- TENGE MONITOR
- 18 Наурыз, 2010
Әлеуметтік қорғау Ауған ардагерлері арнайы жеңілдіктерге зәру
Кешегі күні Ауған жеріндегі соғысқа қатысқан павлодарлық жауынгерлер бүгінде әлеуметтік көмекке мұқтаж. Соның ішінде коммуналдық төлемдерге байланысты арнаулы жеңілдіктердің болғанын қалайды. Бұл туралы ардагерлердің өздері ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Қайырғали Төлендиновке жеткізді.
Жалпы, соңғы кезде облыстың коммуналдық қызмет тарифтері саласында өзгерістер аз болған жоқ. Мәселен, сумен қамту, жылу беру және канализация қызметтерінің ақысы тек биылғы қаңтар айында шамамен сегіз пайызға өсті. Ал электр қуатына келсек, жағдай басқаша. 2009 жылы электр қуатының бағасы 80 тиынға өссе, 2010 жылы ол тағы 1,11 теңгеге қымбаттады. Осы жерде Үкіметтің өндіруші станцияларға кезең-кезең бойынша тарифтер өзгерту құқығын бергенін айтып өту керек. Соңғы кезде станциялардың құрал-жабдықтары тозғаны, сонымен бірге оңтүстік өңірлердің энергия тапшылығын көріп отырғаны осындай шешімге себеп болды. Оның арты электр қуатының бағасына әсер етті.
Қазірде елімізде электр қуатын пайдаланудың өлшемі енгізілген. 2009 жылдың желтоқсан айынан бастап әрбір тұрғын (пәтерінде электр пешін қолданатын) бір айда 110 кВт-сағ.-тан артық электр энергиясын пайдаланбағаны жөн. Сонда төлемақысы төмендетілген тарифпен есептеледі. Ал егер шамадан асып кетсе, электр қуатының ақысы қымбаттай түспек. Мұндай сараланған (дифференцияланған) тарифтерді енгізудегі мақсат – энергия үнемдеу. Осы ретте монополист-кәсіпорындарға да қойылатын талап қатаң. Арнайы тексерулер нәтижесінде оларға ескертулер беріледі, деді Қ.Төлендинов.
Павлодар қалалық Ауғанстан ардагерлері одағының төрағасы Ғалымжан Шарапатов күні кеше жат жерде жердегі шайқасқа қатысқан жауынгерлерге жеңілдетілген тарифтер әлі де жоқтығын айтты. Қайырғали Мансұрұлының сөзіне қарағанда, заң бойынша жеңілдік жасауға мүмкіндік жоқ. Дегенмен әлеуметтік жауапкершілікті ойлайтын коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындар өздері тарапынан жеңілдік жасай алады. Мәселен, «Энергоцентр» АҚ Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 20 пайызды жеңілдік берген. Бірақ биыл ардагерлердің коммуналдық төлемдері бюджет есебінен толық өтелетін болғандықтан кәсіпорын жеңілдікті де жойды.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім бастығы Г.Камалованың айтуынша, бүгінде Ауған соғысы ардагерлеріне ай сайын 1-1,2 айлық-есептік көрсеткіш мөлшерінде тұрғын үй көмегі және әр тоқсан сайын екі АЕК көлемінде сауықтыру жәрдемақысы беріледі. Сонымен бірге жыл сайын Кеңес Одағы әскерінің Ауғанстаннан шығарылу күніне орай 5 айлық-есептік көрсеткіш мөлшерінде материалдық көмек көрсетіледі. Ауған соғысының ардагерлеріне салсақ, мемлекет тарапынан берілетін бұл жеңілдіктер жеткіліксіз. Қанқұйлы шайқастан мүгедек болып оралғандар отбасын асырауда біршама қиындықтар көріп отыр. Айтпақшы, олардың айтуынша, еліміздің оңтүстік облыстарында Ауған ардагерлерінің коммуналдық төлемдерін жергілікті бюджет есебінен төлеу дәстүрі қалыптаса бастапты. Өкінішке қарай, бізде ондай бастама жоқ. Үкімет тарапынан Ардагерлер туралы жеке заң қабылданса, жағдайымыз біршама жеңілдер еді, дейді күнкөріс қамын ойлаған кешегі жауынгерлер.
Еркін ЕРТІСБАЕВ,
Павлодар облысы.

1920 рет
көрсетілді0
пікір