Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 18 Наурыз, 2010

Тұлға тағлымы Ғылымның қия жолында

Еліміз экономикасының маңызды салаларының бірі – ауыл шаруашылығы болып табылады. Соңғы жылдары аграрлық сектордың ойдағыдай дамуына, оның орасан әлеуетін тиімді пайдалануға баса назар аударылуда. Осы орайда Қазақстан ауыл шаруашылық ғылымының алдында тұрған міндеттер де салмақты. Бұл тұрғыда ауыл шаруашылық өндірісін отандық ғылымның өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатындағы тыңғылықты ізденістері, өрелі істерімен көрініп келе жатқан Қазақ ауылшаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми зерттеу институты ғалымдарының ортақ іске қосып отырған үлесі айтарлықтай.

Олардың алдыңғы қатарында осы институттың лаборатория меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақтың қоғамдық ауылшаруашылық академиясының мүше-корреспонденті Тоқтар Әбілжанұлының есімі аталады.

Қостанай облысы, Аманкелді ауданының Ағаштыкөл ауылында дүниеге келген болашақ ғалым Тоқтардың әкесі Әбілжан ақсақал осы өңірге белгілі қайраткер азаматтардың бірі. Тоқтар сол уақыттағы Сарыторғай және Үрпек ауылдарындағы интернаттарда оқып, 1963 жылы Жаңаауыл орта мектебін бітіреді. Сол жылы мектеп бітірушілер бүкіл сынып болып, бір жыл ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге қалады. Жоғары білім алуды мақсат еткен ол 1964 жылдың жазына дейін шопан көмекшісі бола жүріп, өз бетінше дайындықтан қол үзбейді. Мектепте үздік оқығаны бар және жыл бойғы жақсы дайындығының арқасында Тоқтар Әбілжанұлы 1964 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылық институтының механикаландыру факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын үздік бітірген жас маманды ұстаздары институттың мал фермаларын механикаландыру кафедрасына оқытушылық қызметке қалдырады. Осы қызметте жүргенде өзінің жерлесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Сәмет ақсақалдың қызы Қадишамен отбасын құрады. Ғылыми-зерттеу жұмыстарымен тиянақты түрде айналысуды мақсат еткен Тоқтар Әбілжанұлы 1971 жылдың қазан айында Қазақ ауылшаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа ауысады.

1973-1976 жылдары осы институттың аспирантурасында оқып, ғылыми ізденісін ұштаған ол 1979 жылы «Ұрғышпен жабдықталған шөпұсақтағыштың оңтайлы өлшемдерін негіздеп жасау» тақырыбына кандидаттық диссертациясын қорғайды. Кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін мал азығын дайындау машиналарын жетілдіріп жасауға ден қойған жас ғалым оларды тәжірибелік сынақтардан өткізіп, өндіріске енгізумен айналысады.

Содан бергі уақыттың ішінде ұзын саны 17 машинаның жаңа конструкциясын жасап, өндіріске енгізіпті. Осы орайда бұл машиналарды жасау барысында қандай техникалық жаңалықтар дүниеге келді деген сұрақтың көкейге оралары анық. Бұған Тоқтар Әбілжанұлы былай деп жауап берген еді:

– Ғылымның қай саласында болсын, қалыптасқан ғылыми бағытқа үлкен өзгеріс жасайтын жаналықтар болады. Осындай жаналықтардың бірі мал азығын ұсақтағыштардың конструкциясына басты өзгерістер жасау болып табылады. Мысалы, бұрынғы шыққан машиналарда сабақты азықты ұсақтауда оның ірі көлемін өзгерту үшін ұсақтау камерасының төменгі жағы елекпен, яғни әртүрлі тесіктері бар темір елегішпен жабылатын. Өйткені, ұсақталатын сабақты азықтың орташа ірілігі қой малы үшін 20-30 мм, ал ірі қара үшін 30-50 мм болуы, яғни ұсақталатын сабақты азықтың ірілігі реттелуі керек. Бұрынғы ұсақтағыштардағы есеппен реттеу құрғақ азықты ұсақтағанда ғана жарамды, ал ылғал азықты ұсақтау барысында елек көздері бітеліп, ұсақтағыш жұмыс істей алмайтын. Осындай ұсақтағаштарды жетілдіру барысында сабақты азықтың ірілігін реттеуді ашық камерада жүргізуге болатынын дәлелдеп, осы жұмысты іске асыратын машинаның конструкциясын ойлап таптым. Бұл жаңалық Кеңестер одағының 612694 нөмірлі авторлық куәлігі болып тіркелді. Оңтайлы өлшемдерін негіздеудің арқасында осы авторлық куәлік бойынша жасалған ұсақтағыш машина арқылы енді сабақты азықты қандай ылғалдықта болса да ұсақтауға мүмкіндік туды. Сонымен бұл машина мал азығын дайындау цехтарында шөп пен сүрлемді қосып ұсақтайтын азық дайындау агрегатына айналды.

Осы жаңалықтың негізінде 100 кВт қуаты бар электрқозғағышпен жұмыс жасайтын ДИК-100 маркалі азық уатқыш-ұсақтағыш біздің зауытымызда, Павлодар облысының Ертіс ауданындағы жөндеу-механикалық зауытында, сонымен қатар Украинаның Ровень және Херсон обылыстарының зауыттарында сериялы түрде шығарылып шаруашылықтарға енгізілді. Бұл ұсақтағыш біздің зауытта шығарылған КЦО-15 маркілі мал азығын әзірлеу цехының басты қондырғысы болды. Бұл машина сағатына 17 тоннаға дейін шөп пен сүрлемді қосып ұсақтап және оны азықтың басқа да құрамдас бөліктерімен араластырып, аралас азық дайындауды қамтамасыз етті.

1980-1981 жылдары Кеңестер одағындағы осы ДИК-100 машинасы сияқты ұсақтағыш араластырғыштардың барлығы Қазақтың машина сынау станциясында салыстырмалы сынақтан өткізілді. Осы сынақтың қорытындысында біздің машинамыз бірінші орынға ие болып, Мәскеуде және Алматыдағы шаруашылық жетістіктерінің көрмелерінде көрсетілді. Осының нәтижесінде мен бірінші дәрежелі дипломмен марапатталып, «КСРО өнертапқышы» атағына ие болдым. Одақтық «Уақыт» бағдарламасына шығып, сөз сөйледім. Сонымен бұл әдіс қазіргі уақытта қолданыстағы барлық ұсақтағыштарда пайдаланылып келеді.

Тоқтар Әбілжанұлы осы жылдары мал азығын дайындау цехтарына шөп пен сүрлемді мөлшерлеп беруге арналған машиналардың жаңа конструкциясын (№914007, №1535488 авторлық куәліктер) және азық дайындау агрегаттарының да жаңа конструкцияларын (№694208, №1500557, №1431831, №1549503, №1547776, №1599087, №1676506, №1704693 авторлық куәліктер) негіздеп, жасады.

Осы өнертапқыштыққа берілген авторлық куәліктердің нәтижесінде мал азығын дайындау цехтарында шөп пен сүрлем мөлшерлегіштерінің, КТУ-10 азықтаратқышының және ПЗМ-1,5 машиналарының базаларында мөлшерлегіштердің жаңа конструкциясы жасалып, өндіріске енгізілді. Ал, мал азығын дайындау агрегаттарының АКП-90 және АКП-40 маркілі машиналарымен азық цехтары жабдықталды.

Осындай шаруашылыққа кең таралған машиналардың оңтайлы өлшемдерін негіздеу және бұл қондырғыларда жүретін үдерістердің теориялық негізін жасап, дәлелдеудің арқасында, яғни көз майын тауысқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 1994 жылы докторлық диссертациясын да ойдағыдай қорғады.

Құнарлы құрамажем дайындау тізбегінің жалпы көрінісі

Тоқтар Әбілжанұлы 1991 жылдан бері мал азығын дайындау процестерін механикаландыру лабораториясының меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Тәуелсіз еліміздің экономикасы нарықтық қатынастарға көшкеннен кейінгі жылдарда бұрынғы колхоз-совхоздар таратылып, олардың орнында шаруа қожалықтары, ұсақ шаруашылықтар пайда болды. Ірі шаруашылықтарға арналған үлкен ауқымды азық дайындау техникаларын бұларда пайдалану тиімсіз болды. Және ондай техникаларды сатып алуды ұсақ шаруашылықтардың жағдайы да көтермейтін. Еліміздің ауыл шаруашылығындағы осындай өзгерістерді ескерген өнертапқыш-ғалым 2001-2005 жылдары шағын шаруа қожалықтарына арнап ДИК-1,5, ДИК-2,2 кішігірім уатқыш-ұсақтағыштың (№11247 Қазақстан Республикасының патенті), СК-1 шағын араластырғыштың (№11297 Қазақстан Республикасының патенті), АКМ-4 және ДУ-11 маркілі әмбебап мал азығын дайындау агрегаттарының (№14433 Қазақстан Республикасының патенті), сонымен қатар ірі шаруашылықтарға арналған әмбебап жинағыш-ұсақтағышының (№9472 Қазақстан Республикасының патенті) және құнарлы құрамажем (комбикорм) дайындайтын тізбектің конструкцияларын жасатып, салааралық сынақтан өткізіп, өндіріске енгізеді.

Ғалымның айтуынша жоғарыдағы кішігірім уатқыш-ұсақтағыштар болсын, сондай-ақ мал азығын дайындау агрегаттары болсын, бәрі де әмбебап машиналар. Бұлар шөпті, сүрлемді, дәнді дақылдарды және жүгері собығын ұсақтауды, сонымен қатар шөп пен сүрлемді қосып ұсақтап аралас азық және ұсақталған азық бөліктерін араластырып, құнарлы құрамажем дайындауды қамтамасыз етеді. Яғни шарушылықтағы мал азығын дайындау үдерісінің барлығын да атқара алады.

Соңғы уақыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері және оның қаржыландырылу жайы туралы Тоқтар аға өз ойын былай сабақтады:

– 2001-2005 жылдардағы зерттеулерім жемісті болды деп айтуға болады. Бұл жылдары 5 машина (ДИК-1,5, СК-1, АКМ-4, ДУ-11 және жинағыш-ұсақтағыш) мен құнарлы құрамажем цехының өлшемдері негізделіп жасалды. Бұл машиналардың бәрі салааралық сынақтан өтіп, сынақ қорытындысында өндіріске қойылсын деген ұсыныс қабылданды. Олар Алматы, Ақмола және Маңғыстау облыстарының кейбір шаруашылықтарында пайдаланылып, өндірістік сынақтан жақсы өтті. Осы еңбегімнің нәтижесі болар 2002-2003 жылдары президентік стипендияның иегері атандым.

Бірақ соңғы жылдары ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру жайы қиындап кетті. Мәселен, үш жылдық мерзімге жобалар ұсынылып, сараптамадан өткен жобалар ғана қаржыландырылады. Ал, шындығына келгенде ешқандай сараптама жоқ, қаржыландырудың жайы таныстыққа байланысты шешіліп жатыр.

Мысал ретінде өз басымнан өткен жайларды айтсам да жетеді. 2006-2008 жылдар аралығындағы үш жылдық мерзімге жоба ретінде жаңа үш машинаны жасап, өндіріске енгізудің жобасын ұсындым.

Оның бірі – шөпті 1,5-2 күннің ішінде тез кебетіндей етіп шауып, жалға түсіретін машина. Бұл машинаның негізгі жаңалығы жалдың астын қуыс етіп күмбездеп жерге орналастыру және күмбезделген жалдың үстінен, бүйірлерінен тесіктер жасап кету. Осы күмбезделген жалдың екі шетінен және бүйір тесіктерден ауа кіріп тұратын болғандықтан жалдың асты да, үсті де шамамен бір уақытта кебеді, яғни бұл әдіс шөп құнарының барынша сақталуын қамтамасыз етеді. Бүгінде бұл мәселемен дүние жүзінің бар елі айналысуда. Мысалы, немістердің жаткілері бар. Олар шөп қалың болған жағдайда жалды бөліп тастап кетіп отырады. Бірақ бұл жағдайда да жалдың асты жерде жатады да, тез кеппейді. Асты кепкенше, үстіңгі жағы қурап құнарын жоғалтады. Сонымен осындай машина (жатка) жасалатын болса, дүниежүзілік проблема шешімін тапқан болар еді. Қазіргі таңда осы жаңалыққа патент алу үшін өтініш бердік.

Екінші машина – жалға түскен шөпті жинап, ұсақтап көлікке тиейтін қондырғы, яғни мал азығын жинайтын комбайн. Жоба бойынша бұл комбайнды шөпті ұсақтап дайындауға, сүрлемшөп әзірлеуге (45-60% ылғалдыққа дейін дегдіген шөпті жалдан ұсақтап, арнаулы шұңқырға салып, жауып әзірлеу) және сүрлем (силос) дайындауға да пайдалануға болады. Және бұл машинамен қыс кезінде тұрақты жағдайда сабақты және дәнді азықтың барлық түрін ұсақтауға болады. Қазіргі уақытта мұндай әмбебап машина шығарылмайды. Бұл машинаның конструкциясын жасау барысында оған жаңа жинағыш (патент алынған) және жаңа жетек механизмдерінің (инновациялық патент алынған) қойылуы жобаланған.

Ал, үшінші – осы ұсақталып дайындалған шөпті, сүрлемді және сүрлемшөпті дәнді дақылдармен араластырып аралас азық дайындап, мал қораларындағы науаға таратып беруге арналған таратқыш-араластырғыш машина. Сонымен бұл жоба бойынша мал азығын жазда әзірлеп, қыста дайындап тарату үшін жалпы салмағы 5 тонна болатын үш-ақ машина керек. Ал, бүгінде бұл жұмыстарды жалпы салмағы 27 тоннадан асатын 12 машина іске асырады, яғни аталған жобаны өндіріске енгізудің нәтижесінде шаруашылықтың қазіргі уақыттағы шығынының 5-6 есе кемитіні даусыз.

Өкінішке орай, қаржыландыруға ұсынылған бұл жобамыз 2005 жылдың күзіндегі сараптама қорытындысынан өтпей қалды. Онымен қоймай, осы жылы өткен бес жылдықтың қорытындысы бойынша үлкен жетістікпен бірінші орыннан көрінген, институттағы жетекші зерттеу орталығы болып табылатын біздің лабораториямыз да жабылып қалды. Бірақ зерттеу жұмыстарын тоқтатпадым. 2006-2007 жылдаң күзіне дейін кішігірім тайлап шөп әзірлейтін машинаның жобасын жасаумен айналыстым.

2007 жылдың күзінен бастап 2009 жылдың күзіне дейін Астанадағы агро-техникалық университетінде оқытушы-профессор ретінде дәріс оқыдым. Осы университет қабырғасында жүргенде жоғарыда айтылған жобаны 2009-2011 жылдардағы үш жылдық бағдарламаға тағы да ұсынған болатынмын. Басында министрлікке шақырып, сіздің жобаңыз өтетін болды деген еді.. Арада он шақты күн өткеннен кейін хабарласқанымда, министрліктегілерден жобаның кейбіреулер тарапынан қолдау таппағанын естідім. Осылайша, ауыл шаруашылық өндірісіне қажетті жоба қаржыландырылмай қалды. Өндіріске пайдалы ма, жоқ па, мәселе онда емес. Міне, сараптаманың бүгінгі жағдайы осындай болып тұр.

Қазақстандағы ауыл шаруашылығын механикаландыру саласындағы белгілі ғалым Тоқтар Әбілжанұлы 2009 жылдың күзінде Қазақ ауылшаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының жаңа басшысы Сейітқазы Асылсейітұлы Кешуовтің шақыруымен Алматыға, өзінің бұрынғы қызмет орнына қайтып оралды.

Ауыл шаруашылық өндірісіне енгізілген 17 машинаның авторы – бас құрастырушысы, бұларда жүретін үдерістердің ғылыми негізін салушы ғалым Тоқтар Әбілжанұлының бүгінге дейін бір монографиясы («Основы разработки машин для приготовления стебельных кормов». – Алматы, 2001. – 180 с.) және оқулығы («Кормоприготовительные машины для крестьянских хозяйств и других агроформирований». – Астана, 2007. – 200 с.), 109 ғылыми мақаласы жарық көрді. Жоғарыда аталған ауыл шаруашылығында азық дайындауға арналған машиналардың техникалық жаңалығын қорғағаны үшін оған 24 авторлық куәлік, Қазақстан Республикасының патенттері берілген.

Тоқтар аға мен Қадиша апай 2 ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкендері Талғат құрылысшы, ал Данияр әкесінің жолын қуған ғалым, техника ғылымдарының кандидаты.

Жаратылыстың сырын білуге деген талпыныс инемен құдық қазғандай ғылым жолына әкелген Тоқтар Әбілжанұлы өзінің ой-қиялын зерделі зерттеулермен қатар кейде өлең жолдарымен де өрнектейтіні бар. Жаңалыққа, жақсылыққа жаны іңкәр, қашан да ізденіс үстінде жүретін ғалымға ел игілігі жолындағы еңбегіңіз жемісті болсын дейміз.

Бекет КӨКЕНАЙҰЛЫ

ҒACЫPЛAP ТОҒЫСЫНА ТІЛЕК

(Ой толғау)

Адамзат өмір жолында,

Өтіпті талай ғасырлар.

Білікті ойдың басында,

Тұрыпты талай асылдар.

Ғылым мен білім дамытқан,

Туыпты талай ойшылдар.

Мойнына кигеи қамыттан.

Құтылмай кеткен жайсаң бар.

Саралап тарих көрсеңіз,

Ізі бар артта жалынды.

Шығарып салып тұрмыз біз,

Шыріалаң жолды ғасырды.

Темір тұлпар малдандық,

Шығатын озып жарыста. Жүйткіген жүйрік жылдамдық,

Самғатты бізді ғарышта.

Желбіреп тұр көгінде,

Егемен елдің байрағы.

Жастарға тілек бұл күнде,

Еліңнің болшы қаймағы.

Еліңді ерен дамытшы,

Бақыттың сара жолымен.

Қайратты болшы, жалынды,

Меңгерген өнер тобымен.

Темір тұлпар самсаған,

Дүбірлеп қазақ даласы.

Десінші мұны жасаған,

Қазақтың қара баласы.

Халықты, жерді көркейтсін,

Жиырма бірінші жүзжылдық.

Арнасын елдің кеңейтсін,

Туатын осы мыңжылдық.

ТОРҒАЙ

Сабаның сансыз саласы,

Бастауы, маржан тумасы.

Жиылып ағып бip арна

Нәрленді Торғай даласы.

Суында балық ойнаған,

Жағасын халық жайлаған.

Еліме асыл құт мекен,

Даламның көркі жайнаған.

Арқаның Торғай сылқымы,

Елімнің нәрлі сусыны.

Жағаңның жары, құм, талың,

Сағыныш сазы, жыр соны.

Шалғыны жасыл<span style="color: black; letter-spacing: .45pt; mso-ansi-language: KZ;" lang="KZ"> жағаңның,

Егіні асыл далаңның.

Ык,ылас, шексіз махаббат,

Арналды жыры балаңның.

ЖАҢА ҒACЫPҒA ТІЛЕК

Мыңжылдық, жаңа ғасырым,

Жеріме толық еніп тұр.

Қыраным, көк байрағым,

Еліме көрік беріп тұр.

Бақытқа елім бөленіп,

Қуаныш, күлкі мол болсын.

Еңбегім ерен еленіп,

Шаттыққа бастар жол болсын.

Даламнын дәні, қырманым,

Телегей теңіз шалқысын.

Іске асып, асыл арманым,

Қзанда болат балқысын.

Ағайын, жаран, жолдас, дос,

Жолымыз тура, сәт болсын.

Денсаулық, бірлік, мол табыс,

Әрқашан бізге құт болсын.

1173 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз