- TENGE MONITOR
- 07 Сәуір, 2011
Тарифтік саясат Халықтан жиналған қаржы өндірісті еселеуге жұмсалуға тиіс
Үш жыл бұрын Үкімет электр қуатын өндіруші станцияларға жыл сайын тарифтерді шектік мөлшерде өсіру құқығын берді. Осылайша тұтынушылардың төлемақысы есебінен тозығы жеткен құрал-жабдықтарды жаңартып қана қоймай, өндірістерді еселеудің жолы табылды. Алайда бүгінде халықтың көңілі күпті. Ай сайын төлейтін қаржы қай мақсаттарға жұмсалуда? Модернизация жұмыстарынан қарапайым тұрғындар неге хабардар емес?Осы орайда станциялардың мойнына алған инвестициялық міндеттемелерін орындау жағдайын бақылау ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне жүктелген еді. Жуырда облысымызға келген аталмыш агенттік төрағасы Нұрлан Алдабергенов Екібастұздың екі ірі станциясында өндірістерді дамыту бойынша атқарылып жатқан істерді егжей тегжейлі сараптаған кеңес өткізді. Соңғы жылдары «Екібастұз ГРЭС-1 станциясы» өндірісін еселеу мақсатында қомақты қаржы жұмсалуда. Айта кетелік, жоба бойынша бұл станция жылына 4 мың мегават электр қуатын өндіре алады. Алайда бүгінде мұнда бір жарым мың мегаватт қуат шығарылады. Себебі бірнеше энергоблок жұмыс істемей, қаңтарылып тұр. Оларды станция 2016 жылға дейін қайтадан қалпына келтіруге мүдделі. Тоқтап тұрған үш блоктың алғашқысы 2012 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Былтыр күзде станцияның бесінші энергоблогында заманауи электр сүзгілер орнатылды. Соның нәтижесінде шығарылатын зиянды қалдықтың мөлшері 5 есеге азайды. Станция басшылығының айтуына қарағанда, Үкіметтің шектік тарифті енгізуі №2 энергоблокты қалпына келтіру жұмысын бір жыл ерте бастауға мүмкіндік берді. Жаңа энергоблоктар іске қосылғанға дейін бүгінде жұмыс істеп тұрған бөліктерде сүзгілер орнатуды аяқтау көзделеді. «Қазақмыс» ЖШС-нің энергетика жөніндегі басқарушы директоры Н.Коробовский станция халықтан тариф есебінде жиналған қаржыны тиімді ұқсатуға тырысатынын жеткізді. Өткен жылы өндіріс көлемі ұлғайды, қуат қоры да бар. Егер еліміздге қажет болып жатса, станция Ресейге экспорттайтын электр қуаты көлемін кемітуге әзір. Ал «Екібастұз ГРЭС-2» АҚ-ның ең ірі инвестициялық міндетінің бірі - №3 энергоблокты жаңадан салып, іске қосу. Айта кетелік, бұл жоба кеңестік дәуірде жоспарланған, оны жүзеге асырудың сәті енді түсіп отыр. Оны Ресейдің «Внешэконмбанкі» мен Еуропа даму және қайта құру банкі қаржыландырады. «Халық банкі» де өз үлесін қосады. Бастапқыда тек ресейлік құрал-жабдықтар орнатылады делінсе де, енді тиімділікті таныған мамандар әлемге белгілі «Siemens» маркалы қазандықты құрсақ, өндіріс қуаты 600 мегаваттан асады дейді. Бұған дейін жаңа энергоблок жылына 500 Мвт электр қуатын өндіреді деп күтілген. Басқарма төрағасы Ғ.Сәлімжуаровтың айтуына қарағанда, құрылысқа қажетті барлық инфрақұрылым дайын, енді мердігер фирманы анықтайтын конкурс өткізіледі. Былтыр тұтынушылардан шектік тариф есебінен жинақталған 115 млн. теңге модернизациялық жұмыстар жүргізуге септігін тигізді. Тұрғындар шектік тарифтің жыл сайын өскеніне қарап, өндірістің өзіндік құны қымбаттады деп ой түймеуге тиіс. Ол жағы - бақылауда. Тарифтің өсімі инвестициялық жобаны жалғастыруға мүмкіндік береді, десті станциялар басшылары. Олар акционерлерге тиесілі дивидендтердің де төленбей отырғанын айтты. Себебі олар да қазіргі маңызды мақсат - өндірісті жаңарту, дамыту екенін түсініп отыр. ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасы Нұрлан Алдабергенов ГРЭС-2 станциясында жаңа энергоблокты салуда шетелдік сарапшы-мамандар тартудың мәнісін сұрады. Себебі әйгілі компаниялардың арзан ақша талап етпейтіні белгілі. Шын мәнінде, бұл жолғы қаражат - халықтың жинап берген қоры. Оны ысыраптауға мемлекет жол бермейді. Қазірде Парламенттің қарауында жаңа заң жобасы қаралуда. Онда шектік тарифтер есебінен жиналған қаржыны тиімді жұмсалмаса, станциялар әкімшілік жауапқа тарту жағы ескерілген. Бұл қуат өндіруші кәсіпорындарды өздеріне артылған сенімді, жауапкершілікті терең сезінуге итермелейді. - Жаңа заң қабылданса, станциялар инвестициялық міндеттерін қалай орындап жатқанын халыққа ашық айтып, жыл сайын есеп беретін болады, - деді Нұрлан Шәдібекұлы. Өз міндеттемесін тиісті дәрежеде атқара алмаған кәсіпорын әкімшілік жаза арқалап қана қоймайды, оларға берілген шектік тарифтердің мөлшері де азайтылады. Агенттік төрағасы екібастұздық қос станцияның өткен жылғы инвестициялық жұмыстарын оң бағалады. Еркін ЕРТІСБАЕВ, Павлодар облысы.
729 рет
көрсетілді0
пікір







