таңда отыздан астам үйдің құрылысы толық аяқталып, кезінде тағдыр тәлкегімен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашыраған бауырларымыздың азат атамекенге оралған ұрпағы қоныстануда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев солардың бірі – 2007 жылы Қы¬тайдан атамекенге оралған Нұрбақыт Атанұлының отбасында болып, қуаныштарына құтты болсын айтты. Мамандығы заңгер Н. Атанұлы жаңа ауылдың әкімі болып тағайындалған екен. Елбасының сапары Наурыз тойына тұспа-тұс келгендіктен, көркем безендірілген ауыл ажарын мерекелік көңіл күй, төгілген ән мен күй тіпті арайландыра түскен. Жаңа ауылдың жаңа тұрғындарының Елбасыға деген алғыс-ризашылығын Моңғолиядан келген оралман Нұртай Тілеужан жүректен шыққан арнауымен жеткізді. Айта кетейік, жалпы тәуелсіздік жылдарында Шығыс Қазақстанға 49 мыңдай қандастарымыз көшіп келген болса, соның 68 пайызы Қытайдан, 24 пайызы Моңғолиядан екен.Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев «Шығыс-сүт» зауытында болды. Елбасын корпорацияның басшысы Сейілжан Сайлаубаев атқарып жатқан істерімен таныстырды. Осыдан 11 жыл бұрын шағын зауытты сатып алып, сүт өнімдерін шығаруды қолға алған іскер азамат басқаратын «Шығыс-сүт» қазіргі күні еліміздегі ең ірі сүт өндірушілердің бірі болып саналады. Алматы облысы, Семей және Өскемен қалаларына, Ресейдің Алтай өлкесіне жөнелтілетін зауыт өнімдері тұтынушылар сұранысына ие. Бүгінде зауытқа қарасты қожалықтарда 5380 ірі қара, екі мыңға тарта сауын сиыр, 16 мың гектардан асатын жайылымдық, 17 мың гектар егістік бар. Яғни мал¬ға қажетті жем-шөпті де өздері дайындалады. Осы ретте С. Сайлаубаев Елбасыға сүт кластерін құруға байланысты атқарылып жатқан жұмыстардың жайын баяндады. Сүт кластерін құру кәсіпорынның екінші тынысын аш¬қан. Сиыр тұқымын асылдандыру, сүттің сапасы мен одан жасалған сүт тағамдарының сауда орындарында жа¬тып қалмауы мақсатында корпорация жаңа бағыттағы шараларды жүзеге асыруда. Қазіргі күні Өскемен қаласының өзінде ғана 1200 дүкенде, Семейдегі 500 дүкенде «Шығыс-сүт» өнімдері сатылады. Шығыс өңірінің әлеуметтік-экономикалық ахуалы, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аяқ алысы туралы деректер зауыт фойесінде экраннан көрсетіліп, Елбасы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жұмысына ризалығын атап өтті. Бір жылдың ішінде бұл облыста қазіргі үлгідегі 898 үйлі үш ауыл салынды. Соның ішінде Тарбағатай ауданының Жәнтікей және Көкжыра ауылдары жарты жылда қалпына келтірілді. Елбасы бұдан кейін құс фабрикасы, Бұқтырма цемент зауыты, «Азия авто» акционерлік қоғамының жұмыстарымен таныс¬ты. «Азия авто» АҚ президенті Ержан Мандиев қазір кәсіпорында көліктердің оннан астам түрі, оның ішінде Оңтүстік Кореяның KIA маркалы көлігінің жеті түрі шығарылып жатқанына тоқталып өтті. «Қазақстанның өз автокөігі сапалы болуы тиіс, болашақта тетіктен бастап қорабына дейін өзімізде құрастырсақ ұтамыз», – деді Елбасы. – Биыл еліміз үшін елеулі оқиға, Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтеміз. Әр облыс өз мүмкіндіктеріне қарай талпыныс жасауда. Мәселен, Шығыста көп істер атқарылып жатқанын білеміз. Өткен жылы Тарбағатайдағы табиғат апаты кезінде он миллиард теңге қаржы бөлдік. Халық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығын дамыту, мал тұқымын асылдандыру – қазіргі күнгі басты міндет. Міне, бүгін жаңа сүт зауытының ашылуына қатыстық. Ет пен сүтті қашанғы шетелдерден тасимыз. Демек, мал басын көбейтіп қана қоймай кластерді дамыту қажет, – деді Елбасы шаруа қожалықтары өкілдерімен кездесуінде. Өз кезегінде шаруа қожалықтарының иелері арзан несиенің арқасында шаруашылыққа қажетті қондырғыларға қол жеткізіп, дамуға мүмкіндік берген мемлекеттің қолдауы, қамқорлығы үшін Елбасына алғыстарын айтты. Елбасының Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары Қазақстан халқы кіші ассамблеясының өкілдерімен спорт сарайында болған кездесумен қорытындыланды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтады. «Біздің тағдырымыз ұқсас, тарихымыз ортақ, Отанымыз жалғыз, болашағымыз бір. Біз жарқын болашаққа бірге барамыз, жаңа дәуірдің іргесін бірге қалаймыз. Ендеше, жасампаздық жаршысы Наурыз мейрамы құтты болсын, Жаңа жыл жақсылығымен келсін», – Президент. *** Елбасымыз осының алдында жұмыс сапарымен Алматыда болған еді. Президент ресми түрде «Достық үйі – этносаралық қарым-қатынастарды зерттеу жөніндегі орталығы» деп аталатын ғимараттың қайта ашылу рәсіміне қатысып, «Достық үйін» салтанатты түрде ашты.
Екі жылдан бері күрделі жөндеуден өткізіліп, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай қайта салынғандай жаңғырып шыға келген «Достық үйінің» қазақ ұлты үшін де, елімізде ауызбіршілікпен өмір сүріп отырған ұлыстар үшін де орны бөлек. Тәуелсіздікті татулықпен тұғырлы ету шаралары «Достық үйінде» талқыланып қана қоймай, нақты іске асырылып келеді. Басқасын айтпағанда, посткеңестік кеңістік тағдырындағы маңызды оқиға – ТМД-ны құру туралы шешімнің осы үйде қабылданғаны, құжаттарға осы ғимаратта қол қойылғаны белгілі. «Достық үйінің» қайта жөндеуден өткізілген ғимаратын аралап көрген Елбасы этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен әңгімелесіп, ой бөлісті. Елбасы тарихымыздың тамаша жәдігері – сақ дәуірінен қалған Алтын адамның қайта жасалған жаңа көшірмесіне назар аударды. Дәл осы күннен өз шежіресінің жаңа бір парағы ашылған ғимараттың кең холлында елімізде ынтымақ-бірлікте өмір сүріп жатқан, сан алуан өрнекпен бірін-бірі байытқан ұлттардың мәдени-тұрмыстық көрмесі ұйымдастырылды. «Достық үйі» қызметінің басты мақсаты – отандық мәдениет пен ғылымды дамытудағы өндірістік-шаруашылық қызметтерді жүзеге асыруға қолдау көрсету болып табылады. Құрманғазы көшесіндегі талай келелі жиындарды қабылдаған бұл ғимаратта Қазақстан халқы ассамблеясының басшылық органдары, 19 этномәдени бірлестік, мемлекеттік және түрлі этнос тілдерін оқытумен айналысатын 9 жексенбілік мектеп орналасқан. Достық үйінің ғимараты 1999 жылы үкіметтің арнаулы қаулысымен Қазақстан халқы ассамблеясының жетекші органдарының құзырына берілген болатын. Бүгінде «Достық үйінде» ұлтаралық қатынастар проблемасын зерттеумен айналысатын орталық жұмыс істейді, ол Қазақстан халқының тілдері мен мәдениетін жандандыру жөніндегі әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға, ұлтаралық қатынастар мен қоғамдағы этномәдени байланыстарды нығайту мәселелері бойынша ғылым мен мәдениет саласында ғылыми зерттеу қызметін жүргізуге атсалысады. Сәулетшілер Р. Сейдалин, Л. Тимченко және Х. Якупбаевтың жобасы бойынша салынған бұл сәулет өнерінің тамаша туындысына 1974 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілген. Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу үшін 2008-2010 жылдары 726 миллион теңге бөлінген болса, енді, міне, ұлттық нақышпен бедерленіп, көркем келбеті көз тартқан «Достық үйі» Қазақстан атты үлкен шаңырақтың береке-бірлік ұйыған бір отауы ретінде есігін айқара ашты.
899 рет
көрсетілді0
пікір







