- TENGE MONITOR
- 07 Сәуір, 2011
Болашақтың іргесін бірге қалаймыз Барша халқымыздың жеңісі Рымтай САҒЫНБЕКОВА
Елбасымыз айтқандай, «бұл сайлаудың ерекшелігі – билік мүшелерінің ешқандай араласпауына, барлық кандидаттардың еркін жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалғандығы» болды. Президенттіктен үміткерлердің әрқайсысы еліміздің барлық өңірлерін аралауға, ақпарат құралдарында өздерінің идеяларын, бағдарламаларын басып, ой-пікірлерін халықпен бөлісуге тең мүмкіншілік алды.
Қазақстан – демократиялық бағытта даму үрдісін ұстанған ашық мемлекет. Сондықтан ел басшылығы тарапынан бұл жолы да президенттік сайлауды халықаралық бақылау мәселесіне үлкен көңіл бөлінді. Сайлау қарсаңында елімізге дүниенің шартарабынан бақылаушылар келді. Орталық сайлау комиссиясы 1059 шетелдік және халықаралық ұйымдардың байқаушыларын тіркеді. Оның үстіне, сайлауды 200-ден астам шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қадағалады. Жергілікті және халықаралық бақылаушылардың, БАҚ өкілдерінің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалды. Сайлау қорытындыларына сай бақылаушылардың жасаған мәлімдемелерінде айтылғандай, осынау маңызды саяси науқан ашық, заңдық өрісте өтті.Еліміздегі реформалардың жүйелі жалғасуы үшін, ішкі және сыртқы саясатымыздың сабақтастығы және еліміздің халықаралық тұрғыдағы беделінің бұдан да биіктеуін қам-тамасыз ету үшін, халқымыздың бірлігін одан әрі нығайтып, қоғамдық тұрақтылықты бекемдей түсу үшін биліктің баяндылығы қажет. Бұл еліміздің жарқын бола¬шағының кепілі. Сондықтан сайлау Қазақстан халқының бірлігін, ынтымағын тағы да айқын дәлелдеп берді. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңіске жетуі – ол бүкіл халқымыздың жеңісі. Өйткені, өзінің болашағын, бейбіт өмірін, өсіп-өркендеуін елбасымен байланыстыратын Қазақстан халқы 3 сәуір – президент сайлауы күні үміткерлер арасынан Нұрсұлтан Назарбаевты таңдап, бұл жолы да шынайы сенім мен сөзсіз қолдауын көрсетті.
3 сәуір күні тура түн ортасында сайлаудың алғашқы нәтижелерін білу үшін мыңдаған жақтастарымен бірге өзінің сайлауалды штабына келген Нұрсұлтан Назарбаевты көшбасшы партияның туларын ұстап, дуылдата ұрандаған студент-жастар, науқан кезінде белсенді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген жүздеген басқа да азаматтар - республикалық және аймақтық штаб мүшелері, «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясына кірген саяси партиялар жетекшілері, қоғамдық бірлестік басшылары және сенімді өкілдері ерікті жастармен бірге зор қошеметпен қарсы алды.
– Қымбатты қазақстандықтар, отандастарым! – деді жиналғандар алдында сөз сөйлеген Президент. – Біз тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері талай сайлауларды өткергенбіз. Бірақ бұл сайлаудың жөні бөлек. Өйткені бұл жыл – Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Осы жылдардың ішінде көп нәрсені бастан өткердік! Көп қиыншылықты еңсердік! Көп іс тындырдық! Мемлекеттілігімізді құрып, тәуелсіздігімізді нығайттық. Міне, қазір ғана бүгінгі тарихи сайлаудың алдын- ала қорытындылары белгілі бола бастады. Тарихи болатыны – біз күллі әлемге біздің қоғамның демократиялылығын, біздің жетістіктерімізді тағы да дәлелдедік. Бұл сайлау ашық, әділ өтті. Осылайша, қазақстандықтар менің жүргізіп жатқан саясатыма, әр күні аптаға баланатын, әр аптасы жылға татитын осы жиырма жылдың ішіндегі істеген шаруаларымызды мақұлдап, болашақтағы барлық бағдарламаларымызға сенім білдірді. Халықтың осынау азаматтық белсенділігі тәнті еткен Нұрсұл¬тан Әбішұлы: «Ел басқарған адамға бұдан артық қандай мадақ-марапат, бұдан асқан қандай қолдау керек?! Айналайын халқымнан, осындай сенім артып отырған! Баршаларыңызға шын жүрегімнен алғысымды айтамын!» – деді разылықпен Елбасы.
Бұл жолғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі – жастардың белсенділік танытуы. Әсіресе тәуелсіздіктің құрдастары – студент-жастардың «сайлауға қатысу, дауыс беру арқылы еліміздің ертеңі үшін жауапкершілігімізді білдіреміз» деп саяси белсенділік көрсетуі қуантты. Жас ұрпақтың, елдің тізгіні күні ертең қолына тиер жастарымыздың ой-санасының сергек, көкірек-көзінің ашықтығы осы жолғы президенттік сайлауға қатысу және оған дайындық кезінде анық байқалды. Бұл дүниеге көзін тәуелсіз Қазақстанда ашқан ұрпақтың еркіндік мұраттарына адал, азат ойлы азаматтар болып өсеріне деген көңілдегі сенімді мықтай түседі. Еліміз егемендігін алған жылдар ішінде жас ұрпақтың дені сау, жан-жақты жарасымды дамыған, білімді де білікті азаматтар болып өсуіне мемлекет тарапынан ұдайы қамқорлық жасалып келеді. Осы орайда «Қазіргі күні жасалып жатқан шаруалардың барлығы ел ертеңі – бүгінгі жастардың, Тәуелсіздіктің құрдастарының болашағы үшін жасалуда. Мені қолдауда үлкен белсенділік көрсеткен жастарға, жас ұрпақ сіздерге ризашылығым зор! – деді Елбасы. – Баянды бақыт, зор денсаулық тілеймін. Барша қазақстандықтарға шексіз алғыс, мың рақмет!»
Қазақстан Республикасы президенттігіне кезектен тыс сайлаудың аяқталуына байланысты отандық және шетелдік баспасөз құралдарының өкілдеріне арналған алғашқы баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Орталық сайлау комиссиясының алдын-ала берген мәліметіне қарағанда Қазақстан Республикасындағы сайлау құқы бар азаматтардың 90 пайызға жуығы сайлауға қатысып, соның 95 пайызға жуығы өзіне дауыс бергенін атап өтті. Мұның өзі қазақстандық электораттың менің жүргізіп келе жатқан саясатымды қолдап, оның дұрыс бағдармен келе жатқанын көрсетті. Мен өзімді қолдаған сайлаушыларға, жақтастарым мен пікірлестеріме ризашылығымды білдіремін, дей келіп: «Cөйтіп, бұл дода да өзінің мәресіне жетті. Қазақстан тағы да бір рет төрткүл дүниенің назарын өзіне аударып, ашық, әділ, демократиялық талаптарға сай сайлау өткізді. Бұлар туралы шетелдік және халықаралық ұйымдардан келген байқаушылар жоғары бағалар беріп жатыр», – деді. БАҚ өкілдеріне Қазақстандағы сайлау процесіне қызығушылық танытқандары үшін алғысын білдірген Елбасы одан әрі журналистердің сұрақтарына орай алдымыздағы бес жылда қандай басымдықтарды ұстанатындығы және Қазақстан-ның дамуындағы негізгі элементтер қандай болатындығына тоқталды.
– Президенттік мандат адамға мемлекеттің алдында тұрған міндеттерін анықтау үшін беріледі, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Біздің елдің дамуындағы экономикалық міндеттерге келетін болсақ, олар анықталып, біз 2015 және 2020 жылға дейін орындалатын индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асыруды қолға алдық. Өзімнің жыл сайынғы Жолдауымда мен биыл елді әлеуметтік жаңғырту мәселесін алға қойдым. Онда мен азаматтарымызды оқытып, мамандық алу арқылы жұмыспен қамтуды, сондай-ақ тұрғын үймен қамтамасыз ету проблемаларын шешу қажеттігін Үкіметке тапсырдым. Бұл бағыттар халықтың толық қолдауына ие болды. Ал саясат туралы айтатын болсақ, біз алдағы уақытта да ұстанған бағдарымыздан айнымайтын боламыз. Болашақта да Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы сияқты елдермен тығыз ынтымақтастықты жалғастыра беретін боламыз. Еуроодақ пен Америка Құрама Штаттары біздің үлкен әріптестеріміз болып қала береді. Ал аймақтағы басқа елдермен интеграциялық процестер шеңберіндегі ынтымақтастықтарды жалғастыра беретін боламыз. Елді саяси жаңаландыру бағытын біз одан әрі жалғастырамыз. Заңның үстемдігін сот жүйесін тәуелсіздендіре түсу арқылы нығайта беретін боламыз. Біздің мемлекетіміз алып территориялы, унитарлы ел болса да біз билікті орталықсыздандыру бағытын одан әрі жүргіземіз. Келесі сайлаудан бастап біздің Парламентіміз Конс¬¬титуциямыздың талабына сәйкес көппартиялы болады. БАҚ бостандығы мен тәуелсіздігіне барлық басқа да дамыған елдердегі сияқты ешқандай шек қойылмайды, бұл істе біз өзіміздің батыстық әріптестеріміз бен достарымыздың ұсыныстарын үнемі ескеріп, олармен кеңесіп отыратын боламыз. Сайлау процесі кезінде ұйымдасқан «Қазақстан-2020» демократиялық коалициясы» алаңында біз оппозициялық партиялар және қоғамдық қозғалыстармен елімізді экономикалық және саяси тұрғыдан одан әрі дамытудың проблемаларын талқылау жөніндегі диалогтарды жалғастыруға дайынбыз, деді Елбасы.
Сайлауда сайлау күні жеңіске жетпейді, одан көп бұрын – ісімен жеңіске жетеді. «Ендеше, осы 20 жыл ішінде атқарған ісіміз, төккен теріміз текке кеткен жоқ екен. Бұл – бізге берілген баға. Біз бұл емтиханнан, сыннан сүрінбей өттік, – деді Елбасы. – Иә, мен жеңіске жеттім, бірақ бұл сайлауда бүкіл еліміз, Қазақстан жеңді деп санаймын. Өйткені экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар бағытын жалғастырсын деп маған карт-бланш беріліп отыр. Біз оны одан әрі жалғастыратын боламыз!»
Иә, бұл жолғы сайлаудың жөні бөлек. Өз тәуелсіздігінің жиырма жылдығының табалдырығында тұрған еліміз өз таңдауын жасады. Көк байрағымыздың қазығын мықтап, ел іргесін бекемдеу үшін, керегемізді керіп, шаңырағымызды одан әрі биіктету үшін. Іске сәт!Еліміз бүкіл әлемнің назарын өзіне аударған тағы бір тарихи сыннан абыроймен өтті. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы аталып өтер биылғы жылғы тағы бір маңызды саяси оқиға – 3 сәуірге белгіленген президент сайлауын сәтті өткіздік. Орталық сайлау комиссиясы алдын ала дерек бойынша, Қазақстан сайлаушыларының 95,5 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевты жақтап дауыс бергенін хабарлады.
2722 рет
көрсетілді0
пікір







