- TENGE MONITOR
- 07 Сәуір, 2011
Бақылаушылар бағасы
Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, президенттік сайлауға 1059 шетелдік байқаушы тіркелген. Оның ішінде ТМД байқаушылары миссиясынан - 425, ЕҚЫҰ, ДИАҚБ-тан - 357, Шанхай ынтымақтастығы ұйымынан - 12 байқаушы арнайы келсе, басқа да халықаралық ұйымдардан - 99, шет мемлекеттерінен - 162 азамат тіркеліп, сайлаудың ашық, жариялы өтуін қадағалаған.
Сонымен, бақылаушылар бағасы төмендегідей:
Юлия Левочкина, Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы делегациясының басшысы: – Біз қазақ халқын 3 сәуірде болып өткен Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылуымен қуана құттықтаймыз. Сайлауға жауапты лауазымды адамдар өз жұмыстарын тиімді ұйымдастырып, өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетті. Біз байқаған сайлау учаскелері сайлауды өз деңгейінде өткізу үшін барлық жағдай жасалғандығымен ерекшеленді. Жалпы, сайлау ауаны іскерлік жағдайын байқатты. Адамдардың сайлау учаскелеріне келуі жоғары деңгейде болды, бұл жұртшылықтың үдеріске сенімділігін көрсетті. Кез келген елде, кез келген сайлауда кездесетін бірқатар кемшіліктерге қарамастан, біздің делегацияның пікірі осы дауыс берудің нәтижелері, шынында да, қазақстандық сайлаушылардың еркін білдіреді дегенге саяды. Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясы бұған дейін де Қазақстанда сайлау барысын бақылаған болатын, сондықтан бұл елде сайлаудан сайлауға қарай ілгерілеушілік болып жатқанын айтқымыз келеді. Шукру ТУФАН, Ислам конференциясы бас хатшысының кабинет басшысы (Түркия): – Ислам конференциясы ұйымының он жылдық жұмыс жоспарына сай біз ұйымға мүше елдерде өтетін сайлауларды байқап, бақылап отырамыз. Қазақстандағы кезектен тыс өтетін президенттік сайлауға дайындық барысында ұйым байқаушылары көптеген сайлау учаскелерін барып көрді. Осы бақылау барысында ешқандай да заң бұзушылықты байқамадық. Сайлау еркін, ашық, бірқалыпты өтті. Сайлаушылардың келу деңгейі жоғары болды. Біз президенттікке үміткер боп тіркелген азаматтармен кездесіп, оларға сайлауалды үгіт-насихат жүргізу барысында ешқандай қысым көрсетілмегенін білдік. Бұл саяси науқанға дайындық және оны өткізу өте жақсы ұйымдастырылғанын атап айтқым келеді. Бұл қазақ халқының демократиялық даму жолына түсіп отырғандығының белгісі деп білемін. Ұйымымыздың белді мүшесінің бірі және биыл аталмыш ұйымға төрағалық етпекші Қазақстанның осындай демократиялық жолмен дамып келе жатқаны бізді тек сүйсіндіреді. Мұратбек Иманалиев, ШЫҰ байқаушылары миссиясының басшысы: – 3 сәуір күнгі кезектен тыс президент сайлауы еркін және ашық, елдің ұлттық заңнамасының және халықаралық сайлау талаптарына сай, демократиялық жағдайда өтті. ШЫҰ байқаушыларының миссиясы сайлау науқанын жіті бақылады. Олар бюллетеньдер мен сайлау жәшіктерін дайындау процедураларына қатысып, Астана, Алматы және Қара-ғанды қалаларындағы барлығы 31 сайлау учаскесінде болды. Ел президенттігінен үміткерлерге сайлауалды үгіт-насихат шараларын өткізуге тең жағдайлар жасалды. Сайлауды өткізуге әзірлік және оның барысында техникалық сипаттағы аздаған кемшіліктер байқалды. Дегенмен олар дауыс беру нәтижесіне және электораттың таңдау жасауына кедергі келтірген жоқ. Сергей Лебедев, ТМД миссиясының басшысы: – Қазақстандағы президент сайлауы заң аясында өтті. Кейбір техникалық кемшіліктер болмаса, айтарлықтай заңбұзушылықтар мен демократияға қайшы келетіндей әрекеттер тіркелген жоқ. Миссия мүшелері сайлау учаскелерін аралау барысында жекелеген азаматтардың алдын-ала жасалған тізімнен өздерін таппай қалып жатқанын байқадық. Алайда бұл халықаралық тәжірибеде техникалык кателік деп есептеледі. Ең бастысы, мұндай қателіктерді сайлау комиссиясы мүшесінің кызметкерлері дер кезінде шешіп отырды. Сосын бір байқағанымыз, кейбір учаскелерде ұзынсонар кезек. Мұндай қалың адам нөпірі сол жерде кереғар пікірлердің тууына әкеліп соғады. Сол себепті алдағы сайлау науқаны барысында сайлау учаскеле¬рінің санын көбейту керек сияқты. Николай Лозовик, Беларуcь Республикасы Сайлау және республикалық референдумдарды өткізу бойынша орталық комиссияның хатшысы: – Беларусь елінің өкілі ретінде мен біздің республикада сайлау кезінде саяси-қоғамдық текетірестер мен шиеленістер арта түсетіндігін айта аламын. Саяси науқан кезінде байқалатын мұндай үрдіс өзге елдерде де бар. Айталық, саяси партиялар билік органдарына өздерінің қандай да бір наразылықтарын білдіре бастайды. Азаматтар да осы науқан барысында өздерін толғантқан мәселелерді ортаға салады. Кейбір елдерде сайлауды сындарлы емес күштер билікке қарсы шығу, тіпті оны конституциялық емес жолдармен құлату үшін пайда¬ланылады. Ал Қазақстанда біз ондайды байқағанымыз жоқ. Бұл саяси науқан Қазақстан қоғамының одан сайын біріге түсуіне ықпал етті. Бұл өте маңызды және мұндай үрдіс барынша көп елде орын алса дейміз. Біз¬дің ортақ пікірімізше, Қазақстанда сайлауға дайындық және оны өткізу жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сайлау учаскелері сайлау заңнамасына сәйкес жабдықталып, дауыс берушіге өз таңдауын жасауға бар мүмкіншілік жасалған. Сайлау комиссиясының дайындығын ерекше атап өткім келеді. Дауыс берушілердің легі артқан кезде оларға қарбалас жағдайда жұмыс істеуіне тура келді. Сайлау заңнамасын жетік білетін комиссия мүшелері оны іс жүзінде жақсы қолдана білді. Сондықтан сайлау комиссиясы мүшелеріне шағымдар түскен жоқ. Беларустық байқаушылар Қазақстанда өткен президенттік сайлауға «үздік» деген баға берді. Нина ДЮЛГЕРОВА, халықаралық қатынастар, экономика және тарих ғылымдарының докторы (Болгария): – Сайлау учаскелеріне келген сайлаушылардың қай-қайсысы болмасын, кімге дауыс беретінін білетінін байқадық. Ал, сайлаушының аты-жөні тізімнен табылмаған жағдай болса, мәселе дер кезінде шешіліп жатты. Ең бастысы, сайлау жақсы ұйымдастырылғандықтан бірқалыпты өтті деп ойлаймын. Николай Мусалимов, Ресей және Беларусь одағы Парламенттік жиналысының депутаты: – Аймақтық-территориялық сайлау комиссиясымен кездесіп, сайлау барысындағы дайындықтан жан-жақты хабардар болдық, әр үміткердің бағдарламаларымен, басқа да сайлау үрдісінің барысымен толық таныса алдық. Халықаралық бақылаушы ретінде әрбір сайлаушының саяси науқанға қатысуына дайындықтың жақсы ұйымдастырылғанын, сайлауды ұйымдастырушылардың тәжірибелі, сауатты мамандар екенін айтқым келеді. Панаэтис Фотиадис, Грекияның Ахарнэ муниципалитетінің экс-мэрі, халықаралық бақылаушы: – Біздің елімізде сайлау белсенді өтеді. Грекия халқы сайлауға қатысуды, дауыс беруді міндетті санайды. Сондықтан сайлау күндері халық көшелерге ұрандатып шығады, бірі қалмай дауыс беруге қа¬тысады. Қазақстандағы сайлау әлемдік қауымдастық үшін аса маңызды деп ойлаймын. Әлемнің саяси картасындағы ірі елдердің бірі болып табылатын Қазақстанда өтіп жатқан сайлаудың нәтижелері басқа елдер тарапынан қызығушылық туғызары сөзсіз. Біз сайлаудың жақсы өтетініне сенімді болдық. Қазақстан халқының бүгінгі таңдауын құрметтейміз. Бұл мемлекет демократия жолын басшылыққа алып келеді. Куршад Зорлу, Түркияның жалпыұлттық «Сабах» газетінің шолушысы: – Тарихи және мәдени тұрғыда тамырлас ел – Қазақстан дипломатиялық қарым-қатынаста да Түркияның маңызды серіктесі болып табылады. Қазақстандағы тұрақтылық қазақ елі үшін ғана емес, Орталық Азия үшін аса маңызды. Түркия Қазақстандағы демократиялық қағидаларға негізделген тұрақтылықты қолдайды. Біз әріптестерімізбен таңертең сайлау учаскелерін аралап көріп, сайлауға қатысу белсенділігі өте жоғары екендігін аңғардық. Сайлаушылар бұл саяси науқанның маңыздылығына мән беріп, байсалды қарайды. Нәтижесінде сайлау барысы бірқалыпты өтті. Қазақстандағы президенттік сайлаудың қорытындысына орай, Түркияның жетекші баспасөзі бұл тақырыпта сараптамалық материалдар жариялайды. Анатолий Локоть, Ресей және Беларусь одағы Парламенттік жиналысының депутаты: – Бақылаушы ретінде мен қалаған сайлау учаскесімен танысуға барлық жағдайды жасаған сайлау учаскелерінің жетекшілеріне алғыс білдіргім келеді. Алғашқыда белсенділік төмендеу болғанмен, кейін сайлауға келу өзіміз болған учаскелерде күрт артқанын байқадық. Халықтың сайлауға қатысу белсенділігі – сайлауға деген сенімінің, сайлаудың ашық және әділ өтуінің белгісі. Яғни сайлау науқаны барысында сайланатын органдардың заңды екендігінің белгісі. Осы тұрғыда біз сайлау барысына әсер етерліктей заңбұзушылықтар байқалмағанын айтамыз. Тодор БЛАГЕВ, «Ашық ережелерге арналған қордың» қызметкері (Болгария): – Сайлауға полиция қызметкерлері көзге еленбейтіндей деңгейде қатысты. Өз кезегінде бұл дауыс беруге ешқандай кедергі келтірмеді. Бұдан тыс біз ешқандай да заң бұзушылықты байқамадық. Тек тізімнен тыс қалған адамдар болды. Бірақ оларға бірден көмек көрсетіліп, мәселе оңтайлы шешіліп жатты. Сондықтан мұны заң бұзушылық деп санамаймын. Түрлі техникалық кемшіліктер дауыс беру кезінде қай елде болмасын кездесіп жатады. Менің естуімше, оппозиция президент Назарбаевтың жеңетінін біліп, бұл науқанға қатыспауға шешім қабылдап, сайлаудың ашық өтетініне шүбә келтірген сияқты. Мен мұнымен келіспеймін. Себебі сайлауға әркім «мен жеңемін» деп қатысуы керек. Партиялар билікке қол жеткізу үшін тіркеуден өтеді емес пе. Сондықтан сайлаудан қалыс қалуға болмайды. Өйткені, әділ де ашық сайлауда халқы толықтай сенім артатын әрі рухы мықты адам ұтады. Ардақ Нұрманова, студент: Биыл кәмелет жасына толып, сайлауға қатысу құқына ие болдым. Кезектен тыс өткен президент сайлауына барып, алғаш рет елімнің саяси өміріне араластым деп білемін. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өз таңдауымды жасап, дауыс беру – мен үшін үлкен мәртебе. Өйткені еліміздің жарқын болашағы үшін сайлауда берілген әр дауыстың орны ерекше екені сөзсіз. Менің ойымша, дауыс беру – жай азаматтық белсенділікті таныту ғана емес, ол – әрқайсымыздың борышымыз. Сондай-ақ ол – өз пікіріңді, ұстанымыңды, талап-тілегіңді білдірудің басты амалы. Жастардың осыны жақсы түсінгені және өз болашақтарына бей-жай қарамайтындығы сайлау кезінде айқын сезілді.
1289 рет
көрсетілді0
пікір







