- TENGE MONITOR
- 07 Сәуір, 2011
Шынайы сенім айғағы
Еліміздегі 9 миллион 180 мың дауыс берушінің 12 пайызының Алматы шаһарында шоғырлануы алып мегаполистің сайлау процесінде аса маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Және елдегі партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың дені осы қалада қоныс тепкенін ескерсек, алып шаһардың сайлаудағы салмағы да зор болмағы даусыз. Осыған орай ел президенттігінен үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы қалалық сайлау штабының төрғасы Рахман АЛШАНОВТЫ сөзге тарқан едік.– Ең алдымен, саясаттың қазаны қайнап жататын Алматыдай алып шаһарда президенттік сайлаудың заң талаптарына сай ашық және әділ өткендігін атап айтуға тиіспіз. Ал оның басты нәтижесі – өткен сайлау Қазақстан халқының бірлігін, ынтымағын тағы да айқын дәлелдеп берді. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңіске жетуі – ол бүкіл халқымыздың жеңісі. Себебі, Қазақстан халқы өзінің болашағын, бейбіт өмірін, өсіп-өркендеуін елбасымыз Н. Назарбаевпен байланыстырады. Бұған ешкімнің де кү¬мәні жоқ. Қазақстан тәуелсіздік алған жиырма жылға жуық уақыттың ішінде өзін әлемге танытты. Экономикалық ілгерілеу мен саяси тұрақтылықтың, демократиялық дамудың үлгісін көрсеткен Қазақстан халықаралық тұрғыда да өркенді істердің бас-тамашысы болып келе жатқаны белгілі. Бұл, әрине, еліміздегі бірлік пен ынтымақтың, достық пен татулықтың арқасы. Осынау игі істер мен береке-бірлігіміздің негізгі дем берушісі Нұрсұлтан Әбішұлы екенін қазақстандықтар жақсы біледі. Сондықтан халық ел президенттігінен үміткерлер арасынан Нұрсұлтан Назарбаевты таңдап, бұл жолы да Елбасына деген шынайы сенімі мен сөзсіз қолдауын көрсетті. Алматы қаласы бойынша 467 сайлау учаскесі, 958 мың сайлаушы бар. Айта кету керек, әрбір сайлау учаскесіне Қазақстандағы 11 партияның өкілдері, әр үміткердің сенімді адамдары бақылаушы болып бара алады. Оның үстіне, Алматыға 600-ден астам халықаралық бақылаушы келді. Мұны 467-ге бөлсек, әр учаскеге екі бақылаушыдан келеді екен. Сонда бар тараптан қатысқан бақылаушыны есептегенде, әрбір сайлау учаскесіне шамамен 17 бақылаушыдан келді деуге болады. Мұның өзі сайлаудың ашық та әділ өтуінің кепілі және нақты бір көрінісі деп айтуға болады. Қаладағы барлық сайлау учаскесінің саяси оқиғаға жақсы дайындалып, материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілгендігін айтуға тиіспіз. Еліміз өміріндегі аса маңызды саяси науқанға осындай жан-жақты дайындықпен және ұйымшылдықпен келудің нәтижесінде сайлау сәтті өтті. Халықтың сайлауға қатысу белсенділігі өте жоғары болды. Сайлау барысында сайлау учаскелерінің ешбірінде заңбұзушылық көріністері тіркелген жоқ. Ең бастысы сайлау өте жинақы, дұрыс ұйымдастырылды. Бірқатар сайлау учаскелерінде бірінші рет сайлауға қатысқан жастарға және қарт адамдарға сыйлықтар берілді. Еліміздің білікті заңгерлерінен құралған «Заңгерлер әділетті сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігі өкілдерінің, халықаралық бақылаушылардың сайлау қорытындыларының нәтижесінде жасаған мәлімдемелерінде айтылғандай, «Қазақстан Республикасындағы президенттік сайлау Конституция талаптарына сәйкес әділ және ашық өтті. Барлық учаскелерде тәртіп пен реттілік сақталды. Сайлау барасында заңға кереғар ешқандай әрекеттер байқалған жоқ. Сайлаудың шынайы өтуі елдің демократиялық бағытта дамып отырғандығын тағы бір дәлелдеп берді».
781 рет
көрсетілді0
пікір







