- TENGE MONITOR
- 18 Наурыз, 2010
Базар және баға «Көкөніс жыры» қайта басталды ма?
Павлодар қаласының базарларында картоп пен көкөніс өнімдерінің бағасы өсе бастады. Осыдан бір ай бұрын картоптың килограмы 35-50 теңге тұрса, 2010 жылдың 12 ақпанындағы ресми мәлімет бойынша базарларда картоптың бағасы 45-65 теңгеге жеткен.
Жалпы, көкөніс қымбатшылығы - жыл сайын көктем жақындағанда қайталанатын үйреншікті құбылыс. Мемлекеттік органдар мамандары картоп пен көкөніс бағасының қымбаттауын заңдылық деп біледі. Бұл кезде өткен жылы күзде жинап алынған мол өнім азаяды. Оған көкөніс өнімдері жылдам шіріп-бұзылатынын қосыңыз. Мұның бәрі бағаның көтерілуіне әкеледі.
Айта кетелік, Павлодар облысы өткен жылы күзде көкөніс өнімдерін қарық болды. Статистикалық мәліметке сүйенсек, облыста 231 мың тонна картоп жиналған. Жергілікті биліктің жариялауынша, мұнша көлемдегі картоп облыс халқының жылдық сұранысын үш есе өтеуге жетеді. Бірақ бір ғажабы, күз сайын осындай пікірлер айтылғанмен, қыс ортасы ауғанда баяғы «көкөніс жырына» қайта басамыз. Павлодар қаласының тұрғындары көктем айларында картоптың оңтүстік елдерден, іргедегі Қытайдан тасымалданатынын жақсы біледі. Сонда біздің өткен күзде жинаған мол өніміміз қайда? 231 мың тонна картоптың алты ай өтпей таусылып қалғаны ма? Осындай сауалдың көпшілік көкейінде туындауы әбден орынды.
Шындығында, мамандар айтпақшы, бізде жыл сайын күзде сұранысты артығымен өтейтіндей өнім жиналады. Бірақ соны сақтау жағына келгенде, шарасызбыз. Жиналған көкөністің бәрін қоймаға сақтауға қауқар жоқ. Негізінде, облыста қоймалар баршылық, бірақ солардың ішінде заманға сай жүйелермен жабдықталғаны некен-саяқ. Бұл мәселені жақын уақытта шешуге күш салынуда. Мәселен, биыл Павлодар ауданының «Эльдар» шаруа қожалығында 3 мың тонна көкөніс сақтайтын қойма ашу жоспарланған. «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының іске асырмақ жобалары бар. Бірақ мұның бәрі - келешек еншісінде. Ал әзірге заманауи қоймалардың болмауы қиындық туғызып тұр. Күз сайын павлодарлық шаруалар қолдағы өнімдерін арзан бағамен басқа аймақтарға сатуға мәжбүр. Онда да арзанға жөнелтеді. Өнімді сақтап, қыста жоғары бағамен сатайын десе, картоп алты ай өтпей бұзылып-шіріп кетеді. Ондайда шаруа шығынын да ақтай алмайды. Картопты қыс өтпей сатып жіберуге итермелейтін тағы себеп, көктемге қарай тұқымды орналастыратын орын қажет болады. Осының бәрі тұтынушыларды баға қымбатшылығына әкеп ұрындыратыны өкінішті.
Таяуда облыс басшылығы Павлодар қаласы мен Павлодар ауданы әкімдеріне арнайы тапсырма берді. Оған сәйкес аталмыш аудан облыс орталығын картоп және көкөніс өнімдерімен толық қамту мақсатында іргелі істерді тындыруы қажет. Бұл үшін қала әкімдігімен бірлесіп жоспарлар жасалуға тиіс. Осы істердің нәтижесі базарлардағы баға құбылыстарына оң әсері болатынынан павлодарлықтар үлкен үміт күтеді.
Еркін ЕРТІСБАЕВ,
Павлодар облысы.

1017 рет
көрсетілді0
пікір